Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Қазақстаннан жүздеген прокурор майданға өз еркімен аттанды. Олар жаумен шайқаста нағыз батырлықтың үлгісін көрсетті. Алайда прокуратура қызметкерлерінің жеңіске қосқан үлесі, олардың тылдағы қажырлы еңбегі туралы екінің бірі біле бермейді. Сол себепті көпшілікке беймәлім тарихи тақырыпты қозғауды жөн көрдік.
Даңқты батырлар
Соғыс жылдарында прокурорлар да Отан қорғау жолында жан аямай шайқасты. Қаһарман прокурорлар арасында Кеңес Одағының батырлары бар. Атап айтсақ, олар – Нұркен Әбдіров, Мұса Баймұханов, Садық Әбдіжаппаров және халқымыздың мақтанышы, қолбасшы Бауыржан Момышұлы.
Бауыржан Момышұлының ерлігі мен әскери қолбасшылық қабілеті, әскери ғылымға қосқан еңбегі, жазушылық таланты туралы жұрт жақсы біледі. Аңызға айналған қолбасшының өмір жолы мен майдандағы ерлігі туралы көптеген ғылыми зерттеу, көркем шығармалар жазылып, деректі және көркем фильмдер түсірілген. Алайда Кеңес Одағының батыры 30-жылдары Жамбыл облысы Жуалы ауданының прокуроры болып қызмет еткені көпшілікке беймәлім. Оның өр мінезі, қайсарлығы, әділдігі мен өмірге деген көзқарасының қалыптасуына прокуратурадағы қызметі де ықпал етті деп ойлаймыз. Ол өзінің «Соғыс психологиясы» атты еңбегінде үлкенге құрмет, парыз бен ар-ожданды сезіну, қоғамдық тәртіп пен заңдарды мүлтіксіз сақтау – адамның бойындағы асыл қасиеттер екенін айтқан. Батырдың бұл сөздері әлі де өзекті және Мемлекет басшысы жариялаған «Заң және тәртіп» тұжырымдамасымен сабақтасып жатыр. Жеңістің 80 жылдығына орай батырдың келіні Зейнеп Ахметованың қатысуымен Жамбыл облысы прокуратурасы жанында мемориал тас қойылды, ал Жуалы ауданы прокуратурасы ғимаратына ескерткіш-тақта орнатылды.
Ал соғыстың алдында Қарағанды прокуратурасында тергеуші болған Нұркен Әбдіровтің ерлігі – бөлек әңгіме. Соғысқа аттанар алдында облыс прокуроры әскери комиссариатқа ол туралы берген мінездемеде былай деп жазылған екен: «тәртіпті, сабырлы, саяси сауатты». Осы бірауыз сөзден-ақ оның қандай адам болғанын көреміз. Нұркен Әбдіров таңғажайып ерлік жасаған десек, артық болмас. 1942 жылдың 19 желтоқсанында аңызға айналған ұшқыш-шабуылдаушы Нұркен Әбдіров серігі атқыш-радист Александр Комиссаровпен бірге отқа оранған ұшақты жау техникасы шоғырланған жерге бағыттап, он танк, екі зенит қаруын, ондаған жау офицері мен солдатын жояды. Сол кезде небәрі 23 жаста екен.
Кеңес Одағының батыры Мұса Баймұханов соғысқа дейін Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында прокуратурада тергеуші болып жұмыс істеген. Ол Қызыл Ту орденді Гатчин атқыштар дивизиясында взвод командирі болған. 1945 жылдың қаңтарында взводты Польшаның Одер өзеніндегі жұқа мұз үстімен өткізіп, жаумен шайқасқа түседі. Әскери тапсырманы ойдағыдай орындап, жауға тойтарыс беріп, негізгі күштердің арғы бетке өтуіне жағдай жасайды. Кіші лейтенант Мұса Баймұхановқа қаза тапқаннан кейін осы ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры атағы берілген. Батырдың құрметіне Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу қарсаңында Атырау қаласы прокуратурасы ғимаратына естелік тақта орнатылады.
1944 жылы «Багратион» операциясы кезінде Беларусьтың Батыс Двина өзеніндегі плацдарм үшін болған шешуші шайқаста көрсеткен ерлігі үшін Садық Әбдіжаппаров Кеңес Одағының батыры атанды. Осы ерлігінің арқасында кеңес әскері өзеннің арғы бетіне өтіп, шабуылды жалғастырған. Ол 1946 жылы майданнан оралып, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірді, біраз уақыт прокуратурада тергеуші болып қызмет етті. 1961 жылы мемлекеттік қауіпсіздік органдарында қызметін жалғастырып, 1988 жылы зейнетке шықты.
