Алматы қаласындағы жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған «Алматы жастары» бағдарламасы көптеген жас мамандарға өз баспанасына қол жеткізуге мүмкіндік берді. Солардың бірі – Әділжан Жабықбай.
Алматы қаласының тумасы, Қазақ автомобиль-жол академиясының «Инженер-механик» мамандығын тәмамдаған жас маман 2018 жылдан бері Алматы электромеханика колледжінде өндірістік оқыту шебері болып қызмет атқарып келеді. Ол баспаналы болу үшін мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндігін пайдалануды жөн көрген.
– «Алматы жастары» бағдарламасы туралы бұрыннан білетінмін, сондықтан мүмкіндік пайда болған кезде қатысуға шешім қабылдадым. Алғашқы жылы құжаттарымды тапсырғанымда, резервке ғана ілініп, жолдама ала алмадым. Бірақ үмітімді үзбей, келесі жылы қайта өтініш бердім. Құжат тапсыру қиын болған жоқ, бәрі электрондық форматта жүзеге асырылды. Екінші рет қатысқанымда, конкурс нәтижесі бойынша жеңімпаз атанып, бір бөлмелі пәтерге ие болдым. Қазір өз шаңырағым бар, тұрақты өмір сүруге мүмкіндік алдым, – дейді жас маман.
Әділжанның айтуынша, бұл бағдарлама жастар үшін үлкен қолдау. Алайда қазіргі нарықтағы баспана бағасы жыл санап өсіп келе жатқандықтан, бағдарлама аясында берілетін шекті соманы көбейту қажеттілігі туындап отыр.
– Үй бағасы айтарлықтай қымбаттап кетті, сондықтан «Алматы жастары» бағдарламасына бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтса деген ұсыныс бар. Көп жастар қазіргі таңда отбасылы, балалары бар. Сондықтан тек бір бөлмелі емес, екі немесе үш бөлмелі пәтер алуға мүмкіндік жасалса, бұл жастар үшін үлкен көмек болар еді, – дейді ол.
Жалпы, биыл 6000-нан астам алматылық мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары аясында баспаналы болады деп жоспарланған. Оның ішінде «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген ипотекалық несие алу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл бағдарлама жас мамандарға төмен пайызбен пәтер алу мүмкіндігін ұсынып қана қоймай, олардың болашаққа деген сенімін нығайтады.
Жастарға қандай жеңілдіктер қарастырылған?
Қазіргі таңда қалада 40 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр. Олардың қатарында халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар да бар. Баспана мәселесін шешу үшін мемлекет тарапынан бірнеше жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар ұсынылған. Олардың қатарында:
· «Алматы жастары» – 5%-дық жеңілдетілген несие, 35 жасқа дейінгі азаматтарға арналған.
· «Бақытты отбасы» – 2%-дық несие, көпбалалы отбасылар, 1 және 2-топтағы мүгедектер, жетім балалар үшін.
· «Шаңырақ» – 5%-дық жеңілдетілген ипотека, баспана кезегінде тұрған азаматтарға арналған.
Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалар аясында алғашқы жарнаның бір бөлігін өтеуге көмектесетін тұрғын үй сертификаттары қарастырылған. Бұл жас мамандарға тұрғын үй алуда үлкен жеңілдік береді.
Жастарға қолдау көрсететін осындай бастамалардың арқасында көптеген жас мамандар өз баспанасына қол жеткізіп, болашаққа нық қадам басуда.