2025 жылы жазда ҚазҰУ профессоры әрі филология ғылымдарының докторы Кәкен Қамзин әп-сәтте алаяқтардың шырмауына түсіп, үйінен айырылып қала жаздады. Профессордың айтуынша, ҰҚК қызметкері болып хабарласқан адамдар алаяқтардың пәтерін тартып алуы мүмкін екенін айтып, оны сатып, ақшаны банкке салуға кеңес берген. Пәтерін сатқан соң ақшасын Ұлттық банктың шотына салуды ұысынып, «курьер» арқылы 32 миллион теңгесін қолды қылған. Кейін профессордың шәкірттері мәселені республикалық деңгейде көтеріп, жылу жинап, соңында белгісіз азамат қалған 23 миллион теңгені қолма-қол берген.
Factcheck.kz редакциясы тағы бір мысал ретінде 2025 жылы шілде айында болған архитектор Елена Щедринаның оқиғасын айтты. Алаяқтар ҰҚК-нің атын жамылып архитекторды екі пәтері мен автокөлігін сатуға көндірген. Ал ақшаны «террористерге қарсы операция» аясында уақытша алып, кейін қайтарып беруге уәде берген. Полицияға шағымданған архитектор еш нәтиже болмаған соң, прокуратура ғимаратының алдына бір адамдық пикетке шығып, наразылығын білдірді. Кейінірек Елене Щедрина Facebook-те бірнеше рет прокуратоура мен құқық қорғау органдарына жүгінген, алайда нәтижесін байқамадық.
Бұл оқиғалар – жеке бір адамның мәселесі емес, қарттарға бағытталған алаяқтықтың жүйелі түрде жұмыс істеп тұрғанының бір дәлелі. Бұл материалда Factcheck.kz егде жастағы адамдарды алаяқтардан қалай қорғауға болады, қандай әдіс-тәсілдер бар деген сұрақтарға жауап іздеп, талдап көрді.
«Егде жас» қалай анықталады: статистика не дейді?
ДДСҰ мен БҰҰ бойынша 60 және одан асқан адамдар «егде жас» (Older adults) санатына кіреді. Ұлттық статистика бюросының 2025 жыл басындағы дерегіне сәйкес, егде жастағылардың саны – 2,8 миллионнан асты. Оның ішінде ерлер – 1,1 млн, әйелдер – 1,7 млн.
Алаяқтық бабы (190-бап) бойынша 2026 жылы қаңтар айында 567 қарт жәбірленуші ретінде тіркелген. Бұл алданғандардың (3638 адам) 15,5%-і. Жалпы алғанда кейінгі 6 жылда, яғни 2020 жылдан бері алаяқтардан зардап шеккен егде жастағы адам саны өсіп келеді, 2020 жылы – 2076 жәбірленуші болса, 2025 жылы – 8847-ге жеткен, ал бұл жалпы жәбірленушіге есептегенде 19,12%-ке өскен. Яғни, егде жастағы адамдар – алаяқтардың құрығына жиі түсетінін байқауға болады.
Алаяқтар қандай тәсілдерді жиі қолданады?
Психологиялық тұзақ
Егде жастағы адамдарға жиі жасалатын әрі қауіпті тәсілдің бірі – баласын не жақынын пайдалану арқылы психологиялық тұзақ құру. Схема өте қарапайым, адамға хабарласып оның баласының не жақынының аяқ-асты «қиындыққа тап болғанын» айтып, ақша сұрайды. Тіпті кейде «жол апатына түсті», «ауруханада жатыр» немесе «реанимацияда жатыр» деген тіркестерді пайдалана отырып адамды тығырыққа тіреп, мәселені шешу үшін тез арада қаржы аударуын өтінеді. Алып-ұшып тұрған адам көп жағдайда сұраған қаржыны аударып, кейін сан соғып қалады. Мысалы 2025 жылы 79 жастағы Көкшетау тұрғыны «қызымын» деп таныстырған алаяққа жинап жүрген 13 миллион теңгесін аударып жіберген. Қаскүнемдер қызының атынан жол апатына байланысты жалған оқиға құрастырып, анасын сендірген. Сондай-ақ 2024 жылы БҚО-да өздерін жәбірленушілердің баласы ретінде таныстырып жүрген 3 азаматты ұстап, жауапкершілікке тартқан.