Ал тағы бір майдангеріміз – «Даңқ» орденінің үш дәрежесін де алған Фазыл Әділбаев. Ал бұл Кеңес Одағының батыры мәртебесіне теңестіріледі. 1943 жылы 17 жасында өзі сұранып майданға аттанып, Балтық жағалауы 370-атқыштар дивизиясы 1 232-атқыштар полкінің құрамында болды. Одақтас әскерлермен бірге Берлинді алуға қатысты. 1945 жылдың сәуірінде Берлинге жақын орналасқан Куперсдорф елді мекеніне алғашқылардың бірі болып кіріп, жау пулеметін жойды. Жарақат алғанына қарамастан шайқасты жалғастырып, қарсы шабуылды тойтарды. Соғыстан кейін Шығыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарының прокуратурасында қызмет атқарды.
Бұл – Кеңес Одағының батыры атанған прокурорлар туралы аз ғана мағлұмат. Тарихқа үңілсек, әрқайсысының өмір жолы аңызға бергісіз. Олардан бөлек, жүздеген қызметкер прокурорлық кителді әскери киімге ауыстырып, майданда ерлікпен шайқасты. Тек соғыстың алғашқы жылының өзінде прокуратура органдарының 885 қызметкерінің тең жартысы, яғни 411-і өз еркімен майданға аттанып, ерлікпен шайқасты.
Отан қорғағандар – заң мен тәртіп күзетінде
Соғыстан кейінгі алғашқы жылдары қоғамда заң мен тәртіпті жедел орнату, қылмыспен күресті күшейту өзекті мәселеге айналды. Архив мәліметтеріне қарағанда, 1947 жылдың өзінде КСРО-да 3 462 бандиттік топ, 32 095 қылмыскер жойылды. Осындай қиын-қыстау шақта кешегі майдангерлер елін қорғауды жалғастырып, енді қылмыскерлерге, ел тұтастығына іріткі салғысы келгендерге қарсы күресті. Сол себепті көптеген ардагер прокуратураға саналы түрде келіп, қоғамда заңдылықты нығайтуға, қоғамдық тәртіпті қалпына келтіруге, күрделі қылмыстық істерді тергеуге, сотта мемлекеттік айыптауды қолдауға атсалысты. Олар әділдік пен жазаның бұлжымай орындалуы үшін аянбай еңбек етті.
Олардың қатарында Өтеген Сейітов те бар. Ол 1923 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келді. Балалық шағы 30-жылдардағы ашаршылықпен тұспа-тұс келіп, бауыры Сағидолла екеуі ата-анасының қамқорлығынсыз қалды. Тағдырдың тауқыметіне қарамастан, ол мейірімді, әділ адам болып өсті. Өтеген Сейітұлы прокуратурадағы қызметін өте ерте, жасөспірім шағында бастады. 16 жасында Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасына құжаттарды тіркеу бөліміне жұмысқа орналасты.
Алайда көп ұзамай соғыс басталып, 1942–1945 жылдары майданда шайқасып, Сталинградты қорғаушылардың қатарында болды. Үш рет ауыр жарақаттанса да, майданға қайта оралды. Қызыл Жұлдыз, І дәрежелі «Отан соғысы», «Халықтар достығы» ордендерімен, басқа да марапаттармен наградталды.
Соғыстан кейін 1945 жылы желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы Келес ауданы прокуратурасына тергеуші болып қабылданды және қызметтік сатының барлық кезеңінен өтті. 1966 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін 18 жыл бойы Қазақ КСР Прокуратурасын басқарды.
Өтеген Сейітов тәуелсіз Қазақстанның құқықтық жүйесін қалыптастыруға үлес қосқан көптеген прокурорға тағылымды тәлімгер, ғибратты ұстаз болды. Олардың арасында егемен еліміздің Бас прокурорлары болған – Жармахан Тұяқбай, Степан Шуткин, Юрий Хитрин бар. Сондай-ақ оның шәкірттерінің қатарында көрнекті мемлекет қайраткерлері – Оңалсын Жұмабеков, «Халық қаһарманы» Қайырбек Сүлейменов сынды тұлғалар бар. Оның шәкірттері мен бүгінгі прокуратураның қызметінде адамға, оның құқығы мен бостандығына құрметпен қарап, ізгілік пен әділдікті арқау еткен «Сейітов мектебінің» ізі байқалады.
Бүгінде Ақтөбе қаласында, оның туған жері Шалқарда Өтеген Сейітовке арналған ескерткіштер орнатылып, көшелерге есімі берілді. Прокуратура органдарында 2023 жыл «Сейітов жылы» деп жарияланып, оның жүз жылдығы қарсаңында ардагердің ерлігі ұлықталып, еңбегі кеңінен насихатталды.
