1 қыркүйектен бастап бастауыш сынып оқушыларының тоқсандық бағасы жаңа жүйемен есептеледі, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Енді қорытынды баға тек тоқсан соңындағы нәтижеге емес, оқушының күнделікті оқу барысына да байланысты болады.
50% — формативті бағалау. Оқушының сабақтағы белсенділігі мен орындаған жұмыстары 1–10 балдық жүйемен бағаланады. Бір тапсырма емес, сабақ барысында орындалған бірнеше жұмыстың нәтижесі ескеріледі.
50% — аралық бағалау. Әр оқу бөлімі аяқталған соң өткізіледі. Ең жоғары балл сыныпқа қарай өзгереді: 2-сыныпта — 12, 3-сыныпта — 14, 4-сыныпта — 16 балл.
Мұғалім әр пән бойынша оқушыны тоқсан ішіндегі сабақтардың кемінде 30%-ында бағалауы қажет.
Бұған дейін жеке бағаланбаған бірқатар пәндер де бағаланатын болады. Олардың қатарында цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект, еңбекке баулу, бейнелеу өнері, музыка және дене шынықтыру бар.
Бұл пәндер бойынша практикалық, шығармашылық, жобалық және спорттық жұмыстардың нәтижесі ескеріледі.
Қысқасы: жаңа жүйеде оқушының тоқсан соңындағы бір реттік нәтижесінен бөлек, күнделікті еңбегі де бағасына тікелей әсер етеді.