Тәуелсіздік құрдасы, «Болашақ» түлегі, бүгінде Ұлыбританиядағы Борнмут университетінде білім алып, ғылыммен айналысып жүрген 3 курс докторанты Қожабек Әсемгүл Бауыржанқызы Almaty-akshamy.kz-ке берген сұхбатында шетелдегі өмірі, онда атқарып жатқан ғылыми жұмыстары жайлы айтып берді.
Өмір белесі
Әсемгүл Бауыржанқызы өзінің дүниеге келуі, мектеп табалдырығын аттап, жоғары оқу орнына түсуі еліміздің айтулы даталарына сәйкес келетіндігін ерекше мақтанышпен айтады. Ол 1991 жыл - еліміз Тәуелсіздік алған жылы Алматы облысының Жансүгіров ауылында дүниеге келген. Ал 1997 жылы «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңы қабылданған жылы Әсемгүлді ата-анасы ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын қазақ мектебіне беру жөнінде шешім қабылдапты. Тағы бір айтарлығы, 1998 жылы Астананың ресми тұсаукесері жасалып, астана күні алғаш тойланған жылы – Әсемгүл де Алматыда алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, әліппемен танысқан. Тағы бір қызық мәлімет, 2019 жыл Қазақстанның Тұңғыш Президенті өз өкілеттілігін тоқтатып, келесі президенттің басшылыққа келуі кезеңінде Әсемгүлдің отбасында да жаңа өзгерістер орын алып, ата-аналарының ақ баталарымен Асқар мен Әсемгүл жаңа өмірге қадам басып, шаңырақ көтерген. Дәл осы жылы олар білім-ғылым ізденісі жолында отбасымен Ұлыбританияға аттаныпты.
«Тәуелсіз елде туып өскеніміз мен үшін, менің құрдастарым және одан кейінгі ұрпаққа оңды нәтижесін көрсетті деп сенемін», - дейді Әсемгүл Қожабек.
Ақылды қала
Біздің кейіпкер мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, мемлекеттік грантпен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика математика факультетінде «математикалық және компьютерлік модельдеу» мамандығы бойынша білім алған. Бакалаврды тәмамдағаннан кейін магистратура сатысы негізінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Ковентри қаласындағы Уорик Университетінің (Warwick University) «Инженерлік және бизнес басқару» (Engineering and Business Management) мамандығына оқуға түсіп, оны үздік аяқтайды. Кейін үш кезеңді іріктеуден өтіп, Ұлыбританиядағы Борнмут университетіне Phd-докторантураға оқуға түскен. Докторантураның 3 курсында оқып жүрген ол Ұлыбританияның Борнмут қаласының әкімшілігі мен Борнмут университетінің (Bournemouth University) грантын ұтып алып, бүгінде ғылым және технология факультетінде «Ақылды қалалар үшін ақылды транспорттық жүйелер» (Smart transportation networks for smart cities) тақырыбын зерттеп жүр.
Зерттеу нәтижесі
Оның айтуынша, Борнмут қаласы Ла-Манш бойындағы туристік қала (еуропалық рейтингте 4-ші жағажай), жаз мезгілінде демалушылар жан-жақтан келеді. Сол кезде қала қозғалысы күрделене түседі. Борнмут Лондон, Манчестер деген ірі қалалардан соң Ұлыбританиядағы көлік кептелісі бойынша 4-ші қала екен. Сондықтан жергілікті әкімшілік, көлік қозғалысын реттеу үшін ғалымдардың көмегіне жүгінеді. Қазақстаннан барған жас ғалым сол топтың бір мүшісі.
«Менің зерттеуім жолдағы сенсорлардан жиналған деректерді тиімді пайдаланып, қала қозғалысын реттуге бағытталған. Зерттеу сәтті нәтижелер көрсетсе, Борнмут қаласының әкімшілігі қала қозғалысын реттеу үшін қолдануға енгізеді. Жолдағы сенсорлар қай уақытта қанша жеңіл көлік, велосипед қандай жылдамдықпен өткенін жадыда сақтап отырады. Осы мәліметті тиімді пайдалана білу менің зерттеуімнің бір бөлігі. Бұл үлкен ауқымдағы деректермен жұмыс, оны есептеу үшін машиналық оқытуды қолданамын (machine learning). Алгоритмдерді желілік ғылым (network science) және эпидемиялық теория (epidemiology theory) негізінде жазамын. Желілік ғылым бойынша, қала көшелері мен қиылыстарын «негізгі» (core) және «қосалқы» (periphery) бөліктерге бөліп қарастырамын. Негізгі деп танылған көшелерді зерттеуге көбірек уақыт бөлеміз», - дейді ол.