Тағы бір қаһарман кейіпкеріміз – Иван Гапич. 2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соғыс және прокуратура ардагері Иван Гапичке «Халық қаһарманы» атағын берді.
Расында, Иван Гапич – бір дәуірдің куәгері, бүгінде жасы 102-де. Ол 1941 жылдың қарашасында 375-жеке радиодивизион құрамында майданға аттанып, Мәскеуді қорғауға қатысты. Біраз уақыттан кейін арнайы мақсаттағы бөлімге ауыстырылып, жау басып алған Смоленск облысының аумағына жіберілді. Жау тылында жүріп, көпірлер мен теміржол жолдарын жарып, азық-түлік қоймаларын жойып, барлау жұмыстарын жүргізді. Мәскеуді қорғаудан бастап, Кенигсбергті, Беларусь қалаларын, Балтық жағалауы елдері мен Шығыс Еуропаны азат етуге дейінгі соғыстың ұзақ әрі азапты жолынан өтті. 1945 жылдың 24 маусымында Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен Жеңіс парадына қатысты. Елге 1947 жылдың наурызында оралды.
Қызықты жайттың бірі Иван Степанович небәрі 17 жасында майданға бару үшін жасын өсіріп көрсеткен. Өйткені бірнеше рет жасы жетпегендіктен, әскерге алынбаған. Жауынгерлік ерлігі үшін ол «Даңқ», Қызыл Жұлдыз, «Отан соғысы» ордендерімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Соғыстан кейін Алматыдағы Заң институтын бітіріп, 1951 жылы Қарағандыда аудан прокурорының көмекшісі болып еңбек жолын бастады. Кейін тергеуші, аудан прокуроры, облыс прокурорының орынбасары, облыс прокуроры қызметтерін атқарды. Прокуратурадағы еңбегі «Құрмет» және «Даңқ» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен бағаланып, КСРО және Қазақстан прокуратурасының құрметті қызметкері атанды. 1986 жылдан бері зейнет демалысында. Қазіргі таңда Орал қаласында тұрады. Ақылы кемел, ойы тұнық қария прокуратура жұмысына ерекше көңіл бөліп отырады.
Біз, прокуратура органдарының қызметкерлері Мемлекет басшысына ардагеріміз И.Гапичке «Халық қаһарманы» атағын бергені үшін шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе.
Прокуратура саласының ардагерлері
Прокуратура саласындағы ардагерлер туралы көпшілік біле бермейді. Олардың барлығын бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес, дегенмен бәрі де құрметке лайық. Солардың арасынан шоқтығы биік ардагерлерге тоқталып өтейік. Мәселен, қазақ заң ғылымының абызы, ұлттық заң білімінің негізін қалаушы академик-майдангер Салық Зиманов та прокуратура саласында еңбек еткен. Оның өмір жолы өнеге мен тәрбиеге толы.
Соғыс басталар алдында әскер қатарында болған ол 1941 жылдың күзіне қарай елге оралуға тиіс еді. Бірақ соғыс басталып, майдан даласына аттанды. Украина, Закавказье, Беларусь майдандарында шайқасты. Румыния, Польша, Германияны азат етуге қатысып, бірнеше рет ауыр жарақат алды. 66-механикаландырылған бригаданың артиллериясына қолбасшылық етіп, 651-жеке артиллериялық полк штабының бастығы болды. 1946 жылы гвардия майоры шенінде елге оралды. Қызыл Жұлдыз, І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Кавказды қорғағаны үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен және басқа да наградалармен марапатталды.
Соғыстан кейін Бүкілодақтық сырттай заң институтына оқуға түсіп, Гурьев облысының прокуратурасына орналасты, кейін Республика прокуратурасына аса маңызды істер жөніндегі тергеуші болып қабылданды. Салық Зиманов өзінің естеліктерінде білікті заңгер ретінде прокуратурада жұмыс істеп жүріп шыңдалғанын айтып отыратын. Ол 60 жылға жуық өмірін заң ғылымы мен құқықтық білім беруге арнады. Жоғарғы Кеңестің екі шақырылымының депутаты болып, қазіргі Қазақстанның құқықтық негізін қалаған «Мемлекеттік егемендік туралы» декларацияны, алғашқы Конституцияны, «Мемлекеттік Тәуелсіздік туралы» Конституциялық заңды әзірлеуге белсене қатысты. 90-жылдардың басында Жоғарғы Кеңес отырыстары тікелей эфирде көрсетілетін. Біз заң факультетінің студенттері қабылданған заңдарды қадағалап, Парламент мінберіндегі спикерлерді ерекше ықыласпен тыңдайтынбыз. Әсіресе Салық Зимановтың қарапайым, дәлелді, түсінікті сөздеріне тәнті болатынбыз.
