Алматыда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы жалғасып жатыр. Таңнан бастап сайлау учаскелеріне мәдениет, ғылым, спорт саласының өкілдері мен қоғам қайраткерлері келіп, таңдау жасап жатыр, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Олардың бірқатары дауыс бергеннен кейін болашақ депутаттардың жұмысына қатысты ой-пікірін айтып, үміт артты.
Қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, оны кеңінен насихаттауға зор үлес қосып жүрген қоғам қайраткері Асылы Осман да сайлаудың ел өміріндегі маңызы туралы пікір білдірді. Ол әсіресе халық бірлігі, өзара түсіністік және Қазақстанның болашағы үшін ортақ жауапкершілік мәселелеріне ерекше назар аударды.
№298 сайлау учаскесінде Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген артисі Сәбила Әбуева дауыс берді.
«Мен үшін Алматы тұрғындарының мүддесін мәслихатта кім қорғайтыны маңызды. Депутаттар қабылдайтын шешімдер қаламыздың күнделікті өміріне әсер етеді. Сондықтан бүгін сайлау учаскесіне келіп, таңдауымды жасадым», – деді актриса.
Ақын, ғалым, Қазақстанның құрметті жазушысы, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Әділғазы Қайырбеков №624 сайлау учаскесінде дауыс берді. Ол елдің болашағы мен өскелең ұрпақтың амандығына қатысты тілегін жеткізді.
Таңертең дауыс берген спортшылардың қатарында Бэлла Самашева да болды. Ол Түрксіб ауданындағы Алтай-1 шағынауданында орналасқан №115 Бабаев атындағы мектептегі сайлау учаскесіне барды.
Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов та сайлауға отбасымен бірге келді. Белгілі боксшы жақындарымен бірге дауыс беру отбасының бұрыннан қалыптасқан дәстүріне айналғанын айтты.
№90 сайлау учаскесінде белгілі актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Тоғызақов дауыс берді. Ол азаматтық жауапкершілік пен әр адамның таңдауының маңызы туралы пікір білдірді.
Қазақстанның халық артисі Мұрат Серкебаев та ойын ортаға салды.
«Біз балаларымыз бен немерелерімізге мүмкіндігі мол, қуатты Қазақстанды қалдырғымыз келеді. Ол үшін елде болып жатқан өзгерістерге бей-жай қарамауымыз керек. Бүгін мен де таңдау жасадым», – деді өнер иесі.
Сайлауға қатысқан белгілі мәдениет және өнер қайраткері Амантай Берғалиев қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерді шешудегі мәслихаттың рөлін атап өтті.
Театр және кино актері Оңдасын Бесікбасов №653 сайлау учаскесінде дауыс берді. Ол ел игілігі жолында жауапкершілікпен еңбек етуге дайын кандидаттарға сәттілік тіледі.
Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Хусанджан Құрбанов балабақша ғимаратында орналасқан №229 сайлау учаскесіне барып, дауыс берді.
Қазақстанның халық артисі, белгілі опера әншісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Талғат Күзембаев Әуезов ауданындағы Ақсай-3А шағынауданында орналасқан №123 мектеп-гимназиясында дауыс берді.
«Алматы – өмірім мен шығармашылығым тығыз байланысты қала. Сондықтан оның болашағы мен тұрғындарының әл-ауқаты мен үшін аса маңызды. Сайланған депутаттар халықтың сенімін ақтап, қаламыздың дамуына елеулі үлес қосады деп үміттенемін», – деді әнші.
Дауыс бергендердің қатарында «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты актриса Қаракөз Тілеубекова да бар. Ол №182 сайлау учаскесінде таңдау жасады.
Спорттық құзға өрмелеуден Азия ойындарының жүлдегері Дамир Тоқтаров Бостандық ауданындағы №63 мектепте орналасқан №230 сайлау учаскесінде дауыс берді. Спортшы болашақ депутаттардан балалар мен жасөспірімдер спортының дамуына көбірек көңіл бөлуді күтетінін жеткізді.
«Мен үшін балалар мен жастардың спорттың әртүрлі түрімен айналысуына, қабілетін сынап көруіне және жанына жақын спорт түрін табуына көбірек мүмкіндік жасалғаны маңызды. Депутаттар тұрғындардың пікіріне құлақ асып, осындай мәселелерге назар аударады деп үміттенемін», – деді Дамир Тоқтаров.
Еске сала кетейік, Алматыда барлығы 670 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 597-сі азаматтардың тіркелген мекенжайы бойынша, ал 73-і уақытша болатын орындарда орналасқан. Сайлаушылар тізіміне 1 миллион 355 мыңнан астам адам енгізілген.
Депутаттық мандатқа 168 кандидат үміткер. Оның 109-ы төрт саяси партияның тізімі бойынша, ал 59-ы 21 бірмандатты сайлау округі бойынша ұсынылған.
Сайлауға қатысты қосымша ақпаратты 109 бірыңғай нөмірі арқылы алуға болады. Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.