Отыз күндік Рамазаннан кейін келетін Ораза айт – мұсылман қауымы үшін ең қастерлі де қуанышты мерекелердің бірі. Бұл күн – сабыр мен тақуалыққа тәрбиелеген оразадан кейінгі рухани шаттықтың, шүкіршілік пен ізгіліктің мерекесі, деп хабарлайды Aqshamnews.kz тілшісі. Бұл күні не істеу керек?
Ораза айт – тек діни мейрам ғана емес, адамдарды жақсылыққа, бауырмалдыққа, кешірім мен мейірімге үндейтін ерекше күн. Сондықтан бұл күнді мәнді өткізу үшін шариғатта және ұлттық дәстүрде орныққан ізгі амалдарға көңіл бөлу маңызды.
Ораза айттың исламдағы орны
Ислам тарихында айт мерекелерінің орны ерекше. Деректерге сүйенсек, Мұхаммед пайғамбар Мәдинаға келген кезде жәһилия дәуіріндегі ойын-сауыққа толы күндердің орнына мұсылмандар үшін екі ұлық мерекені – Ораза айт пен Құрбан айтты бекіткен.
Содан бері айт мерекелері мұсылман жұртының рухани өмірінде айрықша маңызға ие болды. Бұл күндер – құлшылықтың қабыл болуын тілеп, Жаратқанға шүкіршілік айтатын, көпшілікпен қуаныш бөлісетін мейрам ретінде орнықты.
Қазақ даласында айт мерекесінің мәні
Қазақ халқы да Ораза айт пен Құрбан айтты ежелден ұлықтаған. Тарихи деректер бойынша, 1921 жылы Орынборда қабылданған шешімге сай бұл екі мейрам үш күн бойы ресми түрде аталып өткен.
Сол жиынға Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейхан қатысып, ұлттық және рухани құндылықтардың сақталуына үлес қосқан. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін бұл мерекелер қайтадан өзінің ресми мәртебесіне ие болып, тарихи әділеттілік қалпына келді.
Айт күні орындалатын сауапты амалдар
Ораза айт күні мұсылман баласы бұл мерекені игі амалмен бастағаны абзал. Ең алдымен, пітір садақасын беру маңызды. Пітір садақасы Рамазан айының соңында, айт намазына дейін берілуі керек. Оның мәні – ораза кезінде жіберілген кемшіліктердің орнын толтырып, мұқтаж жандардың да мерекелік қуанышқа ортақ болуына мүмкіндік жасау.
Сондай-ақ бұл күні Алланы ұлықтап, тәкбір айту – сүннет амалдардың бірі. Үйден шығып, айт намазына барғанға дейін тәкбір айтып бару адамның жүрегіне шүкіршілік сезімін ұялатып, мерекенің рухын тереңірек сезінуге жол ашады.
Айт намазына қалай дайындалған жөн?
Айт күні мұсылманның сыртқы және ішкі тазалыққа мән беруі де маңызды. Сондықтан мерекеге ғұсыл алып, таза әрі көркем киім киіп барған абзал. Бұл – айт күнінің қадірін арттыратын әдептің бірі.
Сонымен бірге намазға шығар алдында тақ санмен құрма жеу – Пайғамбар сүннеті. Бұл амал Рамазан оразасының аяқталғанын білдіреді. Сондай-ақ айт намазына бір жолмен барып, екінші жолмен қайту да сүннет ретінде айтылады.
Айт – бауырмалдық пен татулық мерекесі
Ораза айт – реніш ұмытылып, адамдардың бір-біріне жақындайтын күні. Бұл күні ата-анаға, ағайын-туысқа, көрші-қолаңға арнайы барып сәлем беру – үлкен сауап. Дос-жаранмен қауышып, жақсы тілектер айту да мерекенің мәнін арттыра түседі.
Қазақы ортада айт күндері балалардың үй-үйді аралап, «айттық» сұрауы да кең тараған дәстүр. Бұл – баланың жүрегіне мерекенің қуанышын ұялатып, ұлттық болмыс пен діни мейрамның мәнін сезіндіретін жарасымды ғұрып.
Дастарқан жаю – ізгіліктің белгісі
Айт күнгі тағы бір сауапты іс – дастарқан жайып, келген қонаққа дәм ұсыну. Бұл – тек қонақ күту емес, адамдар арасындағы сыйластықты, туыстық байланысты нығайтатын маңызды дәстүр.
Жылы сөз айтып, өкпе-ренішті ұмытып, мұқтаж жанға көмектесу – айттың шынайы мазмұнын ашатын амалдар. Себебі бұл күннің қадірі тек мерекелік көңіл күймен емес, жасалған жақсылықпен өлшенеді.
Ораза айттың басты мәні неде?
Ораза айт – тек қуанышқа толы мереке емес, рухани жаңғырудың, шүкіршілік пен мейірімнің мейрамы. Бұл күні әр мұсылман Жаратқанға алғыс айтып, ізгі амал жасап, айналасына жылулық сыйлауға ұмтылғаны жөн.
Сондықтан Ораза айт күнін дұғамен, садақамен, жақсы ниетпен, ағайынмен қауышумен және ізгі істермен өткізу – мерекенің шынайы мәнін терең сезінудің бір жолы.