ffin.kz

Президент Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісін өткізді

Президент Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісін өткізді akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Жиынға Президент Әкімшілігі мен мемлекеттік органдардың басшылары, ІІМ Алқасының мүшелері және орталық аппараттың басшылық құрамы, өңірлік полиция департаменттерінің, аумақтық қылмыстық атқару жүйесі департаменттерінің басшылары қатысты.



Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігі мемлекеттік басқару жүйесінде айрықша рөл атқаратын құрылым екенін атап өтіп, қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыспен күресу аса маңызды міндет саналатынын айтты.




– Тәртіп сақшыларының қызметі оңай емес. Бұл белгілі. Күн-түні жұмыс істейтін кездер жиі болады. Қауіп-қатер де бар. Тәулік бойы, яғни 24 сағат бойы сақадай сай болу үшін ерекше қажыр-қайрат пен төзімділік қажет. Себебі қиын жағдайға тап болған жандар, ең алдымен, полициядан көмек күтеді. Азаматтарымыз сіздерге мемлекеттің, яғни биліктің өкілі ретінде қарайды. Қауіп-қатерден қорғайды деп сенеді. Сондықтан сіздерге әрдайым орасан зор жауапкершілік жүктеледі, – деді Мемлекет басшысы.



Президенттің айтуынша, полиция халықтың құрметіне ие мамандықтың бірі болуы керек. Сондықтан қазір ішкі істер органдарының жұмысын жетілдіруге баса мән беріліп, полиция қызметінің сервистік моделі енгізіліп жатыр.



– «Жұртқа жақын полиция» қағидатын орнықтыру үшін нақты шаралар қабылдануда. Осы қарқынды тоқтатпау керек. Пилоттық жоба аясында қол жеткен жетістікпен шектеліп қалуға болмайды. Ашығын айтқанда, қызмет көрсетудің сервистік моделі туралы тек мамандар ғана айтып жүр. Қарапайым азаматтар мен қоғам өкілдері пікір білдіріп жатқан жоқ. Бұл – халық оның нақты нәтижесін, оң өзгерістерді көріп жатқан жоқ деген сөз. Сондай-ақ сотқа дейінгі тергеу саласына да назар аударған жөн. Бұл – құқық қорғау жүйесіндегі мемлекеттік қызметтің ерекше бір түрі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



Президент қоғамдағы алаяқтық әрекеттерге тағы бір өзекті мәселе ретінде арнайы тоқталды.



– Қазір көптеген азаматтарымыз алаяқтардың айласына түсіп, алданып қалып жатыр. Сондықтан құқық қорғау органдары алаяқтарға қарсы табанды күрес жүргізуге тиіс. Оларға ешқандай жеңілдік жасалмауы керек. Себебі алаяқтардың жасаған әрекетінен халық зардап шегуде. Мысалы, жақында бір туристік компания заңға бағынатын бір топ азаматты алдап, оларды қажылыққа жіберген. Енді кінәсіз адамдар Сауд Арабиясының полиция учаскесінде қамауда отыруға мәжбүр. Осындай алаяқ компанияның заңға қайшы әрекеті азаматтарымыздың денсаулығына, олардың моральдық жағдайына және жалпы еліміздің беделіне үлкен нұқсан келтіріп отыр. Бұл жерде, әрине, адамдардың құқықтық сауатсыздығы да бар. Енді мемлекетіміз, яғни Сыртқы істер министрлігі оларға барынша көмектесуі қажет. Ал Ішкі істер министрлігі алаяқ компанияның басшылығын, қызметкерлерін заңға сәйкес жауапқа тартуға тиіс. Әділетті қоғам құрамыз десек, дәл осындай өзекті мәселелерді шешуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.      



Мемлекет басшысы полицияның жоғары деңгейдегі өкілдері университеттерге, мектептерге барып, заңдарды жастарға түсіндіруі керек екенін айтты. Әсіресе, заң бұзудың салдарын анық көрсетуі қажет.



– Өкінішке қарай, біздің жастарымыздың арасында заң сауатсыздығы кеңінен таралған, басқа сөзбен айтқанда, жастарымыз заңды білмейді, заңды сақтаудың мән-маңызын түсінбейді. Ал мұндай құқықтық сауатсыздықтың салдары өте ауыр. Мен әрбір жиында қоғамымызда заң үстемдігі болу керек, соның негізінде тәртіп болу керек деп айтып жүрмін. Полиция қызметкерлері осы қарапайым тұжырымдаманы халыққа, азаматтарға, әсіресе, жастарға жеткізуі керек, – деді Мемлекет басшысы.



Президент азаматтарымыз қиын жағдайға тап болғанда билік өкілдері әділдікті тез арада қайта орнатады, кінәлілерді жауапқа тартады және шығынды өтеуге көмектеседі деп үміттенетінін айтты. Сондықтан арыз-шағымдарды барынша жылдам әрі кәсіби түрде қарастырып, әрекет ету қажет.



