Біз әдетте «күлкі өмірді ұзартады», «күлкі – витамин» дегенді көп естиміз. Бірақ соған көңіл бөле бермейміз, дұрысы, мән бере қоймаймыз. Ал білген кісіге күлкі – нағыз «денсаулық мүлкі». Күлкі терапиясы адамның көңіл күйін көтеріп қана қоймай, денсаулығын түзейтіні, айналасымен, отбасымен қарым-қатынасын жақсартатыны зерттеулер негізінде әлдеқашан дәлелденіп те қойған.
Көрнекті ғалым Шора Шамғалиұлы бір сұхбатында: «Адамның көңіл-күйі, тіршілігі жасына емес, өмірге деген көзқарасына тікелей байланысты. Кім өзіне енжар, немкетті қараса, бойындағы бүкіл күш-жігері мен қабілетін, жігерін толық пайдалана білмесе, ол адам тез қартаюға бейім. Ал көңілді жүрген адам қашанда сергек болады», – дегені бар-ды. Сондай-ақ, бүкіл саналы ғұмырында жан баласымен керісіп көрмегенін, ұрыс-керістің ұшқынын аңғарса болды, оны әзіл-қалжыңға айналдырып жіберуге тырысатынын айтқан шежіре қарияның күлкіні 70 түрге бөліп жіктеп шыққаны, анекдот айтуда және оны ел-елден, жер-жерден жинастыруда алдына жан салмағаны белгілі. Тіл білімі ғылымына, жалпы, қазақ руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген тұлға ғасырға жуық өмір сүрді. Оған да абыз ақсақалдың сана сергектігі, жанының жайсаңдығы, жүзінен ешқашан жымиыс кетпеуі себеп болған шығар деген ой келеді.
Жалпы, күлкі терапиясы – көптеген психологтар мен психотерапевтердің белгілі бір жағдайларда жиі жүгінетін тәсілі. Осы орайда, әзілкештердің қатысуымен жекелей де, топтық та сеанстар өткізіліп, онда адамдар қызықты әңгімелер тыңдайды, түрлі қойылымдар, юмористік роликтер көріп, рахаттана күледі. Бұл тіпті педагогикада, креативтілікті арттыруға бағытталған тренингтерде де қолданылады. Қысқасы, қай кезде де юмор – жабырқау көңіл күйге, депрессияға, күнделікті тұрмыстағы сәтсіздіктер мен түйткілді мәселелерге қарсы қолданылатын, өте күшті психологиялық қару деуге болады.
Деректерге қарағанда, күлкі терапиясының негізін салушы – америкалық белгілі журналист Норман Казинс көрінеді. Оған 49 жасында «Бехтерев ауруы» диагнозы қойылады. Тірек-қимыл аппаратын зақымдайтын аутоиммундық сырқат салдарынан Казинстің жағдайы күн санап нашарлай береді. Қозғалысы шектелген ол, жүруден, еңсесін тіктеп отырудан қалады, бір қырынан екінші қырына ауысып жатудың өзі мұңға айналады. Дерт меңдеген сайын өз-өзінен тұйықталып, жақындарымен тілдесуді де қояды, аурухана төсегінде күні-түні қабырғаға қарап жатып алатынды шығарады. Ақырында емдеуші дәрігерінен «Бехтерев ауруына шалдыққан 500 адамның тек біреуі ғана тірі қалады» дегенді естиді.
Сол әңгімеден кейін түнімен көз ілмеген Казинске: «Егер медицина дәрменсіз болса, демек өзім әрекет етуім керек!» деген ой келеді. Сол мезетте дәрігердің: «жағымсыз эмоциялар кезінде бүйрекүсті бездері стресс гормондарын бөледі, бұл ағзаның дертпен күресуіне мүмкіндік бермейді, керісінше, күлкі мен қуаныш сезімі, жағымды эмоция аурудан айығуға оң ықпал етеді», – дегені есіне түседі. Сөйтіп, мамандардың күлкінің пайдасы туралы еңбектерін оқып, зерделей келе, не істеу керегін түсінеді.
Содан бастап күн-түн демей кинокомедиялар көреді, қызықты кітаптар оқиды. Ақырында, күлкілі оқиғалардан көзінен жас аққанша күле-күле, екі көзі бұлаудай боп ісіп те кетеді. Бірақ есесіне біртіндеп дертінен айыға бастайды. Әуелі буындары мен бұлшық еттерінің ауырғаны басылады, артынша ұйқысы қалпына келеді, тамаққа тәбеті ашылады. Осылайша, қалыпты өмірге оралады. Құлан-таза айығып кетпегенімен, аурудың беті қайтып, Казинс содан кейін де 26 жыл толыққанды өмір сүреді. Күлкі терапиясы жөнінен әлемдік бестселлерге айналған «Сауықтырушы жүрек», «Ауру анатомиясы науқастың көзімен» атты кітаптар жазады.
Күлкінің пайдасы туралы ұйғарымдар ерте замандардағы философтар мен ғалымдар, жазушылар еңбектерінде де кездеседі. Мысалы, Демокрит «адам үшін ең жақсы игілік, ол – жанының тыныштығы мен қуанышы» десе, ағылшын оқымыстысы, жазушы Роберт Бертон «юмор қан тазалайды, ағзаға жағымды әсер етіп, депрессиядан құтқарады» деп тұжырымдаған. Оның «Меланхолия анатомиясы» атты 900 беттік кітабының көптеген тараулары анекдоттардан тұратын көрінеді. Ал канадалық дәрігер Уильям Ослер юморды «өмір музыкасына» теңеген және шаршағанды басу үшін күніне тым болмаса 10 минут күлуге кеңес берген.
Әртүрлі физиологиялық, психологиялық, әлеуметтік жағдайларда күлкінің жағымды әсері мол екенін ғалымдар қай кезде де жоққа шығарған емес. Әрине, күнделікті өмірде көңілге кірбің ұялататын келеңсіз оқиғалар, қиын жағдайлар жетіп жатыр. Қалай болғанда да, Жұматай аға:
Бірімізді біріміз көреміз де,
Жолыққандай жерде жоқ төремізге,
Жымиямыз... Жымимай... мынау өмір –
Күл түсіндей күлгін деп өлеміз бе?! – жырлағандай, күліп жүрейік. Бір-біріміздің қадірімізді біліп жүрейік.