Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес - мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Құқық қорғау органдары, бақылау мекемелері және сот жүйесі қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау, алдын алу және жазалау бойынша жүйелі жұмыс жүргізеді. Соған қарамастан, жыл сайын жаңа деректер тіркеліп, жемқорлық "қоғамдық дертке" айналып барады. Aqsamnews.kz редакциясы бұған қатысты Бас прокуратураға ресми сауал жолдаған еді.
"Қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы статистикалық есептілікті Комитет ҚР ҚК және ҚР ҚПК шеңберінде қалыптастырып, Комитеттің qamqor.gov.kz ақпараттық сервисінің "Құқықтық статистика" бөліміндегі "Статистикалық есептемелер" қойындысында жариялайды", - делінген жауапта.
Оған сай, статистикалық мәліметтерді жылдар мен аймақтар бойынша алуға болатыны ескертілген. Жауапты органның нұсқауына қарай, сыбайлас жемқорлыққа қатысты кейінгі деректерді топтап көрдік.
Қазақстан бойынша қарашада Қылмыстық кодекстің әртүрлі баптары бойынша 100 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Олардың ішінде сыбайлас жемқорлық қылмыстары жетекші орын алады: - 33 пара беру дерегі, 17 пара алу дерегі анықталған.
Бұл көрсеткіш - тіркелген барлық құқықбұзушылықтың шамамен үштен бір бөлігі.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің мәліметіне сай, қарашадағы ҰҚК сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл нәтижелеріне сай, өтелген залал - (аяқталған қылмыстық істер бойынша) 409,6 млн теңге.
2025 жылғы сыбайлас жемқорлық қылмыстары: қай салаларда жиі кездеседі және қандай баптар бойынша өсім байқалады?
Қазақстанда тіркелген сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша ресми деректер Qamqor.gov.kz сайтында жаңартылып отырады. "Сыбайлас жемқорлық қылмыстар, оларды жасаған, сотталған адамдар, сыбайлас жемқорлық қылмыстары жөніндегі қылмыстық істердің қозғалысы және сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтардың субъектілері туралы" №3-К нысанының 1-4 бөлімдеріне жасалған талдау елдегі жемқорлық ахуалының жалпы деңгейін көрсетіп қана қоймай, қай салаларда және қандай баптар бойынша құқықбұзушылықтар жиі орын алатынын анықтауға мүмкіндік береді.
1228 қылмыс тіркелген: СДТБТ мәліметі
2025 жылы Соталды тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде (СДТБТ) 1228 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген.
Өндірісте болған істер саны - 1698, бұл сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің бір бөлігі алдыңғы кезеңдерден өткенін көрсетеді.
Тeргеумен аяқталған қылмыстық істер - 1037, оның 937-сі сотқа жолданған. Бұл көрсеткіш тергеу органдарының белсенділігін көрсетеді: аяқталған істердің 90%-ы сотқа берілген.
Қай қылмыстар жиі жасалады?
2025 жылғы сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтардың басым бөлігі мына баптар бойынша жасалған:
1) Пара алу - ҚРҚК 366-бабы
Ең көп тіркелген бап.
– 373 іс (1-бөлім)
– 210 іс (2-бөлім)
– 295 күдікті (4-бөлім)
2) Пара беру - ҚР ҚК 367-бабы
Пара алумен қатар пара беру де жоғары деңгейде.
– 457 іс (1-бөлім)
– 311 күдікті (4-бөлім)
3) Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану - 361-бап
– 160 іс (1-бөлім)
– 79 іс (2-бөлім)
4) Билікті асыра пайдалану - 362 бап
– 59 іс (1-бөлім)
– 31 іс (2-бөлім)
5) Алаяқтық (сыбайлас жемқорлық құрамымен) - 190-бап
– 272 іс
– 175 күдікті
Бұл қылмыс әсіресе мемлекеттік сатып алулар мен қаржылық процестерде жиі байқалады.
Жалпы алғанда, парақорлық пен лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану сыбайлас жемқорлықтың негізгі тетігі болып отырғаны тағы да расталды.
Қай мемлекеттік органда жемқорлық көп тіркелген?
4-бөлім деректері бойынша 2025 жылы сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасаған:
- 1199 адам – күдікті,
- 832 адам – қылмыс жасағаны дәлелденген,
- 704 адам – сотқа айыпталушы ретінде жіберілген.
Соның ішінде 109 адам – мемлекеттік қызметшілер.
Жемқорлық жиі анықталған салалар:
- Ішкі істер органдары
- Әкімдіктер және олардың бөлімшелері
- Қаржы және экономикалық бақылау құрылымдары
- Білім және денсаулық сақтау саласы
- Әділет және атқарушылық өндіріс органдары
Жмеқорлықтың өсуі немесе төмендеуі: қандай үрдіс байқалады?
№3-К нысанында алдыңғы жылдармен тікелей салыстырма берілмегенімен, сыбайлас жемқорлық құрылымы өзгермегені байқалады.
2025 жылы да:
-
пара алу/беру – ең кең таралған құқықбұзушылық;
-
қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілері жоғары;
-
мемлекеттік аппараттың барлық деңгейінде жемқорлық анықталған.
Бұл тенденциялар соңғы жылдардағы жағдайдың сақталып отырғанын көрсетеді.
2025 жылғы ресми деректер Қазақстанда сыбайлас жемқорлықтың әлі де жүйелі сипатқа ие екенін көрсетіп отыр. Қылмыстардың едәуір бөлігі басқарушылық шешімдер қабылданатын салаларда, сондай-ақ азаматтармен тікелей қарым-қатынас жасайтын мемлекеттік құрылымдарда тіркелген.
Пара алу мен пара беру қылмыстарының жоғары болуы мемлекеттік сектордағы ашықтық пен жауапкершілік мәселелері әлі де толық шешілмегенін аңғартады. Мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін тұлғалардың 100-ден астамының қылмыстық жауапкершілікке тартылуы – жүйелі реформа қажеттігін растайтын көрсеткіш.