Әлеуметтік қызметкер не құзырлы орган атын жамылған алаяқтар
Алаяқтар қолданатын тағы бір тәсіл – әлеуметтік қызметкер не құзырлы орган атын жамылған схема. Бұл – ХҚКО, зейнетақы қоры, емхана, әкімдік қызметкері, әлеуметтік қорғау бөлімі мен түрлі қолдау орталығының атын жамылып, егде жастағыларға бағытталған әдіс. Жоғарыда айтылған ҚазҰУ профессоры Кәкен Қамзинге қолданылған схема осының бір мысалы. Профессорға алдымен Алматы «ЭнергоСбыт» қызметкері болып хабарласып, жеке деректерін, ЖСН және пәтер туралы ақпаратты біліп алған. Артынан ҰҚК атын жамылған келесі алаяқтар «ЭнергоСбыт» қызметкерлеріне сенбеуін сұрап, олардың пәтерін алайын деп тұрғанын айтып, тез арада үйін сатуға көндірген. Яғни осы сияқты мысалдар алаятардың әлеуметтік қызметкер, тіпті құзырлы органның атын жамылып түрлі айла-тәсілге баратынын көрсетеді.
Цифрлы тор: Смартфондағы «сиқырлы» сілтемелер
Бұл тәсіл әлеуметтік желілер мен WhatsApp-та жиі таралады. Қаскүнемдер танымал бренд пен компаниядан бастап әлеуметтік қызметтер мен ресми сайттардың көшірмесін жасау арқылы адамның дербес деректеріне, тіпті шотындағы ақшасына дейін қол сұғады. WhatsApp-та келетін сілтемелерде көп жағдайда «Ұтыс», «Сүйінші» немесе «Оңай жолмен ақша табуды» көздейтін хабарламалар мен мәтіндер жазылады. Тіпті кейде алаяқтар тиімді «инвестиция» деп «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының және оның бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің атын жамылып адамдарды қармағына түсіреді. Қаржы нарығын дамыту агенттігінің жазуынша, бұл тәсіл егде жастағыларға жиі қолданатын танымал схемалардың бірі. Қарапайым бір мысал, 2025 жылы тамыздың ортасында Ақмола тұрғыны осындай схемаға тап болып, 3 млн теңгесінен айырылған болатын.
Қалай алдын аламыз?
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпаратынша, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдары ешқашан телефон арқылы жеке деректерді не қаржылық ақпаратты сұратпайды. Егер де аяқ асты жеке деректі не банк деректерін сұрай бастаса бірден әңгімені тоқтатып, ресми органның өзіне хабарласу керек екенін ескертеді.
Біріншіден сабыр сақтап, қоңырау шалушының аты-жөні мен лауазымын жазып алу керек. Кейін хабарласқан «ұйымның» ресми сайттына кері қоңырау шалып, тексеру керек. Қаржыға қатысты барлық әрекеттерді жақын туыстарымен немесе сенімді адамдармен талқылаған жөн.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің кеңесі
Екінші деңгейлі банктердің ішінде Kaspi.kz қосымшасында «Сенімді адам» қауіпсіздік функциясы бар. Сол арқылы клиент өзіне жақын бір адамды (ата-анасының біреуі, жұбайы, баласы) тағайындайды. Күдікті операция, қомақты соманы аудару немесе асығыс әрекет кезінде банк тағайындаған адамға хабарлама жібереді, сол арқылы рұқсат беріп немесе шектей алады.
Сонымен қатар, мынадай негізгі кеңестерді ұсынамыз:
- Egov.kz сервисінен «Стоп кредит» қызметін қосыңыз;
- «Жеңіл табыс» уәдесіне сенбеңіз, әсіресе WhatsApp, Telegram, Instagram және TikTok-та бөтен біреудің ұсынысын қабылдамаңыз;
- Егер «туысыңыз» шұғыл ақша аударуды сұраса, оларға өзіңіз қоңырау шалып, бәрі жақсы екеніне көз жеткізіңіз;
- Ешқашан телефон арқылы карта деректерін, CVV-код, құпия сөздерді, SMS кодтарын және шоттағы соманы айтпаңыз;
- Ақша түскен жағдайда – дереу банкке хабарласыңыз. Тіпті бейтаныс адам қоңырау шалып, ақшаны кері аударып жіберуін өтінсе де банкке хабарласып, мән-жәйді айтыңыз;
- Күдікті әрекеттерді байқасаңыз 102-ге хабарласыңыз немесе Cyberpolice.kz сайтында арыз-шағым түсіре аласыз.
Ал егер алаяқтың құрбаны не дроппер болған жағдайда не істеу керек керек?
Жасалған құқықбұзушылық туралы бірден 102-ге қоңырау шалып немесе жақын жердегі полиция бөлімшесіне дереу хабарлау керек. ІІМ ақпаратынша, алғаш рет дроппер болған адам өзі әрекетін мойындаса және қылмысты ашуға көмектессе жазадан құтылуы мүмкін. Яғни, құқық бұзушылық туралы ерікті түрде хабарлап, алаяқтарды табуға көмектессе жауапкершіліктен босатылады. Сонымен қатар, болған оқиға туралы кез келген ақпаратты: скриншот, хат-хабар мәтіні, кіріс/шығып қоңыраулар, аударымдар туралы түбіртек пен басқа да дәлелдерді міндетті түрде сақтау керек.