Тозаң мониторингі ғылыми жұмыстың бір бөлігі ретінде қолға алынған, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қазақстан халқына Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев білім, ғылым мен инновацияны қазіргі дәуірдің басты қозғаушы күші деп атап, білікті ғалымдарды қолдаудың маңыздылығына тоқталды.
Қолданбалы ғылыми зерттеулердің бір мысалы – Алматы қаласындағы аэробиологиялық мониторинг. Оның аясында ғалымдар ауадағы аллергенді өсімдіктердің тозаң мөлшерін бақылап отыр. Жоба деректеріне сәйкес, тозаң мөлшері сыни деңгейге жеткен күндердің саны 40%-ға, ал аса жоғары деңгейдегі күндер саны 138%-ға артқан. Бұл туралы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті жанындағы Халықаралық вакцинология орталығының директоры Қайсар Табынов мәлімдеді.
Жоба 2025 жылы басталған. Бастапқыда ол аллергияға қарсы вакцина әзірлеуге бағытталған болатын. Ал тозаң мониторингі ғылыми жұмыстың бір бөлігі ретінде қолға алынған. Қазір зерттеушілер зерттеу нәтижелерін қала тұрғындарына қолжетімді етуді көздеп отыр.
«Біз бұл ақпараттың тек ғылыми ортада ғана қалып қоймай, тұрғындарға да қолжетімді болғанын қалаймыз», – деді Қайсар Табынов.
Мамандар тозаң концентрациясы бір текше метр ауада 800 дәнге жеткен күндерді аса жоғары деңгейдегі күндер деп есептейді. Сарапшының айтуынша, бұл – жүктеменің бесінші деңгейі. Мұндай жағдайда бұрын аллергиямен ауырмаған адамдардың өзінде аллергиялық реакция пайда болуы мүмкін.
«Биыл тозаңдық жүктеме деңгейі айтарлықтай өсті. Тозаң мөлшері сыни деңгейге жеткен күндердің саны 40%-ға, ал аса жоғары деңгейдегі күндер саны 138%-ға артты», – деп атап өтті орталық директоры.