Бүгін – қазақ музыка тарихында «Қазақ вальсі», «Бұлбұл» әндерін және Ахмет Жұбановпен бірлесіп жазған «Абай» операсын дүниеге әкелген көрнекті композитор, Қазақ КСР халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Латиф Хамидидің туған күні. Өкінішке қарай, ұлттық музыка мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның туған күні мен шығармашылық мұрасы көп жағдайда кеңінен аталып өте бермейтін, елеусіз қалып қоятын кезеңдер де аз болған жоқ. Биыл композитордың 120 жылдық мерейтойына орай бұл олқылықтың орны толып, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «Латиф Хамиди және Қазақстанның музыкалық мәдениеті» атты республикалық ғылыми дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – көрнекті композитордың шығармашылық мұрасын қазіргі музыкатану ғылымының өзекті мәселелері тұрғысынан зерделеу, оның қазақ кәсіби музыкасының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін жан-жақты талқылау, сондай-ақ ғылыми зерттеулердің жаңа бағыттарын айқындау болды.
Дөңгелек үстел Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ғылыми-инновациялық қызмет, шығармашылық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры, өнертану кандидаты Айзада Сайфоллақызы Нүсіпова мен Болгариядағы Панчо Владигеров атындағы Ұлттық музыка академиясының Теория, композиция және дирижерлік факультетінің профессоры Емилия Кръстева Коларова-Гидишканың құттықтау сөздерімен ашылды.
Іс-шараның құрметті қонақтары ретінде композитор, Қазақ КСР халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Латиф Хамидидің немересі Ринат Радикович Хамиди мен шөбересі Эмир Ринатович Хамиди қатысты. Олардың қатысуы мерейтойлық жиынның тағылымдық мәнін арттыра түсті.

Эмир Хамиди, Ринат Хамиди, Саида Елеманова, Бейбіт Дәлденбай, Айнұр Қазтуғанова, Меруерт Мылтықбаева
Дөңгелек үстелге жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері, докторанттар мен магистранттар қатысып, Латиф Хамидидің композиторлық, этномузыкатанушылық, педагогикалық және орындаушылық мұрасына арналған баяндамалар жасады.
Бағдарлама аясында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Музыкатану бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Айнұр Жасағанбергенқызы Қазтуғанова «ҚР Ғылым академиясы музыкатанушыларының еңбектеріндегі Латиф Хамиди шығармашылығы» атты баяндамасында іргелі зерттеулерде және баспасөз беттерінде Латиф Хамиди туралы жазған ғалымдардың мақалаларына шолу жасап, әсіресе Латиф Хамидидің адамгершілік қасиетін бағалаған ғалымдардың пікіріне тоқталды. Бұл ретте Ахмет Жұбановтың: «Оның кімге болса да қамқорлығы мол, адал да елгезек жан. Не айтсаң да елпектеп, көңілді қайтармайды. Және сәл нәрсеге балаша қуанып, кейде өкпелеп те қалады...», – деген естелігін келтірді. Баяндамашының айтуынша, бұл пікір композитордың замандастары жадында ең алдымен үлкен жүректі, кеңпейіл адам ретінде сақталғанын айқын көрсетеді.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті, өнертану ғылымдарының кандидаты Меруерт Шырақбайқызы Мылтықбаева «Латиф Хамидидің ән шығармашылығы туралы» баяндамасында композитордың вокалдық мұрасының стильдік және көркемдік ерекшеліктерін қарастырды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, Қазанғап атындағы Қызылорда жоғары музыка колледжінің директоры Мүсілім Балтабайұлы Әмзе «Латиф Хамиди және қазақ дирижерлік өнері» тақырыбында композитордың дирижерлік мектептің қалыптасуына қосқан үлесін саралады. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының докторанты Жанна Камбарбекқызы Қыдырниязова «Қазақстан композиторлары шығармаларындағы Жамбыл поэзиясының рецепциясы» атты баяндамасында Жамбыл поэзиясының кәсіби музыкадағы көрінісін талдады.