Прокуратура органдары еңбек жолын осы салада бастаған ұлы ғалымды мәңгі есте сақтайды. Ардагердің құрметіне Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу қарсаңында Атырау облысы прокуратурасы ғимаратына ескерткіш-тақта қойылады.
Тағы бір майдангер-прокурор – 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі, прокуратураның құрметті қызметкері Лев Иванов. Ол 9-гвардиялық әуе-десанттық бригада мен 100-гвардиялық Свир атқыштар дивизиясы құрамында шайқасты. Соғыстан кейін прокуратураға жұмысқа тұрып, 1945 жылдың желтоқсанынан бастап елдегі заңдылықты қамтамасыз ету жолында еңбек етті. Целинный өлкесі прокуратурасының тергеушісі, Павлодар облысы прокурорының орынбасары, прокуроры, кейін зейнетке шыққанға дейін 16 жыл бойы Қостанай облысының прокуроры қызметін атқарды. Ол білікті криминалист ретінде ашылмаған қылмыстарды тергеу әдістемесін жасап шықты. Бұл әдістеме әлі күнге дейін қолданылады. Оның өмірбаянында ерекше орын алатын оқиға – 1959 жылы Свердлов облысы прокуратурасында жұмыс істеп жүрген кезінде атышулы «Дятлов тобы ісі» бойынша тергеу тобы құрамында болды. Лев Никитич І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін», «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Сапар Дүйсенұлы Дүйсенов те 1942 жылдан 1944 жылға дейін Оңтүстік-Батыс майданында 1-гвардиялық мотомеханикаландырылған корпус құрамында шайқасты. 1953 жылдан еңбек жолын Қарағанды теміржол прокуратурасының тергеушісі болып бастап, кейін Солтүстік Қазақстан облысында бірқатар аудандардың прокуроры болды. 1974 жылдан 1987 жылға дейін Солтүстік Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Сапар Дүйсенұлы І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен, сондай-ақ КСРО мен Қазақстан прокуратурасының құрметті қызметкері атағымен марапатталған. Оның Петропавл қаласындағы үйіне жақында ескерткіш-тақта орнатылды.
3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі, ІI дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен медальдардың иегері Анатолий Куропятник соғысқа 15 жасында жасөспірім кезінде кетіп, Украина, Молдова, Румыния, Польша, Германия майдандарында шайқасып, Прагада соғысты аяқтаған. Прокуратура органдарында ұзақ жылдар еңбек етіп, Көкшетау мен Целиноград қалаларының прокуроры, Маңғышлақ (қазіргі Маңғыстау) облысы прокурорының орынбасары, содан кейін Солтүстік Қазақстан және Талдықорған облыстарының прокуроры болып қызмет атқарған.
Соғыс жылдарында Армян КСР аумағы шекара отрядында мемлекеттік шекараны қорғап, әскери борышын өтеген Тәңірберген Толғанбаев та бізбен бірге Жеңістің 80 жылдығын қарсы алады. Әскерден босаған соң, 1949 жылы ішкі істер органдарына, Алматы облысы прокуратурасына қызметке тұрды. Қазір ол – ғасыр жасаған (102 жас) аңыз адам.
Біз соғыс жылдарындағы прокуратура тарихы туралы сөз қозғаған кезде Александра Капалинаны айтпай кетуге болмайды. Сол жылдары ол Қазақ КСР прокуратурасы қылмыстық-сот бөлімінің бастығы болып жұмыс істеді. 1945 жылы қажырлы еңбегін бағалап, «Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. А.Капалина көп жыл бойы Шығыс Қазақстан облысы прокуроры болды. Ол – КСРО-да облыс прокуратурасын басқарған жалғыз әйел.
Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың нағашысы майдангер-прокурор Бисембай Хабиев туралы қысқаша тоқталып өткім келеді. Айтпақшы, Әлия да кішкентай кезінде «мен де көкем сияқты прокурор боламын» деп айтады екен. Соғысқа дейін Бисембай Хабиев Ақтөбе облысында прокурордың көмекшісі болып еңбек еткен. 1941 жылдың жазында 312-атқыштар дивизиясының әскери тергеушісі ретінде майданға аттанған. «Қызыл Ту», ІI дәрежелі «Отан соғысы» ордендерінің иегері Бисембай Хабиев жеңісті Венгрияда қарсы алған. Соғыстан кейін Темір ауданының прокуроры, 1950 жылдан зейнетке шыққанға дейін Ақтөбе облысы прокурорының бірінші көмекшісі болып жұмыс істеді. Ол жас ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие беруге баса назар аудара отырып, өзінің қарындасы Әлия Молдағұлованың атын мәңгі есте қалдыру жолында көп еңбек етті.
