Негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика сақталып отыр, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды кеңейтілген аппараттық кеңес өткізіп, қаланың 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын шығарды. Жиында бюджет қаражатының игерілуі, жыл соңына дейін аяқталуы тиіс жобалар және қала тұрғындарымен кері байланысты жақсарту мәселелері талқыланды.
Қала басшысының айтуынша, негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика сақталып отыр. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және сауда салаларында өсім жалғасуда.
Осыған байланысты Дархан Сатыбалды барлық бағыт бойынша жылдық жоспардың толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
"Бюджет қаражатының игерілуіне де тоқталдық. Жыл соңына дейін жоспарланған жобаларды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтау қажет. Жүктелген міндеттің орындалуына басқармалар мен аудан әкімдіктерінің басшылары жауапты", – деді шаһар басшысы.
Жиында қала әкімінің ақпараттық жұмысты жандандыру және тұрғындармен байланысты күшейту жөніндегі тапсырмасы да айтылды.
"Қала тұрғындары жүргізіліп жатқан жұмысты, аяқталу мерзімі мен қабылданған шешім туралы уақытылы біліп отыруы тиіс. Азаматтардың өтінішіне жедел ден қойып, нақты жауап беру қажет", – деп атап көрсетті Алматы әкімі.
Осылайша, қала әкімдігі алдағы уақытта экономикалық көрсеткіштерді жақсартумен қатар, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына және тұрғындармен ашық коммуникация орнатуға басымдық бермек.