Зерттеушінің айтуынша, негізгі және қосалқы көшелер, деректерді талдау арқылы анықталады. Соның салдарынан, халықтың арасында қаланың басты көшесі деп саналатын көшелер, деректерге сүйенсек қосалқы болып шығуы мүмкін. Бұл жерде «сандар сөйлейді» деген ұғым жақсы үйлесетін көрінеді.
Көшедегі көлік кептелісі қалай зерттеліп жатыр
«Кептелістің қала көшелері бойынша тарауын, халық арасында эпидемияның тарауымен салыстыра отыра зерттеймін. Әдетте ауырған адам қасындағы ең жиі қарым-қатынасқа түскен адамға жұқтырса, кептеліс болған көше де ең алғашқы болып көршілес көшедегі қозғалысты қиындатады. Бұл салыстыру бізге кептеліс таралуы мен жойылу ұғымдарын бәріне түсінікті ортақ ұғыммен түсіндіруге көмектеседі». Көпсалалы (multidisciplinary) және пәнаралық (interdisclipinary) мамандықтармен зерттеулер жасау ұтымды деп санаймын. Қазақстанда бакалаврда оқып жүргенде математика мен қатар программалау тілдерін үйретуге бағытталған мамандықты таңдадым. Магистратурада инженеринг пен қатар бизнес негіздерін оқыдым. Қазіргі таңда кептеліс деңгейін төмендету жолында деректер ғылымы (data science), желілік ғылым (network science), эпидемиология теориясы (epidemiology theory), кодтау (coding) тағы басқа пәндерді ұтымды қолдануға тырысамын», - дейді Әсемгүл Қожабек.
Отбасымызда тек ана тілімізде сөйлейміз
«Үш тілде еркін сөйлеймін. Әр тілдің өз функциясы бар, қажеттілікке байланысты біреуі алға шығып, ойлау тіліне айналады. Аудармадан гөрі, әдебиетті, фильм, подкасттарды түп нұсқасында оқуға тырысамын. Қазақ тілі – ана тілім және негізгі ойлау тілі, алғашқы білім алу тілім, сезімімді білдіру тілі. Туыстарыммен, достарыммен қарым қатынас тілі. Қазақ әдебиетін, еліміздің жаңалықтарын ана тілімізде қабылдаймын. Ең маңыздысы, ұлымызбен қарым қатынас тілі ол – қазақ тілі (мультфильмдерді іріктеп ағылшын тілінде қабылдайды). Ал ағылшын тілі – маман ретінде қалыптасу тілі, әріптестеріммен қарым-қатынас орнату тілі, зерттеуім туралы ойласам бірден осы тілде ойлана бастаймын. Қазіргі таңда мен үшін ағылшын тілі ізденіс тілі, ғылыми мақалалар мен заманауи шығармаларды ағылшынша тұтынамын. Орыс тілі – орыс тілді достармен қатынас үшін және орыс классикалық әдебиетін тұтыну үшін көмекке келеді. Бірақ ең сирек қолданылады», - деген пікірімен бөлісті ол.
Үш тілден бөлек ол программалау тілдерін де меңгерген. Программалау тілі – Python және C++ бағдарламалау тілдері код жазу үшін қолданылады. Біздің кейіпкеріміз бұл «тілдерді» ғылыми зерттеуін жүзеге асыру барысында қолданатындығын жеткізді.
«Қазақстанда мехматта есепті шығаруда қиналып, группаластар арасында орта деңгейдегі математик болсам, Британияда математикаға байланысты сабақтарда ең мықты студент болдым. Қазақстанда есепті шығару жолдарын үйренсем, Ұлыбританияда «Бұл есепті шығарсам қандай пайда?», «Бұл есептің шешімін қай жерде қолдана аламын?», «Бұл есеп қалай құрастырылған және мен осындай есеп құрастыра аламын ба?» деген сұрақтарға жауап алуға үйрендім», - дейді Әсемгүл Бауыржанқызы.
Борнмут университетiнде ғылым және технология факультетінде оқып жатқан бірінші қазақстандық PhD студент
Қазақстанның Ұлыбританиядағы өкілі Әсемгүл Қожабек өзі білім алып жатқан Борнмут университетiнде ғылым және технология факультетінде оқитын бірінші Қазақстандық PhD студент екен. Оған қоса, білім алып, ғылыммен айналыса жүріп алғаш сәбилі болған да Әсемгүл екен. Әріптестері мен жергілікті достарының Қазақстан жайлы пікірі өзі арқылы қалыптасатынының жақсы ұғынатын ол, қашанда көштің алдында жүруге тырысады.