Соғыс кезеңінде прокуратура соғыс жағдайына бейімделіп, толықтай қорғаныс мүддесі үшін жұмыс істеді. Прокурорлар қоғамдық тәртіпті, еңбек тәртібін қорғауды күшейтуге бағытталған әскери уақыт заңдарының қатаң сақталуын қамтамасыз етті. Әскери өнім жеткізу, майданға көмек көрсету, тылды нығайту заңдарының орындалуына бақылау жасады.
Соғыстың алғашқы күндерінде Қазақстанға жау қолына түскен өңірлерден миллиондаған адам, соның ішінде қарттар, балалар мен әйелдер эвакуацияланды. Олардың қатарында қылмыскерлер, дезертирлер, қарақшылар да болды. Республикада, әсіресе Алматы қаласында қылмыс деңгейі күрт өсті. Билік қылмысқа қарсы күресті күшейтуге мәжбүр болды. Сол себепті 1942 жылы тамызда Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесі, сол кездегі Үкімет, «Кәсіпорындарда, мекемелер мен тұрғын үйлерде өзін-өзі қорғау топтарын ұйымдастыру туралы» қаулы қабылдады. Осы қиын кезеңде (1942–1946 жыл аралығында) Республика прокуратурасын Асабай Мамытов басқарды. Ол прокуратура жұмысын әскери уақыт талабына бейімдеп, тылда заңдылық пен тәртіп орнатуда үлкен рөл атқарды. Зейнетке шыққаннан кейін докторлық диссертация қорғап, ұзақ жыл бойы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетінде ұстаздық етті. Өзінің мол тәжірибесін жас мамандармен бөлісті.
Осы орайда соғыстан кейін судья, прокурор, тергеуші болған көптеген ардагер-заңгер кәсіби қызметін ЖОО-ның профессорлары ретінде жалғастырғанын атап өту қажет. Мен оқыған Қазақ мемлекеттік университетінің заң факултетінде де ардагерлер сабақ берді. Олардың қатарында Юрий Басин, Нариман Жангелдин, Георгий Поленов, Виктор Пуриц, Абдуали Еренов, Владимир Попов, Станислав Савицкий, Элизар Зеликсон, Константин Котов, Аркадий Агушевич, Сағымбай Жақсымбетов және басқалар бар. Бұл кісілердің студенттерге деген қарым-қатынасы ерекше еді. Дәрістері өте қызықты өтетін. Кейде соғыс жылдарынан мысалдар келтіріп, оларды оқытатын пәнімен ұштастырып жеткізетін. Мысалы, Станислав Савицкийдің соғыстан ауыр жарақатпен оралса да (қолынан және аяғынан айырылған), өте ұқыпты, сыпайы, студенттермен әрқашан «Сіз» деп сөйлесетіні есімде қалыпты.
Жалпы, Жеңістің 80 жылдық мерейтойына орай ауқымды іс-шара өткізіліп жатыр. Қызметкерлеріміз соғысқа қатысқан аталары туралы мол дерек жинады. Бұл материалдар QR-кодты пайдалану арқылы цифрлық форматта Жеңіс мерейтойына орай жарық көретін альбомда сақталады.
Жеңіс құрметіне елордадағы Ботаникалық бақта бейбітшілікті, заңдылықты, тәртіпті сақтау жолында артылған аманаттың рәмізі болатын 80 ағаштан тұратын «Ардагерлер аллеясы» отырғызылды. Бұл ізгі науқанды облыс және аудан прокурорлары жалғастырады.
Соғыстан кейінгі қиын-қыстау жылдарды бастан өткерген прокуратура ардагерлерімен жиі жүздесу өткізіп тұрамыз. Олардың қатарында Маулімғазы Байбеков, Қайрат Кенжеболатов, Гүлжан Қарақұлова, Алла Баринова, Галина Мищенко, Есенгелді Кенжетаев, Алена Ақжарова, Қосжан Жәниұлы және басқа да азаматтар бар.
Сала қызметкерлері Жеңіс күніне орай әділетті Қазақстан құндылығының басты өлшемі дәстүрге, қаһармандық қағидатына адал болу екенін жақсы түсінеді дегіміз келеді.
Берік АСЫЛОВ,
Қазақстан Республикасының Бас прокуроры