Биыл Алматының жастарын жұмыспен қамту мақсатында біраз жұмыс қолға алынды. Жыл басынан бері 21700 жас жұмысқа алынса, олардың 15700-і тұрақты, 6000-ы уақытша жұмысқа орналасқан. Цифрлық платформаларды дамытып, қысқа мерзімді курстарды іске қосып, мансап жәрмеңкелері, комьюнити-орталықтар арқылы қолдау көрсетіп, жұмыс берушімен өзара әрекеттестіктің жаңа формасын енгізу арқылы қала жастардың жұмыспен қамтылып, қызметте өсуіне ықпал етуге етуге бағытталған тұтас экожүйе қалыптастырып жатыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Алмаз Кеңесбай осылай деді.
Қазір Алматыда 712,3 мың жас бар. Олардың 442,3 мыңы жұмыс істейтіндер де, 280,7 мыңы – студенттер, шамамен 80 мыңы жоғары сынып оқушысы. Экономикалық белсенді жастардың саны – 472,1 мың адам, оның ішінде 452,6 мыңы жұмыспен қамтылған. Олардың 396,7 мыңы жалдамалы жұмысшылар болса, 56 мыңы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.
«NEET-жастардың үлесі қазіргі уақытта 5,8%. Жыл сайын жоғары оқу орындарын шамамен 50 мың адам бітіреді. Олардың 60–80%-ы Алматыда қалып, осында жұмысқа орналасуға ұмтылады», – дейді Алмаз Кеңесбай.
Қалалық карьера орталығы - жастарды жұмыспен қамтумен айналысады. Жыл басынан бері орталыққа 5 мыңнан астам жас жүгініпті. 4 мың адам жұмысқа орналасып, қала аудандарында «Карьера күндері» өткен. Іс-шараға 18 мың жас қатысып, 1,7 мыңы жұмыс тапқан. «Жасыл ел» жобасы бойынша да жаз мезгілінде 2,1 мың студент уақытша жұмыспен қамтылды.
Мәселенің шешілуіне JasAlmaty.kz цифрлық порталы үлкен үлес қосты. Бұл портал Jobfair365 пен SkillBridge платформасын қамтиды. Порталда 3,5 мыңнан астам жұмыс беруші тіркелген, 2,1 мыңнан астам бос жұмыс орны бар, қолданушылар саны 35 мыңнан асты. Осы платформа арқылы 1,8 мың адам жұмыс тапты. Олардың 82%-ы жоғары білімді болғанымен, 91%-ының тәжірибесі жоқ, бұл бастапқы жұмыспен қамтудың маңыздылығын көрсетеді.
SkillBridge бағдарламасы аясында 61 онлайн курс іске қосылып, 7,2 мың жас білім алды. Курстан кейін 3,8 мың адам жұмысқа орналасты. Курстар цифрлық мамандықтармен қатар (Digital маркетинг, Java Pro, Web-аналитика), практикалық бағытты да қамтиды. Шілде айынан бастап «Skill All» жобасы – қолданбалы дағдыларға арналған офлайн оқыту іске қосылып, 800-ден астам адам тәлім алды. Жыл соңына дейін 2000 адамды қамту жоспарланған. Сонымен қатар, жұмысшы мамандықтары туралы «Qadam» инста-сериалы 100 мыңнан астам қаралым жинады. Skill All курстарының атласы Python-нан бастап SMM және ChatGPT-ге дейін 18 бағыт бойынша жарық көрді.
Алматыдағы 11 жастар комьюнити-орталығы жұмыспен қамтып, қолдап, дамуға септесетін орынға айналды. Жыл басынан бері бұл орталықтарға 6 мыңнан астам жас жүгінді: 3,9 мыңы жұмыс мәселесі бойынша, 2,1 мыңы – психологиялық және құқықтық көмек алу үшін. 9 ай ішінде 1,5 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, 200 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан.
Сонымен қатар, Алматы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп, жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
Аталған жұмыс аясында Еңбек мобильділігі орталығы арқылы тұрақты және уақытша жұмысқа 8,4 мың жас жұмысқа орналасты.
Бұдан бөлек, Алматы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жастарды кәсіби бағыттау мақсатында «Мансап компасы» цифрлық платформасын енгізіп, дамытып жатыр. Нәтижесінде аталған платформа арқылы 3,7 мың адам жұмыспен қамтылды.
Осылайша, жыл басынан бері жалпы 21,7 мың жас жұмысқа тұрды. Оның ішінде 15,7 мыңы тұрақты, 6 мыңы уақытша жұмысқа орналасқан.
Жастардың жұмысқа орналасуына кедергі келтіретін мәселелерді шешу (тәжірибенің болмауы, ақпараттың жеткіліксіздігі, жұмыс берушімен байланыстың жоқтығы) үшін жаңа форматтар енгізіле бастады. Жазда «New Generation Leaders» атты алғашқы карьералық олимпиада өтіп, оған 3 мыңнан астам студент қатысып, 70 команда 350-ден астам шешім әзірледі. Соның арқасында 200 адам жұмыс тауып, 700-і біліктілігін жетілдірді.
Сондай-ақ, жұмыссыз түлектерді тіркеп, оларды Қалалық карьера орталығына бағыттау үшін call-орталық та құрылды. Жастарды ақпараттандыру мақсатында МИБ және ПИК-пен (ОСИ и КСК) қыруар жұмыс істеліп жатыр, бұл комьюнити-орталықтарға келетіндер санын жылына 400 мыңнан 600 мың адамға дейін арттыруға мүмкіндік бермек.
Жаңадан Career Speed Dating форматы да енгізілді. Мұнда жастар өзін таныстырып, компаниялар сол жерде өзіне керек маманды таңдап алады. Әр комьюнити-орталықта 5–10 серіктес жұмыс беруші орналасады. Олар кеңес беріп, жұмысқа алып, жастарды еңбек нарығына бейімдеуге көмектеспек.
Әр жастың ақпарат, білім алып, жұмысқа орналасуына мүмкіндік беретін жүйе қалыптастыру арқылы Алматы жастарды жұмыспен қамтуды қалалық саясаттағы стратегиялық міндетке айналдырып отыр.