2015 жылы БҰҰ тұрақты даму мақсаттарын бекіткен еді. Ұзын саны 17 мақсат пен оған жетуді көздейтін 169 міндеттерді 2030 жылға дейін жүзеге асыруға әлем елдері уағдаласқан. Ол оған дейін қабылданған Мыңжылдық даму мақсаттарының орнын басты. Мұндай мақсаттар не үшін қажет, жалпы қажет пе? Екі даму мақсатының айырмашылығы қандай? Мінеки, осы сұрақтарға жауап іздеп көрсек.
Басты мақсат – кедейлікпен күрес
2000 жылы әлем елдері БҰҰ Штаб пәтері Нью-Йоркте жиналды. Мыңжылдық саммитінде ұйымға мүше мемлекеттер алдағы даму мақсаттарын белгілеген. Жаңа мыңжылдықта шешілуі тиіс мәселелер бар-тұғын. Жаһандық экономикалық теңсіздік, әлеуметтік даму, қоршаған ортаны қорғау, адам құқығын қорғау және гендерлік теңдік сияқты мәселелер қордаланып қалған еді. Бұларды шешу үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару қажет екені белгілі болды. Осы орайда 1998 жылы Мыңжылдық саммитін өткізу туралы шешім қабылданды.
2000 жылы 6–8 қыркүйекте Саммит «XXI ғасырдағы БҰҰ-ның рөлі» атты тақырыпта өтті. Шара соңында «Мыңжылдық Декларациясы» қабылданып, 8 даму мақсаты бекітілді. Бұл мақсаттарға 2015 жылға дейін жетуге қол қойған мемлекеттер уағдаласты. Ондағы басты мақсат – шектен шыққан кедейлікпен күрес. Ұзын саны 189 мемлекет келесі даму мақсаттарын айқындады:
- Шектен шыққан кедейлік пен аштықты жою;
- Жалпыға бірдей бастауыш білім берумен қамтамасыз ету;
- Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту.
- Бала өлімін азайту;
- Аналарды қорғау;
- АИВ/ЖИТС, туберкулез және өзге де аурулармен күрес;
- Экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету;
- Даму мақсатында жаһандық әріптестікті қалыптастыру.
Шектен шыққан кедейлік десе түсінбеуіміз мүмкін. Біздіңше айтқанда, тақыр кедейлікпен күрес. БҰҰ-ның есебі бойынша күніне әр адам 1,25 АҚШ долларына дейін жұмсаса, ол тақыр кедей болып саналады. 2015 жылы әлемде тақыр кедейлердің саны азайды. 1990 жылы дамушы елдерде 47% болса, 2015 жылы 14%-ға төмендеген.
Жалпыға бірдей бастауыш біліммен қамтамасыз ету бойынша да оң өзгеріс байқалған. 2000 жылы бастауыш сыныпқа бармайтын балалардың саны 100 млн болса, 2015 жылы 57 млн-ға төмендеген. Гендерлік мәселеде де алға жылжу байқалған. Қыз балалардың мектепке бару көрсеткіші мен әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге араласу көрсеткіштері жақсарған.
Ана мен бала денсаулығын қамтамасыз ету сияқты күрделі мәселе де оң шешімін тапқан. 1990 жылы 5 жасқа дейінгі балалардың өлімі 12,7 млн болса, 2015 жылы 6 млн-ға түскен. Ананың өлімі 45%-ға түскен.
АИВ/ЖИТС инфекциясымен ауыратындардың саны 40%-ға азайған. Экологиялық мәселе ушығып тұрғанына қарамастан аз да болса өзгеріс бар. Бұл мақсаттарға жету үшін қаражат қажет. Әсіресе, дамушы және артта қалған мемлекеттерге қаражат ауадай қажет. Осы орайда БҰҰ даму мақсаттарын бекіткен кезде әр ел ЖІӨ-нің 0,7%-ын өзге елдерге көмек ретінде беру мүмкіндігін енгізген еді. Дания, Люксембург, Норвегия, Біріккен Корольдік және Швеция бұдан да көп қаражат бөлген.
Әлі де атқарар жұмыс көп
Қол жеткізген жетістіктерге қарамастан әлем әлі де кедейліктен, гендерлік теңсіздіктен, экологияның нашарлауынан арылған жоқ. Соған сәйкес 2015 жылы БҰҰ 17 орнықты даму мақсаттарын бекітті. Мақсаттарға жету үшін 169 міндет қабылданды. 2030 жылға дейін барлық мақсат пен міндеттер жүзеге асуы керек. Осы орайда мынадай заңды сұрақ туындайды. Алдыңғы мақсатпен мұның айырмашылығы қандай?
2000 жылы жалпы даму мақсаттары қабылданған. Ал 2015 жылы «орнықты даму мақсаттары» бекітілді. Мұндағы негізгі сөз «орнықты» даму. Оның концепциясы экономикалық, әлеуметтік және экологиялық салалардың бірігуі арқылы құрастырылған. Яғни экологияға зиян келтірмей, өскелең ұрпақ жайлы ойлай отырып даму үрдісі. Қазақша айтқанда, Табиғат-Ананы аялай отырып, ұрпақтың несібесіне қиянат жасамай даму.
- Орнықты дамудың 17 мақсаты: кедейлікті жою; аштықты жою; денсаулық пен амандық; сапалы білім беру; гендерлік теңдік; таза су мен санитария; қолжетімді әрі таза энергия; лайықты жұмыс пен экономикалық өсу; индустриализация, инновация мен инфрақұрылым; теңсіздікті төмендету; тұрақты қалалар мен елдімекендер; жауапты тұтыну мен өндіру; климаттың өзгеруіне қарсы күрес; мұхит экожүйелерін қорғау; құрлық экожүйелерін қорғау; бейбітшілік, сот әділдігі мен мықты институттар; тұрақты даму мүдделеріндегі әріптестіктер.
Көріп тұрғанымыздай, бұл мақсаттар «Мыңжылдық мақсаттарға» қарағанда ерекше. Бастапқыда тақыр кедейлікпен күрес болса, қазір кедейлік пен аштықпен күрес жүруде. Енді бәрін жалпыға бірдей бастауыш біліммен қамтамасыз ету емес, сапалы білім беру мәселесі алдыңғы орынға шықты.
Орнықты дамудың басым бөлігі экологиялық мәселелерге арналған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ұсынған үнемшілік «жауапты тұтыну мен өндіруге» сай келеді. Одан басқа мұхит пен құрлық экожүйелерін қорғау да экологиялық бастамаларға жатады. Сол сияқты қолжетімді әрі таза энергия, яғни жасыл экономика жайлы да Жолдауда айтылған еді. Бұл тұрғыдан қарайтын болсақ, орнықты даму мақсаттары мен біздің ішкі саяси бағдарымыз бір жерде тоғысқан. Сондықтан орнықты даму мақсаттарын жүзеге асыру өзіміз үшін де қажет.
«Аlmaty-akshamy», №137, 16 қараша, 2023 жыл