Ана тілі – ұлттың бірден-бір паспорты.
Өз тіліне өзі қожа адамдар көбіне-көп үндемейді.
***
Ұлттың тілі – ұлттың ділі.
***
Балық тілсіз болса да,
Халық тілсіз болмайды.
***
Өз тілің – бірлік үшін,
Өзге тіл – тірлік үшін.
***
Өзге тілде сайрау қауіпті емес,
Өзге тілде ойлау қауіпті.
***
Тілі қатты таяқ жейді,
Тілі тәтті жая жейді.
***
Тіл сабап береді,
Бас жауап береді.
***
Ұлының тілін кессең де,
Ұлттың тілін кесе алмайсың.
***
Байлықта ұлт болмайды,
Ұлтта тілден асқан байлық болмайды.
***
Пұлсыз базар,
Тілсіз халық болмайды.
***
Көзге сыймайтын тау
Сөзге сыяды.
***
Тілі оралымды халықтың
Ойы да оралымды.
***
Ана тілін ұқпаған –
Ол жабайы түкті адам.
***
Сөз бостандығы деген –
Көмейге келген сөзді
Қанша жұтамын десең, сонша жұту.
***
Сөз жұту тас жұтудан ауыр.
***
Ой іздеп жүргенде сөзге,
Сөз іздеп жүргенде ойға тап боласың.
***
Керемет деген ой
Қарапайым сөздің қақпанына түседі.
***
Идиоманы идиоттар ғана бұзады.
***
Саясаткерлер өздерінің күрделі ойларын
Қат-қабат сөзге орап-орап жеткізеді.
***
Сөз сиқырынан асқан сиқыр жоқ.
***
Бір тонна қорғасыннан
Бір мысқал сөз ауыр.
***
Ой сөздің алдында кіріптар,
Әйтсе де сөз ойдың ығына жығылады.
***
Ой – көңілдің құлпы,
Орынды сөз – кілті.
***
Сұлудың сұлуы – сөз,
Ашуланғанда оның өңі қашады.
***
Тіл қан шығармайды,
Жаныңды шығарады.
***
Тіл өлтіреді,
Не тәубаңа келтіреді.
***
Тілдің жүзі жоқ, үші бар.
Одан ұшынған
Жаман ұшынар.
***
Тіл дегенің – сүю, құшу,
Махаббат боп пісу.
Ең бастысы – түсінісу.
***
Тіл – күрделі ойдың кілті.
***
Адамды адам қылған – тіл.
***
Үнсіз қалуға болады,
Тілсіз қалуға болмайды.
***
Тіл иесінен бұрын өлмеуге тиіс!
***
Тіл – ойдың қазыналы қоймасы.
***
О, Жаратқан!
Сөздің жақсысын жеткіз,
Жаманын сыныңнан өткіз!
***
Әсіре қызыл – көркемдіктің соры.
***
Сөз сәбиден жалаңаш,
Және сонысымен сүйкімді.
***
Сөздің бағасын түсірмей,
Бұлдай біл!
Айта білмедің екен,
Тыңдай біл!
***
Сөз үзілген жерде әңгіме де, достық та,
Қарым-қатынас та – бәрі де үзіледі.
***
Туыстықтың тамырында да тіл жатады.
***
Тілін сүймеген, тілін сыйламаған азамат –
Туыс емес – жат!
***
Ой мен тілдің тұтастығы
Ет пен терінің тұтастығындай.
***
Сөз – сеспей қатыратын қару.
***
Сөздің біреу білмейтін ғана емес,
Өзі де білмейтін мағынасы бар.
***
Махаббат көзден,
Ұғыну – сөзден басталады.
***
Сөз! Қайран сөз!
Мұз жүректі ерітеді.
Тас бауырды жібітеді.
***
Берген серт өлмесе,
Басталған іс өлмейді!
***
Сөз – ойдың жаңғырығы.
***
Қатты сөзден бас жарылып,
Тәтті сөзден тас балқиды.
***
Дос басқа,
Жау басқа.
Сөз айтып қайтесің
Меңіреу маубасқа.
***
Сөйлеуге – сөз,
Шайнауға – сағыз...
***
Жақсы сөз жауды қайтарады,
Жаман сөз сауды өлтіреді.
***
Аузың қисық болса да,
Тілің түзу болсын.
***
Қисық отырсаң да
Тура сөйле!
***
Тура сөз туғаныңа да жақпайды.
***
Сөзі дұрыстың
Өзі дұрыс.
***
Тура сөз темірді теседі.
