Ол өлген жоқ, тек өлеңге айналды...

Ол өлген жоқ, тек өлеңге айналды... Сурет: Асылхан Жүсіп

Бүгін қазақ жырының көгінде өшпес із қалдырған, өлеңмен өмір сүріп, өлеңмен мәңгілікке айналған ұлы ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толды.

Бұл – күнтізбедегі қарапайым дата емес, қазақ халқының жүрек түкпіріндегі сағыныш пен сырға, қуаныш пен мұңға айналған ақынға тағзым жасайтын рухани мереке. Мұқағали – өз халқының жанын түсінген, сол жанның үнін өлеңге айналдырған дара тұлға. Оның жырлары уақытпен өлшенбейді, себебі ол адам баласының мәңгілік сезімдерін жырлады. Сондықтан да Мұқағали поэзиясы бүгін де тірі, бүгін де жүректермен үндес.

Анасының естелігіне жүгінсек, Мұқағали 14-15 жасынан өлеңге шындап ден қоя бастайды. Төбесі аласа ғана қоржын тамға қалың-қалың кітаптарды  үйіп тастап, шаршамай, шалдықпай оқумен болады. Бұл орайда, ол қазақ әдебиеті классиктерінен бөлек, орыс әдебиетін, оның ішінде Пушкин, Есенин, Блок поэзиясын сүйсіне оқиды. Шетел әдебиетінен Гейне, Гете, Дюма, Гюго, Байрон, Драйзер, Стендаль еңбектерін, әсіресе Бальзак, Лондон, Шекспир шығармаларын жоғары бағалайды. Ақынның кереметтей білімділігіне тәнті болған жазушы М.Қабанбайдың «Ұлттың коды жазылған ақын» атты мақаласында өзі куә болған бір жайтты баяндағаны бар. Айтуынша, Мұхаңмен аз-кем сұхбаттас болған профессор «Мұндай телегей-теңіз білімді қазаққа алғаш кездесуім», – деп ерекше таңырқаған көрінеді. Яғни Мұқағали – тек сол кездері ғана емес, күні бүгінге дейін қылаң беріп қалатын «Тума талантқа көп оқудың қажеті жоқ», – деген ұшқары ойды жоққа шығарған кемел тұлға. Өзі айтпақшы, ол өмір бойы «Нағыз ақын алдымен ойшыл, философ болуы керек. Поэзияда философ болу – өзін қоршаған әлемді ұғыну, әр заттың мәнін білу, ақырына дейін «адам жанының инженері» болып қалу» деген қағиданы ұстанған.   

Ақынның өлеңдері – шынайылықтың шыңы. Ол жасандылықтан ада, қарапайым сөзбен терең ой айтуды мақсат етті. Мұқағали үшін өлең – өнер ғана емес, өмір сүру тәсілі еді. Ол адам жанының қуанышы мен күйзелісін, арпалысы мен үмітін бүкпесіз жырлады. Сондықтан да оның өлеңдері оқырман жүрегіне жақын, жанға жылы тиеді.

Мұқағали поэзиясында туған жер тақырыбы ерекше орын алады. Қарасаз бен Алатау, кең дала мен саф ауа – ақын жырында тек табиғат көрінісі емес, рухани мекен, сағыныштың символы. Ол туған жерін анаға теңеп, оған деген махаббатын шексіз іңкәрлікпен бейнеледі.

Сонымен қатар, ақын шығармаларында махаббат пен адамгершілік, өмір мен өлім, уақыт пен тағдыр мәселелері терең философиялық тұрғыда қозғалады. Мұқағали махаббатты әсірелемей, адалдық пен тазалықтың биік өлшемі ретінде көрсетті. Оның әрбір лирикалық өлеңі – жүрегінің сыры, шыны.

Мұқағали Мақатаев аударма саласында да мол мұра қалдырды. Әлем әдебиетінің алыптары – Шекспир мен Дантенің шығармаларын қазақ тіліне тәржімалау арқылы ұлттық әдебиеттің өрісін кеңейтті. Бұл оның ақындық талантымен қатар, терең білім иесі екенін де айқындайды.

·       «Мен бәрібір өзіңменен бір болам...»

Замандастары, жалпы, Мұқағалидың көзін көрген үлкенді-кішілі қауым ақынның ерекше ақкөңіл, ақжүрек, мейірімді жан болғанын айтады. Сонымен бірге, өтірікке жаны қас, көлгірсуді сүймейтін, шындықты бетке айтатын кесек тұлғасын, ірі мінезін ризалықпен еске алады.

