Пассионарий педагог

Пассионарий педагог almaty-akshamy.kz

Филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашұлы туралы бір үзік сыр

Задында пассионарий ұғымының бірнеше анықтамасы бар. Түркітанушы ғалым Лев Гумилевтің тұжырымдауынша, пассионарий озық идея үшін үлкен тәуекелге барса да шексіз жанқиярлықпен жұмыс істеуге дайын тұлға ретінде айқындалады. Үздіксіз ізденістің соңында жүретін пассионарий жандар шуағын маңайына шаша өзгелерге де кеудесін кернеген ізгі мұратын бірте-бірте сіңіре бастайды. Сол арқылы пікірлес, ұстанымдас адамдарды жанына шоғырландырғанын өзі де аңдамай қалатыны бар. Ізгі идеясы арқылы магнитше тарта білетін пассионарийге сай батыл мінез әрі-беріден соң нағыз көшбасшыға тән.

ДАНАЛЫҚ ПЕН ПАРАСАТТЫЛЫҚ МЕКТЕБІ

Ұлағатты ұстаз, көрнекті ғалым, жоғары білім саласының білікті ұйымдастырушысы – Намазалы Омашұлы пассиона­рийдің дәп осы анықтамасына әбден дөп келеді деп білем. Сәулелі ғұмырын сауабы мол ғылым мен білім саласына ар­нап келе жатқан елдің азаматы биыл жетпіс бестік мерей жасы­на даналық пен парасаттылығы қабысқан мол тәжірибемен келді.

Намазалы Омашұлы есімі­мен өз басым ең алғаш 1998 жылы «Егемен Қазақстан» га­зеті бетінен танысқаным есім­де. Ол тұста Журналистика фа­культетінің басшылығында болған даңғайыр декан факуль­теттегі оқу барысы туралы аға газетке ықшам сұхбат беріпті.

11-сыныптың оқушысы, әрі 16 жастағы ботатірсек бозбала мен үшін беймәлім, әрі сонысы­мен де тылсым көрінген журна­листика мамандығына ынтызар­лығымды оятқан, құлшынысымды арттырған тағ­дыршешті сұхбат сол болыпты. Әлбетте, оның алдында журна­листикаға дайындықпен келетін көп талапкер сияқты менің «Ұлан» балалар газетіне ара-тұ­ра тырнақалды мақалаларым шығып, балаң көңіліміз жазуға аз-кем төселіп қалғаны да бар- тын. Дейтұрғанмен, қазір ойлап қарасам, журналист болу, яки болмауымның нүктесін «Егемен Қазақстанға» шыққан сол бір шағын сұхбат қойған сияқты. 

«Бір адам мың адамға олжа салады» дейтін халық даналы­ғын қаперге алғанда бүгінде ғалымның 50 жылдан асқан сан қырлы ғылыми-шығармашы­лық ғұмырнамасында журна­листикаға таласы бар қаншама жастың қанатын қомдап, шабы­тын үстеп, тәлімгерлік жолға салғаны ұлағатты ұстаздың өзі­не де беймәлім шығар. Өйткені, профессор Намазалы Омашұлының қоластында тікелей шәкірті болғандары өз алдына, елдің әр қиырына тарайтын ба­сылымдарда жарияланған ұс­таздың ынталандыру сөздері әсер етіп, өмірін журналистика­мен байланыстыруға бел байла­ғандарда да қисап жоқ, сірә. Тәлім алған көптің қатарында біздің де бар екеніміз көңіліміз­ге зор медеу екен.

«ІЗДЕНУДЕН ШАРШАМАЙТЫН ЖІГЕРІҢ БОЛСЫН»

1999 жылдың күзінде ар­мандаған ҚазҰУ-дың Журна­листика факультетіне оқуға қа­былдандым. Алғашқы танысулар, ағынды дәрістер сияқты студенттік күйбеңнің көп әсері арасында «Егемен­нен» сұхбатын оқыған деканды көруге ынтық болдық. Жүрісі ширақ, кесіп-пішіп нақ сөй­лейтін домалақ жүзді салмақты тұлғаның түрі ә дегенде сұсты көрінді. 

