Қазақ қызы "Реал Мадридте": Павлодардан Бернабеуге дейінгі жол

Қазақ қызы "Реал Мадридте": Павлодардан Бернабеуге дейінгі жол Әлеуметтік желіден

Қазақ қызының аты аңызға айналған "Реал Мадридке" жұмысқа орналасуы ертегі сияқты естілуі мүмкін. Бірақ Альбина Бунескудың өмірі – аңыз емес, табандылықтың нәтижесі. Павлодарда қарапайым мектепті бітіріп, болашағын қаржы саласында елестеткен кейіпкер бүгінде әлемдегі ең ірі футбол клубтарының бірінде – "Реал Мадридтің" стадион маркетингі бөлімінде жұмыс істейді. Аqshamnews.kz тілшісі "футбол жұмағында" жұмыс істеп жатқан кейіпкермен сұхбаттасты. 

КИМЭП-тен Кастильяға дейін

Альбинаның маркетингке деген махаббаты алғаш КИМЭП университетінің аудиториясында оянған. Ол бизнес-әкімшілік мамандығына түскен соң, алғашқы сабақта-ақ өз бағытын тапқанын түсінді. Университетті 2012 жылы бітіргеннен кейін, осы салада 13 жыл жұмыс істеп келеді. Алғашқы бес жыл – жалдамалы қызметкер ретінде, кейін жеке маркетинг агенттігін ашып, бизнеске стратегия әзірлеумен айналысады.

Спортқа деген қызығушылығы да кездейсоқ пайда болмаған. Екі рет Sport Fest Astana көрмесін ұйымдастырып, спорт саласындағы әлеуетті байқаған Альбина бір сәтте шешім қабылдайды: одан әрі білім алып, спорт маркетингке бет бұруға шешім қабылдайды. Бұл мақсатта ол Астанадағы баспанасын сатып, алған ақшаны оқуына құйып, шетелде білім алуға бел буады.

Real Madrid Universidad Europea – футбол арманының мекені

Альбина Real Madrid Universidad Europea университетіне спорт маркетингі бойынша оқуға түседі. Оқу барысында тек футбол емес, теннис, автоспорт, марафон сынды түрлі спорт түрлерінің жобаларына қатысады. "Puma", Davis Cup, BMW және Madrid Marathon секілді алыптармен жұмыс істейді.

"Оқу жылы басталғанда бізге үздік төрт студентке "Реал Мадрид" футбол клубында жұмыс істеу мүмкіндігі берілетіні айтылды. Шынымды айтсам, үздіктер қатарына кіруді мақсат етпедім, тек оқудан ләззат алдым. Жыл аяғында үздік төрт студентті атады, мен солардың қатарында болдым. Бұл мүмкіндік үшін қатты қуандым", - дейді ол.

Ешқандай бәсеке мақсат етпей, барынша ләззатпен оқыған ол Бернабеу стадионының маркетинг бөліміне таңдалады.

Bernabéu Stadium

Қазір Альбина – стадион маркетингінің нақты қазанында қайнап жүрген маман. Матч күндерінен бөлек, стадионның өмірі толассыз екенін біледі. Концерттер, көрмелер, корпоративтік шаралар – мұның бәрі қаржы көзіне айналуға тиіс. Альбина осы экожүйені дамытумен айналысады. Жақында ғана Нью-Йоркке барып, төрт стадионды зерттеп келген. Енді алған білімін "Реал Мадридтің" пайдасына жаратып келеді. 

"Реал Мадрид" дегенде ең алдымен ойға келетін нәрсе – ресурстың ауқымы. Мұндағы жоба, идея, адамдар саны мен жаһандық ауқым - кез келген маманның кәсіби арманы. Алайда мұндай брендте шешім қабылдау да оңай емес – әр жоба мұқият сараланып, брендтің құндылықтарына сәйкес келуі тексеріледі", - дейді Альбина. 

Кейіпкердің айтуынша, спорт - ерлер басым бағыт. Бірақ тенденция өзгеріп жатыр: биыл алғаш рет ол оқитын топта қыздар саны жігіттерден асып түсті. Демек, әйелдер де спорттағы маркетингке қызығушылық танытып жатыр. 

"Болашағымды Қазақстанда көремін"

Альбинаның үлкен мақсаты – алған білім мен тәжірибесін Қазақстанға алып келу. Бүгінде елімізде спорт нысандары көптеп салынып жатқанымен, оның көпшілігі дұрыс пайдаланылмайды. Альбина бұл жағдайды өзгертуге атсалыспақ. Спорт маркетингі саласында отандық мамандар аз болғандықтан, ол өз үлесін қосып, саланың дамуына серпін бергісі келеді.

"Реал Мадридтегі" жұмыс – Альбина үшін мансап емес, ерекше тәжірибе. Оның негізгі бағыты – өзінің маркетинг агенттігін спорт саласына бағыттап, халықаралық деңгейге шығару. Арманы – спорт маркетингінің қазақстандық мектебін қалыптастыру.

Қорытындылай келе, Павлодардан басталған жол Сантьяго Бернабеуге дейін жетті. Бұл – жай оқиға емес, табандылық пен ізденімпаздықтың көрінісі. Ең бастысы – өзіңе сену, тәуекел ете білу және арманнан бас тартпау.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

20:55

19:15

18:55

17:51

17:48

17:20

17:10

16:45

16:19

15:58

15:51

15:40

14:53

14:48

14:27

14:24

14:23

14:03

13:01

12:39

12:36

12:33

12:26

11:45

11:42