Жасөспірімдерге отбасында және оқу ордасында үйлесімді дамуға қалай көмектесуге болады? Қақтығыстардың алдын алу үшін не істеу қажет? Осы өзекті мәселелер 2025 жылғы 15 қыркүйекте Алматы мемлекеттік бизнес-колледжінде талқыланды
Алматы еліміздің білім беру үдерісінде көшбасшы болып қала береді. Қаладағы 88 колледжде 85 мыңнан астам студент білім алады. Әрбір жас маманның кәсіби дағдыларымен қатар, оңтүстік астанада эмоционалды интеллектіні дамытуға айрықша көңіл бөлінеді.
«Өтпелі кезеңді жастар көбіне студенттік жылдарда бастан өткереді. Бұл кезеңде әркім өз эмоциясын түсініп, басқара алмайды, өзге адамның сезімін сезіну де оңай емес. Сондықтан өзін-өзі тану, өзін-өзі реттеу, эмпатия және қарым-қатынасты басқару қабілеттері – тұлғалық қалыптасудағы басты кезең», – деп атап өтті Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің директоры Айнұр Мукажанова.
Қалалық әдістемелік сағатта «Педагогтер мен ата-аналар: қақтығыстардың алдын алу» тақырыбында мегаполистегі колледждердің тәрбие ісі жөніндегі директор орынбасарлары мен ата-аналар комитетінің өкілдері білім беру жүйесінің жаңа сын-тегеуріндерін талқылады. Цифрландыру, құндылықтардың өзгеруі және әлеуметтік қауіптердің артуы жағдайында отбасы мен оқу орындарының диалогы айрықша маңызға ие болуда.
Іс-шараға қатысушылардың айтуынша, тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана қақтығыстардың алдын алып, жасөспірімдердің үйлесімді дамуына жағдай жасауға болады.
Бұл шараның Отбасы күнімен тұспа-тұс келуі де символдық мәнге ие. Ол «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында өткізілді. Бағдарлама жастарды адалдыққа, жауапкершілікке және отбасылық құндылықтарға құрметпен қарауға баулуды мақсат етеді. Сонымен қатар, 2025 жыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланғандықтан, тәрбие жұмысы студенттердің еңбек пен болашақ мамандығына саналы көзқарасын қалыптастыруға бағытталуы тиіс екендігіне назар аударылды.
Кездесуде жетекші мамандар – Алматы қаласы Білім басқармасының Психологиялық қолдау орталығының әдістемелік жұмыс бөлімінің басшысы Әсем Жұманова, «Жан-Сая» дағдарыс орталығының директоры, «Кризистік орталықтар одағы» ЗТБ төрайымы Зүлфия Байсақова, Алматы қаласы «Отбасын қолдау орталығы» КММ психологы Светлана Пак және басқа да сарапшылар сөз сөйледі. Олардың қатысуы отбасын нығайту тақырыбының өзектілігін көрсетіп, іс-шараның маңызын арттырды.
Құрметті қонақтар қатарында Алматы қаласы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері де болды. Бұл олардың қатысуы отбасы институтын нығайту мен қақтығыстардың алдын алу тақырыбы тек білім беру жүйесімен шектелмей, мәдениет, әлеуметтік қолдау және гендерлік даму саласы сарапшыларын кеңінен тартуды талап ететінін айқындады.
Бағдарламаның маңызды бөлігі «Face2Face» театрының «Түсін мені» атты шағын қойылымы болды. Онда баланы уақытылы түсініп, қолдаудың қаншалықты маңызды екені көркем түрде көрсетілді. Кейін педагогтер мен ата-аналар топтарға бөлініп, нақты жағдайларды талдап, қақтығыстарды шешудің конструктивті жолдарын ұсынды. Мұндай формат шараны жандандырып қана қоймай, білімді тәжірибе жүзінде қолдануға мүмкіндік берді.
Әдістемелік сағат тәжірибе алмасу мен нақты ұсыныстар әзірлеу алаңына айналды. Қатысушылар алғаш рет қала деңгейінде педагогтер мен ата-аналар бір үстел басында бас қосқан мұндай шараның маңыздылығын ерекше атап өтті. Бұл тәжірибені жалғастырудың қажеттілігі баса көрсетілді. Кездесудің басты түйіні – жасөспірімдердің үйлесімді дамуы үшін педагогтер мен ата-аналардың сенімді ынтымақтастығы қажет.
«Береке басы – бірлік» – дейді қазақтың дана мақалы. Бұл қағида бүкіл шараның басты ұстанымына айналды: отбасы мен колледждің бірлігі – адал әрі жауапты қазақстандық азаматты тәрбиелеудің кепілі.