Сәлем хат
Қазіргі заман сарбаздары үй ішіне деген сағынышын қалай жеткізеді? Олар өз сағынышын хат арқылы жеткізетінін айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Қазіргі күні бір-біріне хат жазатын жандар өте сирек шығар. Ақпараттық технология өмірімізге дендеп енгелі, қолымызға қалам ұстамайтын да болдық. Ойымызды ватсап арқылы жаза саламыз, оның өзінде де қаптаған смайликтер-ақ біз үшін «сөйлеп», «айтып» береді барлық жаңалықты. Тіпті болмаса, бейнеқоңырау арқылы да тілдесе қоямыз. Ал ҚР Ұлттық ұлан сарбаздары отбасына деген сағынышын хат арқылы жеткізді. Кәне, бірге оқып көрейік.
Ұлттық ұланның Алматы қаласындағы 7552 әскери бөлімінде қызмет етіп жатқан қатардағы жауынгер Жұмашев Ырыскелді Қиялбекұлы Жамбыл облысындағы Меркі ауданына қарасты Меркі ауылында тұратын ата-анасы Қиялбек Тәліпұлы мен Сәуле Еңсебекқызына былайша хат жазды.
Амансыздар ма, қымбатты менің әкешім, анашым?! Хал-жағдайларыңыз, денсаулықтарыңыз қалай? Мәриябүбі әжем қуатты отыр ма? Қылымгүл әпкем қалай? Ауыл-ел тегіс аман ба?
Ал өзіме келетін болсам, жағдайым жақсы. Әскери қызмет ойдағыдай. Алматыға күз келіп, күн көзі күңгірт тартып тұр. Мұндай ауа райының аздап еңсені езетіні бар. Енді бір айдың көлемінде, Алла қаласа, қызметімді аяқтап, үйге ораламын. Сол күнді асыға күтіп жүрмін.
Ұлттық ұлан қатарында қызмет еткенімді әрқашан мақтан ететін боламын. Мен үшін әскер үлкен мектеп болды. Ең бастысы, ең жақын адамдарым, ата-анам, бауырларым, туыстарым және туған жерімді бұрынғыдан бетер қадірлей түстім. Уақыттың қадірін білдім, еңбектің наны тәтті дегенді түсіндім. Әскерден мен мүлдем басқа адамдай, өмірге жаңаша қарайтын азамат болып ораламын! Әскерден оралып жатқан менің сыныптастарым да солай ойлайтын шығар деп сенемін.
Мама, папа, мен сіздерді әрқашан құрмет тұтамын! Көріскенше аман-сау болыңыздар!
Сәлеммен, ұлдарыңыз Ырыскелді.
МЕНІ ШЫҢДАЙ ТҮСТІ
Ұлттық ұланның Қызылорда қаласындағы 5547 әскери бөлімінде қызмет етіп жатқан қатардағы сарбаз Қоңырбайұлы Мақсаттың әкесі Қоңырбай Мұхамедиярұлы мен анасы Анаргүл Ысқаққызына жолдаған сәлем хаты не дейді?
Сәлем бердік, құрметті папа, мама! Хал-жағдайларыңыз қалай? Мама, ауырмай, жақсы жүрсіз бе? Мені уайымдай бермеңіз. Менің хал-жағдайым жақсы. Мен ер жігітпін ғой, Отан алдындағы борышымды өтеуге келдім. Бұл – менің міндетім. Сондықтан, мама, сіз көп алаң болып, ойлай бермеңіз! Менің қызметім жақсы. Әскерге келгенім кеше сияқты еді, міне, бір жылға жуық уақыттың қалай өткенін байқамай да қалыппын. Әскери қызмет өте қызықты. Үйренгенім де көп, жолдастарым да көп. Командирлер бізге барынша көп білім беріп, мықты, рухты болуға тәрбиелеуде. Әскердің тәртібі мені шыңдай түсті. Ұлттық ұлан сарбазы болғаныма қуанамын. Ұландағы қызметім менің болашақ өміріме үлкен жолдама болатын болды.
Өзім туралы қысқаша осылай. Ауыл-аймақ аман ба? Өтегендегі жақындар, Кегендегі туыстардың хал-жағдайлары қалай? Бәріне менен сәлем айтыңыздар!
Сәлеммен, ұлдарыңыз Мақсат.
ҚЫМБАТТЫЛАРЫМ МЕНІҢ!
Ұлттық ұланның Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінде қызмет етіп жатқан қатардағы Құсайынов Хасен Қайратұлының әкесі Қайрат Құсайынұлы мен анасы Гауһар Әскерқызына жолдаған сәлем хатын да оқып көрсек.
Сәлеметсіздер ме, анашым, әкешім, інім, қарындастарым! Денсаулықтарыңыз жақсы ма?
Әскерге келген алғашқы айдың қиын болғаны рас, ант қабылдаған күннен кейін үйреніп кеттік. Таңертең ерте тұру, әскери тамаққа үйренісе алмау, ұйқы да қанбай, тәтті-ащы жегіміз келіп, біраз дел-сал күйге түскеніміз тағы шындық. Үйді сағынып, құдды бір басқа әлемге келгендей болдым.
Бірақ намысқа тырысып, жолдастардың, командирлердің көмегімен тез арада әскер өміріне төселіп үлгердім. Ол күндер де сырғыды, артынан айлар өтті. Шыны керек, әскерде уақыт деген зулайды екен. Осылайша апта артынан апта өтіп, қызметімнің он бірінші айына да жетіп қалыппыз. Бұйырса, бір айдан соң өздеріңізге аман-есен ораламын.
Әскер қызық пен шыжыққа толы. Жаңа достар таптым. Әскер маған ата-ананың, үйдің қадірін түсінуді үйретті, мұнда келгеніме еш өкінбеймін. Кезінде «әскерге барамын» дегенімде, маған қолдау көрсеткендеріңізге алғыс айтамын.
Көріскенше күн жақсы болсын, қымбаттыларым!
Сәлеммен, ұлдарыңыз Хасен.