Әлеуметтік желіде бірнеше видеолардан ерекше образдағы алматылық жігіттің бейнесін көрген боларсыз. Сырт келбетіне қарап өзге ұлт өкілі деп баға берген жандар, оның домбыраның құлағында ойнап, Абайдың қара сөзін жатқа білгеніне таңғалғандарын жасырмады. Ерекше кейіптегі "еркіндіктің" символына айналған жасөспірім кім? Аqshamnews.kz тілшісі жұрт назарындағы жеткіншекті тауып, тілдесті.
"Қаным орыс болса да, жаным - қазақ"
Вадим Травин - Алматы облысы, Нұрғиса Тілендиев атындағы қарапайым ауылдың тумасы. Ұлты - орыс. Десе де, болмысым, жаным, әлемім қазақ дейді ол. Қазір ауылындағы орта мектепте 11-сынып оқып жатыр.
"Мені жай ғана "Вадя" деп атаған ұнайды. Солай жағымдырақ. Кілең беске оқимын. Пәндік олимпиадаларға жиі қатысамын: тілдер, робототехника, қысқасы ерекше салалардың көбі қызықтырады. Қаным орыс болса да, жаным - қазақ. Өз елімнің мәдениеті мен тарихын ерекше құрметтеймін",- дейді ол.
"Сырт келбет емес, ішкі әлем маңызды"
Вадимді көрген жан бірден оның ерекше стиліне көз тастайды. Расында, бір қарағанда әлемі басқа, ұлттық құндылықтан ада жан секілді көрінгенімен, Вадимнің ұстанымы, өмірге деген көзқарасы ерекше. Ол кітап оқығанды, жаңа дүниелерді зерттегенді, шығармашылықты жаны сүйеді.
"Қазіргі стилім бұрынғы бір сериалдағы кейіпкердің косплейінен басталды. Бірақ уақыт өте келе ол толықтай менің бейнеме айналды. Бұл бір жағынан маркетинг, бір жағынан ішкі бостандықтың көрінісі. Адамдар кейде сырт келбетіме қарап қате ойлайды: біреу “сатанист”, біреу “наркоман” дейді. Ал жақынырақ танысқанда нағыз шығармашылыққа берілген, музыканы сүйетін, патриот екенімді көреді. Бұл да кішкентай әлеуметтік эксперимент: "сыртынан қарап тон пішпе" дегенді жеткізгім келеді", - дейді жас өрен.
Хакім Абай мен Вадимді не байланыстырады?
Жоғарыда айтқанымыздай, Вадим кітап десе ішкен асын жерге қоятын жан. Әсіресе Жюль Верннің шығармаларын жақсы көретінін айтты. Көбіне көркем әдебиетпен әуестенетін Вадя кітаптың эмоцианал интеллектін қалыптастыруға әсері мол болғанын, әсіресе Абай Құнанбайұлының шығармашылығын ерекше көретінін жасырмады.
"Абайды" басында аса түсінбегендіктен қабылдай алмадым. Пәндік олимпиада үшін жаттатқызған кезде тіпті жек көргенмін. Бірақ кейін ол маған "өзі" жақындады. Абайдың қара сөздерімен танысып, абайтанушылармен сөйлескеннен кейін оның ойлары бүгінгі күнге де дәл келетінін ұқтым. Маған ең жақыны - Жетінші сөз. Онда адам баласының балалық тазалықты жоғалтқанда ғана рухани құлдырайтыны айтылады. Ал мен өмір бойы "сол баланы" жоғалтпауға тырысамын", - деп қосты ол.
Естеріңізде болса, Вадимнің әлеуметтік желіде көшеде кетіп бара жатқан сауалнама алушылардың біріне Абайдың қара сөзін оқып берген видеосы көп қаралым жинаған еді. Жұрт оның сырт келбетіне қарап, қара сөзді жатқа айтып береді деп ойламағандарын айтты.
Электрлі домбыраны ойлап тапқан тұңғыш оқушы
Вадим Травин электрлі домбыра ойлап тапқанымен де ерекшеленеді. Ол өзінің парақшасында тәжірибе жасап, домбыраны замануи ырғаққа салып көргенін бөліскен еді. Кейін ол бейнелері бірнеше миллион қаралым жинап, көптің назарын аударды. Ал Вадимнің өзі ұлттық аспапқа деген махаббаты қалай пайда болғанын әңгімелеп берді.
"Домбырамен алғаш 4-сыныпта таныстым. Бірақ үйірмеге қатысуға қаржым болмады. "Домбырада ойнау" деген арманым сол күйі қалып қойған. Кейін 8-сыныпта еңбек сабағында ұстазым ескі домбыраны жөндеп жатқанын көрдім. Арманымды айттым. Келесі сабақта ол сол домбыраны маған сыйлады. Содан бастап өзім үйреніп алдым. Кейін домбыраға рок стилінде үн қосуды жөн көріп, тәжірибе жасап көрдім. Мұным көбіне ұнағандай болды", - дейді Вадя.
Қазір Вадим домбыра ғана емес, гитара, флейта секілді жалпы 9 түрлі музыкалық аспапта ойнайды.

Шығармашылық жол және Абай туралы түсінік
Вадим өзінің ішкі әлемінен сыр шертіп, шығармашылық көзқарасы жайлы ой бөлісті. Өзінің ерекше тұлғасын қалыптастыру жолында жүрген ол, келешегін шығармашылық әлемнен көретінін айтты.
"Жас болсам да мен көп жерде жұмыс істеп көрдім. Бірақ бір нәрсені анық түсіндім. Таңертең жұмысқа бару, кешке үйге қайту, жылына бір рет демалыс алу сияқты шекара ішіндегі өмір - менікі емес. Қазір өзіме ұнайтын іспен айналысып, шағын болсын аудиториямды қалыптастырғанмын. Шығармашылық - менің өмірімнің мәні. Болашақта да сонымен өмір сүргім келеді. Ол мені талай белестерге жетелейтініне сенемін", - деді ол.
суреттер: кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды
Сондай-ақ, ол білім жолында өз түсінігін қалыптастырған жан ретінде қазіргі жастарға Абай Құнанбайұлының философиясын еркін түрде түсінуге шақырды.
"Абайдың айтпағын кез келген адам күшпен тықпаламаса ғана түсінеді. Жастарымыздың эмоционал интеллектісі жоғары, толерантты. Оларға Абайдың философиясы жақын. Бірақ бәріне адамның өзі саналы түрде түсініп барып келуі керек", - деп қосты ол.