Шетелде жүріп магистрлік диссертацияларға жетекшілік етуде
Әсемгүл Қожабек магистрлік диссертация жұмыстарына жетекшілік ететін студенттер Индия, Оңтүстік Корея, Германия, Қытай елдерінен келген.
«Өзім жетекшілік ететін студенттерді бақылау арқылы Азия елдерінен келген студенттер, әдетте ұяң келетінін байқаймын. Көбіне сұрақ қоюға қысылады, мен оларға өз ойларын ашық жеткізуіне, өздерін еркін ұстап, сұрақ қоюда қысылмауға түсіндіруге тырысамын», - дейді докторант Әсемгүл.
Оның айтуынша, жергілікті және еуропалық студенттердің басым көпшілігі өздерін еркін ұстап, оқытушымен келіспеген тұстарын қысылмай жеткізе біледі. Алайда, сабақты аяғына дейін нәтижелі жеткізуге деген ынталарын оңай жоғалтып жатады. Осындай кезде, нәтижеге жетелеу үшін бірге жоспар құрып, қосалқы қызықтыру жолдарын іздейтіндігін айтады. Әр студенттің қажеттілігі мен қызығушылықтарын ескеруге тырысады.
Ата-анам мен отбасыма алғысым шексіз
«Қазақ балаларының ерекшелігі әрдайым ең бірінші алғыстарын ата-аналарына білдіріп жатады. Бұл дұрыс үрдіс деп санаймын. Осы мүмкіндікті пайдалана отыра, ата-анама бала кезімнен кішкентайсың демей, отбасылық сұрақтарда менің пікірімді сұрап, көзқарасыммен санасқандары үшін алғыс білдіремін. Қазіргі кезде кез-келген ортада өз ойымды еркін білдіріп, өз позициямның артықшылығын көрсете аламын. Мақсаттарыма жету үшін қолайлы орта жасап, қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтамын. Ата-анам қазақ тілі мен дәстүрін үйрете отыра, басқа да мәдениеттердің озығын алуға үйретті. Отбасыма, жақындарыма, ортама, жолдасыма және ұлым Диярға қолдаулары үшін рахмет айтқым келеді», - деді Әсемгүл Бауыржанқызы.
Отбасына ерекше көңіл бөледі
«Отбасымызда бала тәрбиесіне ерекше мән береміз. Уақытымызды тиімді өткізуге арнаймыз. Ұлыбританияның басқа қаларына саяхаттаймыз. Жазда көбіне өзіміздің Борнмутта суға түсеміз. Аққу, үйректерге нан береміз. (ред. жымиды). Бұл жақта құстардың түр-түрі бар, тиіндер аулада жүреді, бұрын ҚазҰУ қалашығында дәл осылай еді. Түлкіні де жиі кездестіреміз», - дейді ол.
Ол Борнмут университетіндегі мұсылман студенттер қауымдастығына мүшелік етеді әрі үйлестірушілердің қатарында. Арасында бас қосып ауызашар ұйымдастырып, құрбан айтты бірге тойлады екен.
Әсемгүлдің айтуынша, Ұлыбританияда мықты қазақ азаматтары мен азаматшалары көп. Олардың бірі Google-да код жазса, бірі әлемнің жан-жағынан келген студенттерге мұғалім болып жүр. Олардың бәрінің түп мақсаттары – халықаралық деңгейдегі маман болып қалыптасып, адамзат дамуына үлес қосу. Олар үшін өз Отанының мүддесі қашанда жоғары тұрады.
Шет елде жүрген әр студент, маман өзін Қазақстанның brand ambassador-ы санайды
«Тәуелсіз елде туғанымды мақтан тұтамын әрі тәуелсіз екенімді сезінемін. Маған бұл бір қуат беріп тұратын секілді. Қазіргі ортамның Қазақстан жайлы пікірі маған байланысты қалыптасатынын ескеріп, озат студент, ынталандыратын оқытушы болуға тырысамын. Меніңше, біздің елдің басты құндылығы – Қазақстан азаматтары. Шет елде жүрген әр студент, маман біздің елдің елшісі (brand ambassador) деп есептеймін», - деп қорытындылады Әсемгүл Қожабек.