ffin.kz

Өткен айда Қазақстанда жоғары білікті мамандарға деген сұраныс артқан

Өткен айда Қазақстанда жоғары білікті мамандарға деген сұраныс  артқан Сурет: Novie-adresa.ru

Жұмыс берушілер тарапынан белсенділіктің өсуі байқалды.


Қазақстандық жұмыс берушілер белсенділік таныта бастады. Өткен айда бос жұмыс орындар саны 38% өскен, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.


Еңбекмині берген мәліметтер бойынша, 2022 жылғы тамызда Электрондық еңбек биржасында 119,9 мың бос жұмыс орны және 93,9 мың түйіндеме орналастырылды. Өткен аймен салыстырғанда, бос орындар саны 38%-ға, ал өзекті түйіндемелер саны 33%-ға артты. Сонымен қатар осы шілдемен салыстырғанда жоғары білікті қызметкерлерге деген сұраныс 2 есе көбейді.



«Тамыз айының қорытындысы бойынша жұмыс берушілер тарапынан белсенділіктің өсуі байқалды, олардың басым бөлігі білім беру ұйымдарына қатысты. Бұл оқу жылының басталуына байланысты болды: білім беру саласындағы бос жұмыс орындарының саны шілдемен салыстырғанда 3 есеге артып, 34,2 мыңды құрады. Бұл ретте өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мектепке дейінгі білім беру мұғалімдері мен мамандарына сұраныс 24%-ға өскенін айта кету керек», – деді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ стратегия департаменті директорының орынбасары Ұлпан Шегенова.



Тамыз айының қорытындысы бойынша білім беру саласындағы мамандар тапшылығының артуы негізінен Алматы (4,4 мың бос орын), Қарағанды (3,1 мың бос орын) облыстарында және Алматы қаласында (3,8 мың бос орын) байқалады.


Бос орындар саны бойынша екінші және үшінші орындарда құрылыс саласының (4,4 мың бос орын) және ауыл шаруашылығы (4 мың бос орын) кәсіпорындары бар. Бұл ретте құрылыс саласындағы бос орындардың 70%-ы үш өңірге тиесілі: Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы. Ал ауыл шаруашылығы саласы мамандарының қажеттілігі Түркістан облысында анық көрінеді – онда саладағы бос орындардың үштен бірі жарияланды.


Тамыз айында жұмыс берушілер тарапынан ұсыныстың өсуі бос жұмыс орындарының саны 16%-ға төмендеген Шымкент қаласын қоспағанда, барлық өңірлерде болды. Жұмыс берушілер белсенділігінің артуы Жамбыл (ұсыныс 2 есе өсті), Атырау (+83%) және Батыс Қазақстан (+71%) облыстарында байқалады.



«Сонымен қатар ізденушілер тарапынан белсенділік Алматы қаласында (2,2 есе) және Алматы облысында (1,9 есе) едәуір артып, тиісінше 7,7 мың және 10,3 мың түйіндемені құрады. Аталған өңірлердегі белсенді түйіндемелердің негізгі үлесі мұғалімдер арасындағы ізденушілерге тиесілі болды: Алматыда 43% және Алматы облысында 30%. Өткен айда мұғалімдердің түйіндемесі Алматы қаласында 551-ден 3,1 мыңға дейін, яғни 5,6 есеге, ал Алматы облысында 5,4 есеге, 600-ден 3,3 мыңға дейін артты», –  деді Ұлпан Шегенова.



Сондай-ақ, жоғары білікті мамандарға сұраныс 2 есеге өсіп, 40 мың бос жұмыс орнын немесе бос жұмыс орындарының жалпы санының үштен бірін құрағанын атап өткен жөн. Сондай-ақ, жоғары білікті ізденушілер тарапынан ұсыныс 2 есеге жуық, 21,2 мыңнан 38,9 мыңға дейін өсті.


Соңғы айларда еңбек нарығының қажеттіліктері мен орта білікті мамандардың ұсынысы арасындағы тепе-теңдік сақталды. Осы санаттағы қызметкерлер үшін бос жұмыс орындарының саны ұсыныстан 1,7 есе асып түсті (28,3 мың түйіндемеге қарағанда 49,6 мың бос жұмыс орны). Ал біліктілігі төмен кадрларға сұраныс шамалы (+6%), 28,7 мыңнан 30,3 мың бос орынға дейін өсті. Ал ізденушілер тарапынан ұсыныс үштен бірге артып, 70,6 мыңнан 93,9 мыңға дейін жетті.


Сонымен қатар, жалақы өңірлер мен мамандықтар бойынша әр түрлі болады. Атап айтқанда, Атырау облысында ең жоғары еңбекақы ұсынылды, онда өнеркәсіптік альпинистер үшін 824 мың теңге жалақы алатын 20 бос жұмыс орны орналастырылды. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, сондай-ақ Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында жұмыс берушілер мемлекеттік органдардағы құрылымдық бөлімшелердің басшыларына 500 мыңнан 730 мың теңгеге дейін жалақы ұсынады.


Ең жоғары жалақыға сұраныс ғылыми қызметкерлер арасында байқалады – 2,7 млн теңге, бас директорлар – 2,3 млн теңге, авиация инженерлері – 1,6 млн теңге, кеніштер директорлары – 1,5 млн теңге және қосымшаларды әзірлеушілер-1,2 млн теңге. Бұл ретте жұмыс берушілер ЭЕБ-ға еңбекақының жоғары мөлшерін мемлекеттік ұйымдардың басшыларына – 640 мың теңге, бас технологтар мен қаржылық тәуекел – менеджерлерге – 500 мың теңге ұсынады.


Осылайша, бос орындар мен түйіндемелер санының айтарлықтай өсуі іскерлік белсенділіктің дәстүрлі маусымдық жаңаруын білдірді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:43

17:13

17:12

16:43

16:09

15:49

15:10

14:44

14:14

13:43

13:13

12:44

12:12

11:41

11:11

10:43

10:36

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55