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, ҚР мәдениет қайраткері Мұрат Қазенұлы Әбуғазы «Домбыра күйлерін нотаға түсірудегі Латиф Хамидидің үлесі» атты баяндамасында композитордың қазақ күй мұрасын нотаға түсірудегі ғылыми-практикалық қызметін пайымдап, Тәттімбет күйлерін алғаш рет жүйелі түрде нотаға түсіріп, ұлттық күй мұрасын сақтаудағы еңбегінің тарихи маңызын айқындады. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы, өнертану ғылымдарының магистрі Жұлдыз Жаханшақызы Түлкібаева «Латиф Хамидидің көркемдік әмбебаптығы: этнография және жанрлық жаңашылдық» баяндамасында композитор шығармашылығының этнографиялық және жанрлық ерекшеліктерін ашып көрсетті.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының докторанты Бибігүл Төлегенқызы Төлегенова «А.Жұбанов пен Л.Хамидидің “Абай” операсындағы Шабал бейнесі» тақырыбында аталған операдағы кейіпкердің музыкалық-драматургиялық сипатын қарастырды. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Музыкатану бөлімінің кіші ғылыми қызметкері, өнертану магистрі Гаухар Әлиханқызы Мукашева «Эстрада жұлдыздарының орындауындағы Л.Хамидидің “Бұлбұл” әні» баяндамасында шығарманың әртүрлі орындаушылық интерпретацияларын салыстырмалы тұрғыдан талдады.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Айгүл Тіллябекқызы Имашева «Латиф Хамидидің музыкалық-педагогикалық мұрасы» тақырыбында композитордың педагогикалық қызметі мен әдістемелік мұрасының маңызын айқындады. Консерватория оқытушысы, өнертану ғылымдарының магистрі Ғани Амангелдіұлы Маханов «Л.Хамидидің қазақ халық әндерін хорға өңдеудегі композиторлық тәсілдері» атты баяндамасында композитордың хорға лайықтау әдістерін ғылыми тұрғыдан сипаттады.

Л.Хамидидің немересі Ринат және шөбересі Эмир
Дөңгелек үстелдің қорытынды баяндамасын Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Музыкатану бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор Ақлима Қайырденқызы Омарова жасады. «Латиф Хамиди: “Молодость вечных мелодий”» атты баяндамасында ғалым композитордың шығармашылық мұрасындағы ағартушылық қызметін архивтік құжаттар, фотосуреттер, қолжазбалар мен жарияланымдар негізінде саралап, оның тарихи және қазіргі мәдени кеңістіктегі маңызын айқындады. А.Қ.Омарова баяндамасында: «Архивтік құжаттар, фотосуреттер, қолжазбалар мен жарияланымдар Латиф Хамидиді тек көрнекті композитор ғана емес, адамдарды біріктіре білген, жан дүниесі кең, шығармашылық жалынын өмір бойы сақтай білген тұлға ретінде танытады», – деп атап өтті.
Ғылыми бағдарлама концерттік бөліммен толықтырылды. Концертте Латиф Хамидидің кеңінен танымал шығармалары орындалды. Атап айтқанда, «Қазақ вальсін» Динара Жұмағали, «Аққуды» Айсұлу Тұрымбек, «Бұлбұл» әнін Аружан Алпысбаева орындады. Күйсандықта Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлнар Шаханқызы Жидилова сүйемелдеді.

Аружан Алпысбаева мен Динара Жұмағали
Сондай-ақ Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының камералық хоры көркемдік жетекшісі және дирижері, профессор, «Дирижерлеу» кафедрасының меңгерушісі, «Мәдениет саласының үздігі» Ғалымжан Берекешевтің өңдеуіндегі Кенен Әзірбаевтың «Көкшолақ» әнін жоғары кәсіби деңгейде орындады. Хордың әсерлі орындауы көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, концерттік бағдарламаның жарқын қорытындысына айналды.
Дөңгелек үстел Латиф Хамиди мұрасының уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалтпай, керісінше жаңа ғылыми қырларымен танылып келе жатқанын көрсетті. Архивтік деректер мен заманауи зерттеулер тоғысқан бұл ғылыми басқосу композитор еңбегін жаңа көзқараспен бағалауға жол ашып, оның қазақ музыка мәдениетіндегі композитор, этномузыкатанушы, педагог және орындаушы ретіндегі көпқырлы қызметін жаңа ғылыми тұжырымдар негізінде зерделеуге мүмкіндік берді. Бұл басқосу Латиф Хамидидің ұлттық музыка тарихындағы айрықша орнын тағы бір мәрте айқындап, ұлт руханиятының алтын қорына айналған шығармашылық мұрасын кейінгі ұрпаққа терең танытуға қызмет етті.
Айнұр Қазтуғанова, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Музыкатану» бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор