Үйде жануар асырағанда нені ескеру керек? Ит пен мысық иелері нені назардан тыс қалдырмауы керек? Оларға қатысы қандай заң бар? Толығырақ Аqshamnews.kz материалында.
Итке қарғыбау қашан тағылуы керек?
Қарғыбау иттің мойнында әрдайым болуы керек. Тек арнайы серуендеу немесе жаттығу алаңында иесінің бақылауында болғанда ғана шешуге болады. Ерекше жауапкершілік талап етілетін иттерге қарғыбаусыз серуендеуге мүлде тыйым салынған. Қарғыбаудың ұзындығы нақты көрсетілмеген, жануар иесі жағдайға қарай реттеуге тиіс (мысалы, жолдан өтерде, кіреберістен шығарда, қоғамдық көлікке мінерде қысқа ұстаған жөн).
Итке қашан тұмылдырық тағу керек?
Ерекше жауапкершілік талап етілетін иттерге тұмылдырық тастауға болмайды. Ал салмағы жеңіл, бойы 25 см-ден аспайтын, үш айға толмаған күшікке және тұмсығы қысқа иттерге (брахицефалдарға) тұмылдырық қажет емес. Қалған иттерге тұмылдырық тек көшеге шыққанда және иесі дүкенге кіргенде сыртта күтіп тұрғанда керек. Егер сіздің итіңіз ерекше тұқымдар тізімінде болмаса, тұмылдырықты үнемі тағу міндетті емес, бірақ өзіңізбен бірге алып жүруіңіз керек.
Ерекше жауапкершілік талап етілетін иттер тізімі
Бұл тізімге 32 тұқым кірген. Олардың қатарында алабай, акита-ину, америкалық бульдог, стаффордшир терьер, аргентин дог, ротвейлер, питбультерьер, доберман, кавказ овчарка, кане корсо, неміс овчарка, сенбернар және т.б. бар. Бұл иттерге әрдайым тұмылдырық және қарғыбау тағылуға тиіс.
Бұл иттерге қандай ерекше талаптар бар?
Бұл иттерді қарғыбаусыз серуендеуге тыйым салынған. Оларды тек 21 жастан асқан адам ғана ұстай алады (қалған ит пен мысықтарға – 18 жастан бастап). Қоғамдық көлікте бұл иттерді 18 жастан үлкен адам ғана ертіп жүре алады.
Итпен қай жерлерде серуендеуге болмайды?
Балалар мен спорт алаңдарында, мектепке дейінгі және оқу орындарының аумағында, емханалар мен ауруханаларда, шомылуға рұқсат етілген су қоймаларында, субұрқақтар мен тоғандарда ит шомылдыруға болмайды. Мас күйде итпен серуендеуге де тыйым салынған. Арнайы тыйым салынған белгілер орнатылған жерлерде де итпен жүруге болмайды.
Жануарды қоғамдық көлікпен тасымалдауға бола ма?
Иә, болады, бұл тегін. Үлкен иттер – тұмылдырықпен, қарғыбаумен, ал кішкентай иттер мен мысықтар – контейнерде тасымалдануға тиіс. Метроға тек арнайы иттер кіре алады.
Итті дүкенге кіргізуге бола ма?
Иә, бірақ тек азық-түлік дүкендеріне емес. Қоғамдық тамақтану орындары мен азық-түлік дүкендеріне тек арнайы иттерге кіруге рұқсат. Қалған жағдайда – ит қарғыбау, тұмылдырық таққан және тыйым салынған белгі болмаса, кіре алады.
Иттің нәжісін тазалау міндетті ме?
Иә, міндетті. Әрбір жануар иесі арнайы пакет алып жүруі және нәжісті жинап, қоқыс жәшігіне тастауға тиіс.
Үйде қанша жануар ұстауға болады? Көршіден рұқсат керек пе?
Жаңа ережеде жануар санына шектеу жоқ. Бірақ оларды санитарлық талаптарға сай ұстау міндет. Қоғамдық үйде (жатақханада) ұстау үшін көршілерден жазбаша рұқсат алу қажет. Кіреберіс, жертөле, шатыр немесе аулада ұстауға болмайды. Егер жануар антисанитария туғызып, көршілерге кедергі келтірсе, сот шешімімен алып қойылуы мүмкін.
Жануарларға вакцина салдыру міндетті ме?
Иә. Үш айдан асқан ит пен мысыққа құтыруға қарсы екпе міндетті. Вакцинация жасалмаған итті серуендетуге болмайды. Терідегі паразиттер мен ішкі құрттарға қарсы дәріні тоқсан сайын беру қажет.
Жануарды арнайы базаға тіркеу керек пе?
Иә. Жаңа ереже күшіне енгеннен кейін бір жыл ішінде тіркеу керек. Бұл кез келген лицензиясы бар ветклиникада жүргізіледі. Тіркеу кезінде жануар мен иесі туралы мәлімет базаға енгізіледі, ветеринарлық паспорт беріледі.
Жануарды чиптеу міндетті ме?
Жоқ, бұл – ерікті шара. Бірақ ұсынылады. Егер жануар жоғалса, чип арқылы иесін оңай табуға болады.
Стерилизация міндетті ме?
Иә. Бақылаусыз көбеюге жол берілмейді. Ит пен мысықты стерилизациялау немесе кастрациялау қажет, тек арнайы рұқсатпен тіркелген кинологиялық немесе фелинологиялық ұйым мүшелеріне бұл талап қолданылмайды.
Жеке аулаңызда ит болса, ескерту ілу керек пе?
Иә. Үйдің кіреберісіне кемінде 20×30 см көлемде "Ит күзетеді!" деген жазуы және иттің суреті бар тақтайша ілу міндетті.
Егер жануарды ұстауға мүмкіндігім болмаса не істеймін?
Жануарды лақтыра салуға болмайды. Оны басқа иеге беру, орталыққа немесе Ветеринария орталығына өткізу керек. Көшеге шығарып тастауға заңмен тыйым салынған.
Жануар өлсе не істеу керек?
Өлген жағдайда бұл туралы ветеринарияға хабарлау керек. Жануардың өлексесін қала аумағында көмуге немесе қоқысқа тастауға болмайды. Арнайы рұқсаты бар мекемеге (мысалы, Ветеринария орталығына) өткізу қажет.
Жануарды басқа қалаға апарғым келсе ше?
Жануардың ветеринарлық паспорты болуы керек, құтыруға қарсы вакцинация кейінгі бір жылда жасалған болуы қажет. Үш айға толмаған күшік пен мысықты вакцинасыз алып баруға болады.
Мысықтарға қандай ережелер бар?
Серуендеуге қатысты ерекшелік жоқ. Бірақ тіркеу мен вакцинация - міндетті шара.
Бұдан басқа?
Жануарларды терісі мен еті үшін союға тыйым салынған. Ит төбелестерін ұйымдастыру да заңсыз. Жануарды көлікте қалдырып, терезені жабуға болмайды. Жануарларға қатыгездік танытуға, аш қалдыруға немесе қараусыз тастауға тыйым салынған.
Бұл ережелерді бұзса не болады?
Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 408-бабы бойынша – ескерту немесе 3 АЕК (шамамен 7 215 теңге) айыппұл. Егер адамға немесе мүлікке зиян келтірсе – 10 АЕК (шамамен 24 050 теңге). Қатыгездік көрсетіп, жануардың өліміне немесе жарақат алуына себеп болса – Қылмыстық кодекстің 316-бабы бойынша 200–500 АЕК айыппұл, қоғамдық немесе түзету жұмыстары, не 60–90 тәулікке дейін қамауға алынады.
Айта кетейік, Алматы қалалық мәслихаты 2018 жылы иттер мен мысықтарды асырау және серуендетудің жаңа ережелерін бекіткен еді.
Еске салайық, бұған дейін ит пен мысық асырауда қанша шығын кететінін есептеп көрген еді.