***
Тілмен түйгенді
Тісіңмен шеше алмайсың.
***
Алақан қышыса – ақша,
Тіл қышыса – сөз.
***
Сөйлей білмеген пендеден,
Үре білген ит артық.
***
Сөздің жүйесін тапсаң,
Иесін де табасың.
***
Тиіскенге тіл қатпа.
***
Айта білген ауыз
Алласымен де тіл табады.
***
Айта білмеген ауыздан
Тыңдай білген құлақ артық.
***
Астың дәмі тұздан,
Ақылдың дәмі сөзден.
***
Бір сөз – аздау,
Бір сөз көптеу...
***
Мал күйіс қайырады,
Мылжың да сол...
***
Ойнап айтсаң да,
Ойлап айт.
***
Азаматтың несі артық,
Айнымайтын сөзі артық.
***
Ұзын сөздің – қысқасы,
Қысқа сөздің – нұсқасы.
***
Тіл – тиексіз,
Қиял – жиексіз.
***
Көздің оты бар,
Ойып түседі.
Тілдің жүзі бар,
Тіліп түседі.
***
Тіл ұзарғанда,
Бет қызарғанда.
***
Бастың түбіне тіл жетеді.
***
Бір ауызға
Бір тілдің өзі
Әрең-әрең сыяды.
***
Түртсең – көз шығады,
Шертсең – сөз шығады.
***
Жылы жер – қарды,
Жылы сөз – жарды ерітеді.
Жақсы сөз қай ауылдан шықса да бағалы.
Түсінушісін де, бағалаушысын да табады.
***
Тіл – у, тіл – бал.
Тілсіз адам – мал.
***
Судың ғана емес,
Сөздің де сұрауы бар.
***
Жел көтеріп кететін сөзде салмақ жоқ.
***
Сүйсіну – көзден,
Исіну – сөзден басталады.
***
Сөздің өзінде кінә жоқ. Мәселе айтушыда.
Біреу оны мұзға аунатып,
біреу тұзға аунатып жеткізеді.
Енді біреу жүрегінің жылуына бөлеп жолдайды.
***
Тіл иесінен бұрын өлмеуге тиіс!
***
Әкім нашар сөйлесе,
Ақын нашар сөйлесе,
Ана тілде кінә жоқ.
***
Топтастыратын да – тіл,
От бастыратын да – тіл.
***
Бір ауызға бір емес, бірнеше тіл сыяды.
Бірақ, соған ана тілін сыйғыза алмасаң,
қазақ болмай-ақ қой!
***
Біздің кейбір балалардан
көкектің балапаны жақсы.
Олар өзге ұяда өссе де,
өз тілдерінде қақсайды.
***
Тіл қан шығармай-ақ қансыратады.
***
Қан шығаратын қанжардан
Қансырататын тіл мықты.
***
Жебе жай құр еттен өтеді,
Сөз жүректен өтеді.
***
Ұрлықтың төркіні түнде,
Төбелестің төркіні тілде.
***
Пілде тұлып жоқ,
Тілде құлып жоқ.
***
Мәселе қанша тілде кісінесуде емес,
Мәселе – бір тілде түсінісуде.
***
Ел сөйлесе бір тілде,
Сен де сөйле, іркілме!
***
Сүйексіз тіл сүйегіңді сындырады.
***
Сөз семсерден бетер –
Сеспей қатырады.
***
Ауру ауыздан кіреді,
Азап ауыздан шығады.
***
Дауды тіл бастап, қару аяқтайды,
Соғысты қару бастап, тіл аяқтайды.
***
Тіл – елдігің,
Бірлік – белдігің.
***
Тіл – білігің,
Бәйге бермес күлігің.
***
Тіл – ұлттың сүйенетін тамыры,
Сиынатын тәңірі.
***
Ұлттың өшуі тілдің өшуінен басталады.
***
Діннен безу – сұмдық,
Тілден безу – одан да бетер.
***
Тілдің бетін тіл ғана қайырады.
***
Тілді білмейтіндер емес,
Тілін білгісі келмейтіндер қазақ емес!
***
Тіл біреулерге алдау үшін,
Біреулерге ақталу үшін керек.
***
Тіл өзі не? Анатомиялық атау ма?
Әлде суық қару ма?
***
Кейбір басшылардың ана тілі – өтірік.
***
Тіл – қадірің,
Дін – қасиетің.
***
Ана тілің алпыс тілге татиды.
***
Өгіз де өз тілінде мөңірейді,
Қорсылдаған құлынды көрген жоқпын.
