Сағадат Нұрмағамбетов – 100
Армия генералы, тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына – 100 жыл. Халық қаһарманының аты берілген Құрлық әскерлері әскери институтының құрылғанына келесі жылы 55 жыл болады. Қазақстан армиясындағы маңызды құрылым туралы материал дайындау үшін Құрлық әскерлерінің әскери институтына арнайы барған едік.
Мыңға жуық курсант білім алуда
Қарулы күштегі аса сұранысқа ие әскер, қазақстандық армияның негізгі жауынгерлік күші – құрлық әскерлері. Ал сол құрлық әскерлерін даярлайтын негізгі ұстахана – Алматыдағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері институты. 54 жылдық тарихында әскери оқу орны 18 мыңнан астам офицерді даярлап шықты. Олардың қатарында 3 Кеңес Одағының батыры, 1 Халық қаһарманы, 8 түлек Ресей Федерациясының батыры, 1 Абхазия батыры, 1 Арцах батыры бар. Сонымен қатар, институт қабырғасында білім алған 86 түлек жоғары офицерлік «генерал» әскери атағына ие болды. Институтқа 2020 жылы ҚР үкіметі қаулысының негізінде тұңғыш Қорғаныс министрі, №1 Халық қаһарманы, Кеңес Одағының батыры Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың есімі берілді.
Оқу ордасы Бауыржан Момышұлы айтпақшы, «әрқашан әскери ар-намысын сақтап, солдаттық борышына адал» жауынгерлерді дайындауда жоғары талап қояды. Қазір Қарулы күштердің қызметіндегі офицерлердің 70 пайыздан астамы осы институтта әскери білім алған.
Оқыту мен жаттығуға қатар мән беріледі. Десантшылардан бастап, танк әскерлеріне дейін мотоатқыш, барлау, ракета және артиллерия әскерлерінің бөлімшелерін басқару сияқты 15 мамандық бойынша офицерлерді дайындайды. Қазіргі таңда мыңға жуық курсант білім алуда.
Виртуалды полигон
Институтқа барған кезде бізді алдымен, оқу орнындағы әскери техникалармен таныстырып, курсанттардың казармасын аралатты. Әскери қызметтің ажырамас бөлігі – тәртіп пен тазалық. Төсек-орынды дұрыс жинау,
көйлектің жағасын тігу, үтіктеу – әскердегі алғашқы талаптардың бірі. Мұның бәрі олар үшін күнделікті қайталанатын ұсақ-түйек шаруа болып көрінгенімен, нағыз әскери тәртіп сол казармадан басталады.
Осы арқылы өмірін әскерге арнау үшін институтқа түскен жауынгерлердің бойында адами құндылыққа сай қасиеттер қалыптасады.
Одан кейін техникалық қамтамасыз ету және жөндеу кафедрасына бардық.
Ол заманауи оқу-материалдық базамен, техникалық оқу құралдарымен қамтамасыз етілген. Институттың лекциялық аудиториялары, кабинеттері және кластарында әскери мамандарды дайындауға керектінің бәрі бар, интернетпен жабдықталған. Сол жердегі назарымызды аудартқан ол – виртуалды полигон болды. Барлық техникалық құрылғы заманға сай автоматтандырылған. Курсанттар бұл виртуалды техника арқылы өздерін полигонда жүргендей сезінеді. Техниканың қалай басқарылатынын біліп қана қоймай, полигонға бармай тұрып психологиялық дайындалады. Жалпы, оқу 3 этап бойынша жүргізіледі. Біріншісі – теория, одан кейін практика алдындағы оқу-жаттығу, үшіншісі – практика. Виртуалды полигонды практика алдындағы дайындықта қолданады. Кейін полигонға барғанда техниканы басқарып, жолда кездескен кедергілерден өтіп, берілген тапсырманы сәтті орындауда жеңіл болады. Заманауи техниканың барлығы соғысқа арналған. Курсанттар бір жағынан техниканы басқаруды үйренсе, екіншіден атыс тәсілдеріне машықтанады. Ерекшелігі, алдында виртуалды экран болады. Құрылысы, батырмасы кәдімгі техникамен бірдей. Виртуалды полигонға кез келген жаттығуды орната алады. Курсанттар қыс пен жаз мезгілі, жаңбыр, қар, қыратты жерлер мен суды кешіп өту сияқты полигонда кездесетін қолайсыз ауа райына, басқа да сынақтарға дайындалады.
«Сардар» курсы тұңғыш рет өткізілмек
Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдық мерейтойына орай Қорғаныс министрлігімен бірлесіп ауқымды іс-шаралар жоспарланған. Биыл Құрлық әскерлері қолбасшысының бастамасымен бітіруші түлектердің төрт жылда алған білімін тексеру мақсатында «Сардар» курсы тұңғыш рет өткізілмек. Түлектер барлық бағыт бойынша білім деңгейін көрсете алады. Сонымен қатар, биыл оныншы рет өтетін «Айбын» әскери-патриоттық жиыны алғаш рет Алматыда өтеді. Бұған дейін тоғыз рет Қарағанды қаласында өткен байқау Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылады. Институттың оқу орталығы – «Әли» полигонында өтеді. Оған 8 мемлекет қатысады. Әр елден бір командадан, ал Қазақстан Қарулы күштерінен 42 команда қатысады.