Байсалды болмысын сез­гендіктен бірден ашық шүйірке­лесіп, араласып кете алмадым. Бірдеңе десем, «бетімді қайта­рып, қатқыл сөйлеп тастай ма?» деген үрей бойымды биледі. Қайткенде де қорқынышты жеңіп, деканның қабылдауына батылымды жинап бардым да, кірген бетте «мықты журналист қандай болуы керек, аға?» деген сауалды төтесінен тастадым. Декан кабинетіне баса-көктеп кіріп келген 1-курс студентінің бойын бір шолып, көзілдірігінің астынан сынай қарағандай бол­ды да, аз-кем үнсіздіктен соң «айналайын-ай, шалқар білімің, ізденуден шаршамайтын жі­герің болсын, ең бастысы көзде­ген мақсатыңа жеткізбей қой­майтын қайсар мінезің болсын» деді де, алдындағы қағаз-құжа­тына үңіле берді. Басқа ештеңе деген жоқ. Бірақ сол тәлімсөздің өзі маған жеткілікті еді. Өмір бойы санама жатталып, шалғай­дан бағдар беретін маяктай ғұ­мырлық бағытымды анықтап берген сөз осы болды.

Бәлкім, 1-курс студентімен болған 25 жыл бұрынғы кездесу ұстаздың есінде де жоқ болар. Өйткені, елу жылдық ғылыми- педагогикалық қызметінде ал­дынан талай студент, қилы жағ­дай өткен болар. Көңілі алабұртып, екінші үйіне айна­латын альмаматерінен ата-ана беретін жылулықтан кем емес шапағатты іздейтін білім алу­шыға университетте өткізген әрбір күн, әрбір сәт, секунд есте қалардай әсерлі, әрі жылдарға азық қадірлі. Оны жылдар алыс­таған сайын университеттен түлеп ұшқан білім алушылар жіті түсінеді екен. 20 жыл бұ­рын журфактың қабырғасынан үлкен өмір жолына қадам бас­қан біз де жылдар жылыстаған сайын түсініп келеміз. 

БИІК АДАМГЕРШІЛІКТІҢ ОЗЫҚ ҮЛГІСІ

Әлем ұстазы әл-Фарабидің «Тәрбие тұжырымдамасына» жүгінер болсақ, тәрбиелеуші (кемел адам) тұлға тұжырымын­да ұлы педагог «Тәрбиенің негізін қалаушы ұстаз» деп, «Ұс­таз білім мен тәрбие беретін адам ғана емес, ол адамгершілік пен мінез-құлықтың да үлгісі болуы тиіс» дей келе, оны «білімнің ғана емес, адамгершілік пен мо­ральдің да жетекшісі болуы ке­регін баса нұсқаған. Ұстазды өзі кемел адам болуға лайық тұлға болуы керек деп, мұғалімнің рөлін аса биік бағалағаны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, Намаза­лы Омашұлының бойында Фара­би тәпсірлеген биік адамгершілік пен ізгі моральдің озық үлгісі бар деп айтуға шәкірті санатын­дағы біздің де хақымыз бар деп есептеймін.

Жоғары білім мен ғылым саласының көрнекті тұлғасы, Гумилев айтқан пассионарийлік өн бойында молынан табыла­тын Намазалы Омашұлынан студент кезімізде өз алдына, кейінірек аспирант кезімізде де мол тағылым алдық. 2004 жылы журфактың аспирантурасына түсіп, Намазалы Омашұлына ғылыми жетекші болуын сұрап, алдына бардым.

Бұл тұста ұстазымыз Қаз­ҰУ-дың проректоры қызметін­де еді. Студент кездегідей аға­ның қабылдауына еркін кірдім де, жетекші болуын сұраған ойымды ашып айттым. Профес­сор әдеттегіше көзілдірігінің астынан үсті-басыма алдымен барлай қарап алды да: «не тақы­рып алмақ ойың бар?» деп сұра­ды. Телевизия қазанында тәжі­рибе жинаған практик маман ретінде тақырыбымды телеви­зия төңірегінде, дәлірегі өзім қызмет істеп жүрген ақпарат­тық-сарапатамалық бағдарла­маларға қарай бағыттағым ке­летінін айттым.