***
Ана тілің – асылың,
Оны білмеген – масылың.
***
Адам Алласына ана тілінде жалбарынады.
***
Халық патшаның тілінде емес,
Патша халықтың тілінде сөйлесін!
***
Дінсіз адам – кәпір,
Тілсіз адам – пақыр.
***
Ана тілім болмаса, мына тілім бар деме,
Ана тілге лайық басқа тілді бермеген.
***
Әрбір халық өзінің ана тілінде ғана бақытты.
Тіл – кейде қару, кейде дару.
***
Қазақ тілінің ұлылығы сонда:
Бұл тілде кейбір қазақтардың өздері де
сөйлей алмайды.
***
Ана тілінде сөйлемесең – құрып кет!
Ит болып үріп кет!
***
Дінге адам кіреді.
Сондықтан одан шыға алады.
Тілге адам кірмейді.
Ендеше одан қалай шығады?
***
Тілі шолақтың ойы шолақ.
***
Көзің жетпеген жерге сөзің жетеді.
Сөз оқтан ұшқыр,
Сүңгіден үшкір.
***
Жақсы сөз – жан әлдиі.
Ақынбыз деп қуанамыз,
Шын мәнінде дуанамыз.
***
Көздің тимейтіні жоқ,
Сөздің имейтіні жоқ.
***
Көзбен ойнасаң да,
Сөзбен ойнама!
***
Кешегі сөзді кешір,
Таңғы сөзбен өшір.
***
Ақыл қалжыраса,
Сөз былжырайды.
Абайсыз айтылған сөз –
Тасқа түскен жұмыртқа.
***
Сөздің салмағын ой өлшейді.
***
Тіліңмен сөйле,
Діліңмен қабылда.
***
Тіл балдан тәтті,
Удан ащы.
***
Тілмен сойған қан шығармай сояды.
***
Оттың қызуына тас балқиды,
Сөздің қызуына тасбауыр балқиды.
***
Тілі жұмсақ майда адам
Туысындай қайда да.
***
Тілдің ұшы жоқ – теседі.
Жүзі жоқ – кеседі.
***
Қалай ойласаң – солай сөйлейсің.
***
Көңілдің құлпын тіл ашады.
***
Сөзден жүрек жарылады.
***
Тіл – қауіпті қару.
***
Өз тілінде сайрайды тек ақының,
Өзге тілде шүлдірлейді мақұлық.
***
Дінін ауыстырған халық – қасқа халық,
Тілін ауыстырған – мүлде басқа халық.
***
Қай елде де
Тұрақты
Болу керек бір-ақ тіл!
***
Сөзге семсер төтеп бере алмайды.
***
Сөз сәйгүліктен бұрын жетеді.
***
Серт те сөзден тұрады.
***
О дүниедегі адамның өзі жетпесе де, сөзі жетеді.
***
Кеден тілге көлденең тұра алмайды.
***
Шешеннің де арғы атасы – тіл,
Көсемнің де арғы атасы – тіл.
***
Ұлттың тілін үйрену – міндет,
Адамның тілін білу – ұлылық.
***
Ана тіліңнен айырғанша
аузыңдағы тілді кескен дұрыс.
***
Көздің қызуынан асқан ыстық,
Сөздің ызғарынан асқан суық жоқ.
***
Ана тілін қадірлемейтін адам қай ұлтқа да
перзент боп жарытпайды.
***
Түсінісу – тілден,
Тістеспейді білген.
***
Жылататын да – тіл,
Жұбататын да – тіл.
***
Мұзға тайғанның – етіне,
Сөзге тайғанның сүйегіне таңба түседі.
***
Айтушының тілі жібектей болса,
Тыңдаушының көңілі үлектей.
***
Ақылдыны тоқтатқан сөз
Ақымақты тоқтата алмайды.
***
Сасыған ауыздан борсыған сөз шығады.
***
Тіл болмаса,
адам көп хайуанның бірі болып қалар еді.
***
Егеспеген адамның тақымын қайдан білесің,
Сөйлеспеген адамның ақылын қайдан білесің?
***
Тіл – тіс емес, ол үнемі таза болуға тиіс.
***
Тасқа қатты болған ләзім,
Тілге тәтті болған ләзім.
***
Көп сөйлеген сүрініп тынады.
***
Тілдес адамдардың өзара түсініспеуі
ақылға сыймайды.
***
Тіл – тереңдегіңді қайнатады,
Зереңдегіңді жайнатады.
