Жалпы, 2026 жылдың 10 айында барлығы 82 қылмыскер іздеуде болды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында полиция прокуратурамен бірлесіп, жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық жауапкершіліктен жалтарып, бой тасалап жүрген адамдардың, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жасырынған қылмыскерлердің жүрген жерін анықтау және ұстауға бағытталған ұйымдастырушылық және жедел-іздестіру іс-шараларының кешенін тұрақты түрде жүзеге асырып келеді.
Павлодар облысында полицияның жедел-іздестіру тобы Ресей ІІМ жедел қызметкерлерімен бірлесіп Мәскеу қаласында іздеуде жүрген қылмыскерді ұстады. Ол 1999 жылдан бері Павлодар қаласында жасалған қарақшылық шабуыл үшін полициядан бой тасалап, ұзақ уақыт бойы іздеуде жүрген.
Жалпы, 2026 жылдың 10 айында барлығы 82 қылмыскер іздеуде болды. Оның ішінде 62 қылмыскерді полицияның аумақтық бөлімшелері биыл іздеуге жариялаған. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде іздеуде жүрген 73 қылмыскер анықталды. Олардың біреуі адам өлтіргені үшін, 3-еуі қарақшылық шабуыл жасағаны үшін, 3-еуі тонау жасағаны үшін іздеуде болған. Бұл туралы Павлодар облысы ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Жасұлан Танжанов мәлімдеді.
Сонымен қатар қабылданған шаралар нәтижесінде облыс аумағында шет мемлекеттердің құқық қорғау органдары іздестіріп жатқан 31 қылмыскер анықталды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде шетел мемлекеттерінің аумағында жасырынып жүрген 7 қылмыскер анықталды. Іздестіру жұмыстары – полицияның жедел қызметіндегі басым бағыттардың бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар жазаның бұлтартпастығының негізгі қағидатын қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде жүргізіледі.