Ал ақынның жеке тағдыры қалай қалыптасты? Алматыға табан тірегеніне көп ұзамай жатып-ақ атақ-абыройдың да, түрлі сын-сынақтардың да дәмін сезіне бастайды. Үлкен қызы Майгүл 11 жасында мотоцикл қағып жазым болады. Ақынның анасы Нағиман әже бұл жайтты өз естелігінде қамыға еске алып: «...Міне, осыдан бастап балам сеңдей бұзылды. Қатты күйзелді. Иығы түсіп, сылынып сала берді. Мінезінде де өзгеріс пайда болғандай болды. Сөйтсем, не кітабын шығара алмай, не қамқор алақанның шуағына бөлене алмай қиналып жүрген кезі екен ғой. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, оған қызының өлімі қосылып, жүнжіп-ақ кетті.        ...Пәтер жалдап бірталай жыл әуре-сарсаңға түстік. Мұқағалидың тіршілігінде мансап пен байлықтың қызығын көрмегеніне туған анасы – мен, жан жары Лашын куә», – дейді.

Тұрмыстағы жайсыздық пен жағдайсыздық, жұмыссыздық, әдеби ортаның жорта шеттетуі ақын көңіліне кірбің, денсаулығына сызат түсірмей қоймады. Таланты өзінен әлдеқайда төмен базбіреулердің том-том кітаптары есепсіз данамен басылып жатқанда Мұқағали жинақтарының пышақтың қырындай ғана көлемде әрі болмашы таралыммен шығуы үлкен әділетсіздік болатын. Мұның бәрі ақынды жүйкелетті де, торықтырды да. Ол содан да «Мен бұл жарық дүниеге келгелі, міне, қырық төртінші жылға аяқ басып барады екен. Бар өмірімнің қор, жиіркенішті болып көрінетіні соншалық, кейде бәрін өз ырқыммен-ақ қиып кете салғым келеді...» – дейді бір мезетте амалсыз. Мұхаңның жан сырын бүкпесіз жайып салған күнделігін парақтай отырып, оның нәзік жүректі ұлы ақын ғана емес, тағдырынан теперіш көрген, жаны  жалғызілікті қарапайым пенде екенін сезінесің. «Қаласа да, қаламаса да жұрт мені ақын ретінде түсінеді, ал адам ретінде кім түсіне қояр дейсің?» – деп күрсінеді ол. Ауруханадағы соңғы сәттерінде ағасының жанында бола алмағанын меңзеген Фариза да кезінде: «Егер мен сол жолы Мұқағали ақынның аласұрып, дүниеден бір жылылық көріп кетуді армандап жатқанын ұққан болсам, Баку сапарын ысырып тастап жанына барып, маңдайына тигізген алақаным арқылы жанымның бар жылуын тұла бойына таратпас па едім...» – деп өкініш білдірген екен.  

Күнделіктерінде, кейбір өлең-жырларында мұңға бой алдырған сыңай танытқанымен, бәрібір Мұқағалидың атар таңға, жарық күнге деген ынтызарлығы, сенімі басым. Сол себепті де, ол:

... Айтамын деп қуанышың, мұңыңды,

Басқа арнаға бұрдым ба әлде жырымды?!

Мен бәрібір өзіңменен бір болам,

Өзегіне тепсең-дағы ұлыңды... – деп еліне наз айтады. Сонымен бірге: 

... He істемекпін алтын, гауһар, жақұтты,

Оларды іздеп өткізбеспін уақытты,

Мен бақытсыз бола қойман сірә да,

Туған елім болса екен бақытты.

Дәнеңе де сыйламасын келер күн.

Сый көрмей-ақ суалармын, сөнермін.

Туған елім түғырында тұрса екен,

Әрі қарай...

Әрі қарай көрермін...деп келешекке үмітпен көз тігеді.

 

Бір даусыз шындық, Мұқағали Мақатаев – бір ғана кезеңнің емес, барша адамзатқа ортақ сезімдердің ақыны. Оның жырлары – ар тазалығының, шындықтың, адамдықтың үні. Уақыт өткен сайын Мұқағали поэзиясы тереңдеп, биіктей береді, себебі шынайы өнер ешқашан ескірмейді.

Бүгін, ақынның туғанына 95 жыл толған сәтте, оның өлеңдеріне қайта үңілу – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа аманат. Мұқағали жыры қазақ барда мәңгі өмір сүре береді. Өйткені ол өлген жоқ – ол өлеңге айналды.

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:42

15:34

15:17

15:01

14:51

14:43

14:32

14:25

14:17

14:11

12:33

12:14

12:09

11:52

11:38

11:13

10:59

10:33

10:16

09:59

09:40

09:36

09:16

09:01

08:46