С.Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институт басшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Оралбек Сембекұлы патриоттық рух биікте болуы қажет деп санайды.
«Оқу орнының басты міндеті – Қарулы күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құрамдарға және Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарт ұйымына мүше мемлекеттер үшін ұйымдастырушылық қабілеті, ерік-жігері, табандылығы мен тапқырлығы жоғары білікті офицерлерді даярлау. Құрлық әскерлерінің әскери институты Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарт ұйымына мүше мемлекеттер – Тәжікстан Республикасы мен Қырғызстан Республикасы үшін офицерлер дайындайды. Институт түлектерінің білімі, Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы және Қорғаныс министрлігі қойып отырған талаптардың орындалуымен бағаланады.
Құрлық әскерлері әскери институтының басқа жоғары оқу орындарынан артықшылығы курсанттарды оқыту мемлекет есебінен жүргізіледі, курсанттар 4 жыл тегін, казармалық жағдайда оқиды. Сонымен қатар, курсанттар тегін тамақпен және киім-кешекпен, шәкіртақымен, тегін медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі. Курсанттар жылына 2 рет – қыста 14 күнге, жазда бір айға демалысқа шығады. Демалысқа шығу және қайту кезінде тегін теміржол билетімен қамтамасыз етіледі.
Институтта болашақ офицерлерге оқу және сапалы жоғары білім алу үшін қажетті барлық жағдай жасалған.
Құрлық әскерлері әскери қақтығыс кезінде әуе қорғанысын, әскери теңіз күштерін, т.б. жалпы Қарулы күштегі барлық саланы қадағалайды. Қандай да бір шешім қабылдарда нүктесін қоятын да осы әскерлер. Десант шабуылдаушы, теңіз, әуе қорғанысын бақылайды. Ең көп жеке құрам – құрлық әскерлерінде. Кез келген соғыста немесе қақтығыста жазылмаған мынадай заң бар: «жаяу әскердің аяғы тимеген жер жауланды деп есептелмейді».
Курсанттармен күнделікті тәрбие жұмыстарын жүргіземіз. Сұхбаттасып, Отанға сүйіспеншілікті ұғындыру үшін әскери-патриоттық шараларды жиі өткіземіз. Дүйсенбіден жұмаға дейін оқу процесі өтеді. Сонымен қатар, күнде таңертең ақпараттандыру жұмысы жүргізіледі. Курсанттар әлемнің, елдің Қарулы күштеріндегі жаңалықтарды оқиды. Кешкісін патриотизмге бағытталған тәрбие жұмыстары өтеді. Ал демалыс күндері қаладағы музейлерге, театрлар мен кітапханаларға барады. Әр бағыт бойынша тәрбие жұмысы үзбей жүргізіледі.
Бүгінгі таңда білекке емес, білімге сенетін заман. Уақыт өзгерген сайын заман түрленіп, талап та күшейді. Әскери салаға барамын деуші түлек үшін білім және дене даярлығы – маңызды мәселе. Бастысы, патриоттық рухы биікте болуы қажет», – дейді ол.
Атыс тапсырмаларын практика жүзінде үйренеді
Құрлық әскерінде десантшылар мен барлау әскерінің маңызы ерекше. Олар
қарсыластың тылында жұмыс жүргізіп, әрдайым жаудың өтінде жүреді.
Дене дайындығы бойынша нормативі де басқаларына қарағанда күрделі болады. Мысалы, басқа мамандықтағы курсант 100 метрді 15 секундта жүгіріп өтсе, десантшылар мен барлау әскері 13 секундта келу керек.
Курсанттар полигонға шықпас бұрын теория жүзінде біліктілігін арттыру керек. Атыс тапсырмаларын практика жүзінде үйренеді.
Институтта білім алып жүрген курсанттардың бірімен тілдестік. «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының түлегі, бірнеше жүлделі орын иеленген курсант Шавкат Қанатұлы былтыр жылдың аяғында ҚР Қорғаныс министрі орынбасарының қолынан үздік жас сарбаз ретінде Грамота алған. Шавкат Құрлық әскерлері әскери институтының барлау бөлімдерін басқару мамандығында 3-курста оқиды. 2021 жылы осы институттың курсанты атанған.
- Тақырыпқа орай
Әбдіқұл СЕЙІРҚҰЛҰЛЫ, техникалық қамтамасыз ету, пайдалану және жөндеу кафедрасының оқытушысы, подполковник:
Кәсіби әскер жасақталады
Бірінші кезекте әскери техника – елдің айбынын асыратын күшті құрал.
