Еңбек күні мен Қала күнін атап өту аясында Алматыда жұмыс іздеушілерге арналған ауқымды алаң ұйымдастырылды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Іс-шараны қала әкімдігі мен Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қолдауымен Еңбек мобильділігі орталығы ұйымдастырды.
Жәрмеңке ауқымды форматта өтті. Іс-шараға 400-ден астам жұмыс беруші қатысып, жалпы саны 2 500-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынды.
Еңбек мобильділігі орталығының директоры Айқын Жиенқұловтың айтуынша, мұндай кездесулер қалада игі дәстүрге айналған. Бұған дейін өткен осындай жәрмеңкенің қорытындысы бойынша ұсынылған бос жұмыс орындарының басым бөлігіне мамандар табылған.
Көптеген қатысушы үшін бұл іс-шара армандаған жұмысын табуға мүмкіндік болды. Мәселен, үш кітаптың авторы Салтанат Сұлтанова жәрмеңкеге шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жұмыс іздеп келген.
«Мен мұндай іс-шараға алғаш рет қатысып отырмын. Денсаулық жағдайыма байланысты мәтінмен жұмыс істейтін, компьютер алдында атқарылатын тыныш жұмыс іздеп жүрмін. Редактор немесе корректор болуды армандаймын. Жәрмеңке туралы әлеуметтік желіден білдім. Осындай мүмкіндік жасаған ұйымдастырушыларға үлкен рақмет. Бұл қазір жұмыс іздеп жүрген адамдарға көрсетілген нақты көмек», – деді Салтанат.
Айта кетейік, жәрмеңкенің басты артықшылығы – жұмыс берушілермен тікелей тілдесу мүмкіндігі. Жұмыс іздеушілер компания өкілдерімен делдалсыз жалақы, әлеуметтік пакет және мансаптық өсу мүмкіндіктерін талқылай алды.