Проректор мені мұқият тың­дап алды да, ойымды құптап: «Кез келген диссертацияда екі нәрсе: зерттеу нысаны және ғылыми проблема болуы керек. Зерттеу нысаның – телевизия­ның ақпараттық бағдарламала­ры, проблемаң – ақпараттық бағдарламалардың даму мәсе­лелері. Таңдаған бағытың тың, әрі бұрын зерттелмеген тақы­рып екен. Сонысымен де қызық, әрі қиын. Қиын болатыны – зерттейтін салаң бойынша пай­даланылатын әдебиет тым жұ­таң. Сондықтан мұрағаттық құжаттармен көбірек жұмыс іс­теуіңе тура келеді. Бірақ не та­қырыпты алсаң да індетіп, әб­ден зерттеп алып жаз» деді. Сол сөз маған өмірлік бағдар болды.

 

АСА БАЙ ӨМІРЛІК ТӘЖІРИБЕСІ БАР КӨРНЕКТІ ТҰЛҒА

Ұстаздың тәлімінен әлі күн­ге өнеге алып келеміз. 2010 жылы «Қазақ телеарналарында­ғы ақпараттық бағдарламалар» тақырыбында кандидаттық дис­сертация қорғадым. Профессор Намазалы Омашұлының же­текшілігімен кандидаттық ең­бек қорғаған ең соңғы диссер­тант болдым. Себебі, 2011 жылы бұрынғы ғылым жүйесі бойынша кандидат және док­торлық диссертация қорғау тоқтатылды. Сол жылдан бас­тап, ағылшын-саксон жүйесі бойынша PhD докторантура енгізілгені белгілі.

2009 жылы профессор На­мазалы Омашұлы Астанаға қызметін ауыстырып, Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінде Журна­листика және саясаттану факультетін ашып, оның тұң­ғыш деканы болды. Мен де Еу­разия ұлттық университетінде 2011 жылдан бастап, қызмет ете жүріп ұстазыммен бір оқу ор­нында әріптес болдым. Профес­сор 2009 жылдан 2020 жылға дейін журналистика мәселе­лерін зерттейтін институтты басқарып, алаш журналистика­сына қатысты 21 томдық еңбек жазды. 

2021 жылы 70 жастық белес­тен асқан шағында ұлағатты ұс­тазымыз ҚазҰУ ректоры Жан­сейіт Қансейітұлынан қара шаңырақ – Фараби университеті­не шақырту алды. Араға 12 жыл салып, елордамыз Астанадан ару қала Алматыға оралған ұстазы­мызбен биыл қара шаңырақта қайта қауыштық. Жетпістің бе­сеуіне көрнекті тұлға аса бай өмірлік тәжірибемен келді.

Атап айтқанда, ұстаздың шәкірттері бір шоғыр: 20-дан аса кандидаттық, 6 докторлық қор­ғалды, ғылыми мектебі қалып­тасты: 7 ғылыми жобаның же­текшісі және соның негізінде жарық көрген 21 томның жалпы редакциясын басқарды. 3 том­дық шығарма жинағының, 6 мо­нографияның, 3 оқулықтың, 7 ғылыми-публицистикалық ең­бек пен очерк жинағының, 6 оқу құралы мен 500-ден астам ғылы­ми, публицистикалық мақала­лардың авторы.

Осы тұрғыдан алғанда, На­мазалы Омашұлы әл-Фараби трактаттарындағы тәрбие тұ­жырымдамасында айтылған кісілік әлеуеттің озық үлгісін көрсетіп, Лев Гумилевтың пас­сионарийлық теориясына сай келетін асқар бел азамат екенін жетпіс бестік белесінде бәріміз­ге тағы бір мәрте ұғындырды.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

20:34

19:42

19:30

19:01

18:43

18:11

17:50

17:23

17:12

17:03

17:01

16:46

16:31

16:30

16:16

15:50

15:18

15:05

14:54

14:49

14:36

14:19

13:47

13:36

13:30