– Алайда шағымдардың көптігі құқық қорғау жүйесінің бұл міндетті тиісті деңгейде атқара алмай жатқанын көрсетеді. Азаматтар жылдар бойы талай мекеменің табалдырығын тоздырып, нақты жауап таппай, шындыққа қол жеткізе алмай жүр. Сондықтан менің тапсырмам бойынша Құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі комиссия қылмыстық және қылмыстық процестік заңнаманы жетілдіру туралы заң жобасын әзірледі. Бұл құжат тергеушілердің және анықтаушылардың жұмысын жеңілдету үшін керек. Басты мақсат – оларды артық рәсімдерден, құжаттардан арылту. Түптеп келгенде, мұның бәрі сіздерге көмек сұрап келген азаматтар үшін жасалып жатыр. Бюрократия жойылса, полицияның уақыты үнемделеді, күш-қуаты босқа жұмсалмайды. Азаматтардың өзекті мәселесін шешуге көбірек мүмкіндік туады. Біздің азаматтарымызға құрғақ есептер емес, сіздердің қызметтеріңіздегі елеулі өзгерістер мен нақты нәтижелер қажет. Сервистік модельдің мәні – осы. Оның негізгі тәсілдері полиция қызметінің барлық аспектілері мен салаларына енгізілуі керек, – деді Президент.



Мемлекет басшысы отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысының тиімділігін арттыруға ерекше назар аудару керек екенін атап өтті.



– Статистика көңіл көншітпейді. Соңғы екі жарым жылда үйдегі зорлық-зомбылықтың салдарынан 300 адам көз жұмды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 878 фактісі және орташа зиян келтірудің 808 фактісі тіркелген. Осындай құқық бұзушылықтар бойынша 37 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жағдайды түзеу үшін алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізу қажет. Бұл жерде учаскелік инспекторлар шешуші рөл атқарады. Уақтылы шаралар қабылданса, отбасылық және тұрмыстық ұрыс-керіс кезінде жасалған қылмыстардың көпшілігінің алдын алуға болар еді. Яғни біреудің өмірі мен денсаулығын сақтап қалар едік. Мұны тәжірибе көрсетті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



Президенттің пікірінше, құқық қорғау органдары әрқашан басты назарда ұстауға тиіс тағы бір маңызды мәселе – жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру.



– Соңғы үш жылда жол-көлік оқиғаларының саны 9 пайызға өсті. Оның салдарынан 6,5 мыңнан астам азамат қаза тауып, 55 мыңнан астамы жарақат алды. Шын мәнінде, біз жыл сайын ірі елді мекендердің халқынан айырылып отырмыз. Бұл – еліміз үшін нағыз қасірет. Біз адамдардың өмірі мен денсаулығы ең басты құндылық екенін үнемі айтамыз. Сондықтан жағдайды түзеу үшін жүйелі шаралар қабылдау керек. Ең алдымен, барлық азаматтың назарын жол жүру ережелерін мүлтіксіз сақтауға аудару керек. Мәселен, жаяу жүргіншілердің кінәсінен тек биылдың өзінде 164 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 24 адам қаза тапты, 142 адам жарақат алды. Апаттардың көптігі жол қауіпсіздігі деңгейінің автомобильдер санының өсіміне сай келмейтінін көрсетеді. Бұл жол инфрақұрылымына да, оның қауіпсіздігіне жауап беретін қызметтердің жұмысын ұйымдастыруға да қатысты. Жуырда ғана электр самокаттарын және басқа да жеке көлік құралдарын пайдалану тәртібін реттейтін заң қабылданды. Енді көліктің жаңа түрлерін іс жүзінде қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



Бұл ретте Мемлекет басшысы ел аумағына ретсіз әкелінген шетелдік көліктер де жолдағы жағдайды ушықтырып жібергенін айтты.



– Мұндай көліктерді тізгіндеген жүргізушілер жол жүру ережесін өрескел бұзды және көбіне жазасыз қалды. Қазір менің тапсырмам бойынша бұл көліктердің мәселесін құқықтық тұрғыда реттеу үшін заңдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Уәкілетті мемлекеттік органдардың үстірт шешімі осындай көліктердің елге жаппай әкелінуіне себепші болды. Енді жіберілген олқылықтарды түзеуге мәжбүр болып отырмыз. Оның ішінде Ішкі істер министрлігінің де қателіктері бар. Бұдан бөлек, шетелдік көліктерді әкелумен және оны есепке қоюмен айналысатын қылмыстық схемалар пайда болды. Оған полиция қызметкерлерінің де қатысы бар. Әділетті әрі құқықтық мемлекетте бүкіл құқық қорғау жүйесінің атына кір келтіретін мұндай заңсыздықтарға жол берілмеуі керек, – деді Мемлекет басшысы.



