Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде Kinopark, Kinoplexx, CinemaMax және еліміздегі басқа да кинотеатрлар желілерінің өкілдерімен жұмыс кеңесі өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қатысушылар отандық кинопрокатты дамыту, көрермен үшін фильм көру мүмкіндігін кеңейту және мемлекет пен кино саласы өкілдері арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Кинопрокатты цифрлық форматта есепке алу мен бақылауға арналған «Е-кино» ақпараттық жүйесінің жұмысына ерекше назар аударылды. Тараптар жүйені жетілдіру, кинокөрсетілімдер туралы деректердің ашықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз ету мәселелерін қарастырды.
Сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидатына сай кинематография саласындағы заңнама талаптарын сақтау, көрермен талғамын ескеру және қазақ тіліндегі фильмдердің қолжетімділігін арттыру мәселелері сөз болды. Кинотеатрлар желілерінің өкілдері саладағы өзекті мәселелерді шешуге және уәкілетті органмен бірлескен жұмысты жетілдіруге қатысты ұсыныстарын ортаға салды.
Кездесу қорытындысында тараптар отандық кинопрокатты дамыту және киноөнімдердің халыққа қолжетімділігін арттыру бағытында бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін білдірді.