***
Ойыннан шыққан өртті сөздің селі өшіреді.
***
Ғажайып қой өмір, тегі,
Кейде сөз де семіртеді.
***
Тілді біліп қана қою аз,
сен оның табиғатын түсін.
***
Түйетін де – тіл,
Шешетін де – тіл.
***
Французды менсінбейді парсы,
Қоян әсте қасқыр тіліне қарсы.
***
Қай тілде сөйлесең,
Сол тілде ойлайсың.
Қай тілде ойласаң,
Сол тілдің жанашырысың.
***
Тілден түңілме,
Тағдырың – тіліңде.
***
Қай елде тұрсаң – сол елдің тілінде сөйле.
***
Қанжар жұрт жоқ жерде сойып салса,
Тіл жұрт алдында сойып салады.
***
Көп тілді білген қор болмайды.
Ана тілін білмеген зор болмайды.
***
Өз тілінде сөйлей алмағандар
Өзге тілде оттайды.
***
Қанжар майыспайды – сынады.
Тіл сынбайды – майысады.
Және майысқан сайын қауіпті.
***
Тілді тістеуге болады.
Кесуге болмайды.
***
Күн тиген адам жазылады,
Тіл тиген адам жазылмайды.
***
Ойы анық адамның тілі
тайпалған жорға болады.
***
Бас ауруы тілден.
***
Тілді байлайтын да – ішімдік,
Шешетін де – ішімдік.
***
Жүзі қайтпайтын бір қару бар,
Ол – тура адамның тілі.
***
Адамның ақылы тілі арқылы анықталады.
***
Реніш – ұрыстың басы,
Тіл табысу – аяғы.
***
Ана тілі – сөйлейтін тілің ғана емес,
Ойлайтын да тілің.
***
Сөз – ақылдың автопортреті.
***
Ойдың кілті – оралымды тіл.
***
Шағыстыратын да – тіл,
Бітістіретін де – тіл.
***
Көңіл жыртығын сөз ғана жамайды.
***
Сөз сүйектен өтеді,
Тіл түбіңе жетеді.
***
Жаманды – сойыл,
Жақсыны – сөз өлтіреді.
***
Тілді ақылға байлап ұстамаса,
Дүниені бүлдіреді.
***
Ақылдының тілі – тіл,
Ақымақтың тілі – балалайка.
***
Марал мүйізінен,
Адам тілінен ұсталады.
***
Адамның тілі екі жүзді:
Бір тілінен бал ағады,
Бір тілінен у тамады.
***
Оңбаған сөз оңайда тұрады.
***
Тәтті сөз – удың,
Ащы сөз – дарудың қызметін атқарады.
***
Ұлттың ұршығы да ұлт тілінде зырылдауға тиіс.
***
Тіл табысу үшін
Бүкіл әлем бір тілде сөйлеуге міндетті емес.
***
Тіл үйрену бір бөлек,
Тіл табысу бір бөлек.
***
Тіліңе сақ бол,
Дініңе берік бол.
***
Тіл өтпейтін жерге танк те өте алмайды.
***
Көп тіл білген көмусіз қалмайды.
***
Тіл дегенің бізден үшкір,
Құстан ұшқыр.
***
Сөз наркозсыз сояды,
Қан шығармай қояды.
***
Сөзді сөз тоқтатады.
***
Тебіренген сөз тас қорғанның
Темір қақпасын ашады.
***
Сөз семсердің жүзін қайырады.
***
Кілтін таппасаң, тілін тап,
Тіл ашады барлығын.
***
Үш адам сөйлеседі,
Екі адам сырласады.
***
Ой – жалаңаш тән.
Тіл соның ішкөйлегі.
***
Тілдің ұшындағыны айтпа,
Көңілдің түкпіріндегіні айт.
***
Сүйексіз тіл
Сай-сүйегіңді сырқыратады.
***
Білімнен таяқ жемейсің,
Тіліңнен таяқ жейсің.
***
Саясаттан сүрінсең – мертігесің,
Тілден сүрінсең, өзіңді өзің өлтіресің.
***
Сөз ауыздан шыққанша
Көңілде әбден қайнауы керек.
***
Бір сөз – аз.
Екі сөз – көп.
Қос сөз содан шықса керек.
***
Тілі қысқаның ғұмыры ұзын.
***
Тілдің зардабын бас тартады.
***
Тілің тұнық болса,
Ойың анық болады.
***
Қабағына қарама, көзіне қара.
Аузына қарама, сөзіне қара.
***
Шешен сөзден шілтер тоқиды.