Президент айрықша назар аударған тағы бір өзекті мәселе – ұйымдасқан қылмыспен күрес. Оның айтуынша, ел ішінде болған жайттар, сондай-ақ төңірегіміздегі геосаяси кеңістікте болып жатқан оқиғалар ұйымдасқан қылмыстық топтармен ымырасыз күрес жүргізудің аса маңызды екенін көрсетті.



– Ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдерімен «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге баруға, астыртын мәміле жасауға, сыбайластыққа жол берілмейді әрі қатаң тыйым салынады. Кезінде Абай «Күшік асырап, ит еттім, ол балтырымды қанатты. Біреуге мылтық үйреттім, Ол мерген болды, мені атты» деп айтқан. Таяудағы оқиғалар қылмыс әлемінің өкілдері, түптеп келгенде, мемлекет пен заңға бағынатын азаматтарға қарсы бас көтеріп, саяси талап қоюға және өз дегенін жасатуға тырысатынын көрсетті, – деді Президент.



Сондай-ақ Мемлекет басшысы заңға бағыну мен құқық бұзушылықтың аражігін нақты ажырата білу қажет екеніне тоқталды.



– Қоғамда заң мен тәртіп қатаң сақталуы керек. Сонда ғана еліміз өсіп-өркендейді. Бұл – мызғымас қағида. Қылмыскерлермен күрес ымырасыз жүргізілуге тиіс. Бірде бір құқық бұзушылықты елеусіз қалдыруға болмайды. Мұнда ұсақ-түйек деген жоқ. Полиция қызметкері заңға бағынатын адамға құрметпен қарауы керек. Ал тәртіп бұзушылармен заң аясында сөйлесу қажет. Адамды азаптауға, қинауға, тергеудің тыйым салынған тәсілдерін қолдануға мүлдем жол берілмейді. Әрбір тәртіп сақшысы мұны жете түсінуге тиіс. Күнделікті жұмыста осы талаптар сақталса, азаматтардың полицияға деген сенімі артады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



Бұл ретте Мемлекет басшысы полицияға қоғам тарапынан да тиісті құрмет көрсетілуі керек деп санайды. Президенттің пікірінше, тәртіп сақшысының заңды талабына бағынбау, оған қоқан-лоқы көрсету, тіпті күш қолдану дұрыс емес. Мұндай жағдайда бұзақылар жауапсыз қалмауы қажет.  Әлеуметтік желіде полицияға қатысты түрлі бейнежазбалар бар. Кейбір адамдар қасақана арандатушылық жасайды. Сондай кезде ұстамдылық танытып, дөрекі әрекеттерге жол бермеу өте маңызды. Тәртіп сақшысы сауатты сөйлеп, өзін лайықты ұстауы қажет.


Президент сөзін қорытындылай келе, ішкі істер органдарының жұмысын мемлекет жоғары бағалайтынын атап өтіп, соңғы үш жылда атқарылған нақты шаралар туралы айтты.



– Жалақыны бірнеше рет көтердік. Тұрғын үй төлемдерін алатын қызметкерлер көбейді. Қазір олардың саны 38 мыңнан асты. Ұлттық ұланға қолдау көрсетілуде. Материалдық-техникалық базаны нығайту үшін жыл сайын қомақты қаржы бөлініп отыр. Инновациялық технологиялар енгізілуде. Жалпы, ішкі істер органдарына қолдау көрсетіле береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



Алқа мәжілісінде Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов сөз сөйлеп, нашақорлық, адам саудасы, тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты қоғамдағы кеселдер мен қылмыстың алдын алу және оларға қарсы күрес шаралары, сондай ақ құқық қорғау органдарында жүргізіліп жатқан реформалар жөнінде арнайы баяндама жасады.


Президент министрдің баяндамасына қатысты пікір білдіре отырып, нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресу үшін құқық қорғау органдары шұғыл  шаралар қабылдауы қажет екенін айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы алаяқтықпен күресуге бағытталған алдын алу шараларын күшейту маңызды екеніне назар аударды.


Бұдан бөлек, жиында Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев, Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров, Қарағанды облысы Полиция департаментінің бастығы Санжар Әділов баяндама жасады.  


Жиын алдында Президентке полиция қызметінде қолданылатын цифрлық  жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысына Ішкі істер органдарында  кибер қылмыс және есірткі қылмыстарына қарсы күрес, дактилоскопиялық тіркеу, отбасындағы зорлық-зомбылыққа профилактикалық бақылау жүргізу, көліктерді заңдастыру және  жол-көлік апатының материалдарын сақтандыру компанияларына онлайн беру секілді маңызды міндеттердің орындалуын оңтайландыруға бағытталған цифрлық технологиялар енгізіліп  жатқаны баяндалды.  Сондай-ақ Мемлекет басшысына Ұлттық ұлан мен туристік полицияның жаңа формасы таныстырылды.



Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:12

18:45

18:15

17:59

17:55

17:48

17:38

17:20

17:10

16:45

16:42

16:42

16:36

16:17

16:09

15:38

15:02

15:00

14:53

14:34

14:22

14:02

13:45

13:40

13:37