Бұл кафедрада тоғыз пән бойынша оқытады. Қару-жарақ пен әскери техниканың құрылысын, оларды пайдалану, қалпына келтіру, жауынгерлік машиналарды жүргізу, т.б. оқытамыз. Қарулы күштегі негізгі қару жарақ – автобиль техникасы. Әскери мамандарды дайындауда жоғары технологияны жылдам игеретін кәсіби әскерді жасақтау маңызды. Қару қолдану, ұрыс жүргізу тактикасының барлығы қазіргі заманға сай жүргізіледі.
Соғыс жағдайында, басқа да іс-қимылда ең бірінші азық түлікті жеткізу, киіммен, оқ дәрімен қамтамасыз ету, жаралыларды тасымалдау, мұның бәрі автомобиль техникасымен жүзеге асады. Сондықтан негізгі көңіл техникалық бағытқа бөлінеді.
Құрлық әскеріндегі негізгі техника – жауынгерлік ұрыс машинасы. Бізде сауыттық техника болып саналады.
Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық. Курсанттар бәрін теория арқылы білсе де, техникалардың жұмысын практика кезінде жақсы қабылдап алады.
Дамыған елдерде құрлық әскерлері жүйесінде көлік құралдарының үлесі айтарлықтай көп. Қауіпсіздік пен жауынгерлік күш техника сапасынан көрінеді.
Асан ЕРАЛЫҰЛЫ, рота командирі, капитан:
Абыройлы, жауапкершілігі мол сала
Құрлық әскерлері – құрлықта ұрыс қимылдарын жүргізуге арналған Қарулы Күштердің түрі. Әскери сапа болашақ кадрлардан көрінеді. Жауынгерлік дайындықта арнайы бағдарға, жалпы әскери жарғыға сәйкес қызмет атқаруды үйретеміз. Менің ротамда мотоатқыштар мен тәрбиеші офицерлерден құралған 65 курсант бар. Қарулы қақтығыс кезінде негізгі мәселеге қалай өту керегін үйреніп шығады. Әскер тазалықтан басталады. Институтқа оқуға түскен курсанттар алдымен тәртіпке, әскерге лайық жүріп тұруға дағдыланады.
Бүгінде кез келген мемлекеттің күші әскердің әлеуетімен өлшенетіндіктен, әскери институттағы білімді бір жылдық армиямен салыстыруға келмейді. Курсант бірінші курста сарбазға ұқсағанымен, екінші курстан бастап нағыз әскери саланың тәртібі мен қажетті жауынгерлік даярлықты терең меңгере түседі. Егер ел басына күн туса, біз қысқа уақыттың ішінде мықты офицерлерді дайындап шығуымыз керек. Әскер – абыройлы, әрі жүгі ауыр, жауапкершілігі мол сала.
Институтта далалық практика сабақтары әскерге қарағанда күрделі өтеді. Қазіргідей қатты аяз болса да, курсанттар полигондағы дайындықтарын үздіксіз жүргізеді. Шыдамдылықты курсант кезінде үйрене алмаса, ертең сарбазға шын әскердің қандай болатынын үйрете алмайды. Жеке құрамның 70 пайызы – теория, 30 пайызы – практикалық түрде өтеді. Жалпы жүйе бірдей. Курсанттың жауынгерлік, дене дайындығынан бөлек, моральдық дайындығы да қадағаланады.
Шавкат ҚАНАТҰЛЫ, курсант:
Әскердегі барлау – негізгі күш
Менің әскери қызметке келуімнің бірден-бір себепкері – әкем. Ол да әскери қызметкер. Кішкентайымнан осы салаға қызығып, қыр-сырын үйреніп өстім. Мектепте оқып жүргенде әскери қызметші боламын деген шешім қабылдадым. Мұнда оқу қиын емес. Өзіме дене және атыс дайындығы сабақтары ұнайды. Түрлі атыс тәсілдерді, жауынгерлік машиналарды жүргізуді үйретеді. 1-курста жалпы ортақ сабақтар бәріне бірдей оқытылады. Ал 2-курстан бастап мамандықтың бағытына қарай тереңдей береді. Сабақ пен күнделікті қызметте барлық курсантқа бірдей талап қойылады. Далалық, яғни полигонға оқу-жаттығуға шығатын мамандықтар бар. Мотоатқыштар, жаяу әскерлер, танкішілер, десантшылар, барлаушылар және тәрбие құрылымдарының офицерлері полигонға жиі шығады. Осы бес мамандық бойынша оқитын курсанттар ең көп далалық жаттығуға қатысады.
Барлаушылар барлық мамандықтан хабардар болуы керек. Олар – әскердегі негізгі күштердің бірі. Мотоатқыштың, десантшының, технардың, байланыс құралдарын зерттейтін мамандықтың іс-қимылын білуіміз шарт.