ffin.kz

Офицер жедел жәрдем дәрігерін бір жарым сағат үйінде қамап ұстаған

Офицер жедел жәрдем дәрігерін бір жарым сағат үйінде қамап ұстаған Almaty-akshamy.kz. 

Денсаулық сақтау саласында 34 жылдан бері абыройлы қызмет етіп келе жатқан кәсіби дәрігер Рауия Мәміленова Алматы қалалық Психикалық сауықтыру орталығында терапевт. Ол жұмысы барысындағы оқиғаларды әңгімелегенде дауысы жарқын естіліп, жанарынан кәсібіне деген ерекше сүйіспеншілік айқын байқалады. 

Рауия Мәміленова жедел жәрдем станциясында да он бес жыл тер төккенін айтады. Медициналық шұғыл көмек көрсеткен, тез арада шешім қабылдай білген қызметтері оған кәсіби тұрғыда дамуға, білімін тәжірибемен ұштастырып шыңдалуға септігін тигізген. Иә, ол қызығы мен шыжығы қатар жүретін «жедел жәрдемді» ең үлкен мектеп дейді.

Бізбен түн жарымында жедел жәрдем шақырған, өзі ащы суға сылқия тойып алған бір тұрғынның пышақ кезеп, дәрігерлерді үйінде бір жарым сағат қамап ұстап, сұрақты жаудырған оқиғасымен бөлісті.

– 2000 жылдың басы еді. Түнгі сағат бірде науқас жедел жәрдем қызметін қайта шақырыпты. Жас жігіт. 38 жаста. Ішімдік ішкен болып шықты. Біз іздеген пәтер бесінші қабатта екен. Көршілерін оятып, есікті ашып, үйге кірдік. Ол жалаңаш жүр. Асханаға барып, бір стакан коньяк ішіп алып, қолында үлкен пышақ, «мен дірілдеп жатырмын» дейді. Отырыңыз дедім. «Ол жерде Сталин тұр» дейді. Сөйтіп пышақты кезеп, «Жуков кім, тегі, әкесі кім», – деп сұрайды дәрігерден. Оған жауап алған соң:
– Бірінші ғарышкер кім? – деп сұрайды ауру жігіт дәрігерден.
– Гагарин.
– Менің мына қолымды көріп тұрсыз ба? Бұл Жуков та, тұңғыш ғарышкер де ұстаған қол, – деп мақтанады. Одан әрі «тұңғыш денсаулық сақтау министрі кім, революция қашан басталды, Ленин кім, қандай дәрі-дәрмек қайда жасалды?» деп, қысқасы, әлгі жігіт дәрігерді бір жарым сағат бойы сұрақтың астына алып, әр сұрақ сайын пышағын кезеп қойып, әбден зығырды қайнатады. Бірақ өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің офицерімін деп таныстырған жігіттің барлық сауалына Рауия Мәміленова асқан сабырмен жауап беріп отырған. Сұрақтарына қатесіз жауап бергені үшін дәрігерге бір мәрте қоңырау шалуға рұқсат береді. Сол сәтті пайдаланған Рауия Геройқызы полиция шақырып үлгереді. Сөйтіп пышағы жалаңдаған офицердің үйінен дәрігерлер аман-есен шығады. 

«Медицина саласын жүрегімен таңдаған адамдар кәсібіне адал келеді, олар ешнәрседен жиіркенбейді, түрлі оқыс жағдайларда өзін ғана емес, өзгенің де өмірін аман сақтап қалу – басты мақсаты екенін ұмытпау керек. Мамандығын адаспай таңдап, кәсібін шын сүйген адамдар ғана өз жұмысынан ләззат алады», – дейді білікті дәрігер.

Рауия Геройқызы – Өскеменнің тумасы. Балалар дәрігері болуды армандаған болатын. Бірақ туыстары  журналистикаға, театр институтына бар деп үгіттейді. Себебі, ол жан-жағын күлкіге көміп жүретін әзілкеш еді. «Тамашада» ойнайтын боласың деуші еді бәрі.
Анасы – дәрігер. Соның да әсері болды ма, әйтеуір жүрегі медицинаны қалап тұрды. Емдеу бөліміне оқуға түсті. Жұмыс істегенде де, оқу кезінде де көп қиналды. Себебі, медицинаны таңдаған адамға үздіксіз оқып, білімін ұдайы жетілдіріп отыру керек екен.
Екі перзент сүйді. Он бес жыл жедел жәрдем станциясында еңбек етті.

«Ең қиыны – шақыртумен жедел көмек беруге аттанғанда, алғашында құтқара алмай қаламын, үлгермей қалмайық деген үрей билейтін бойын. Өйткені кейбір дерттерден пациентті құтқарып қалу үшін біліктілік пен уақыт та маңызды. Ал науқасты ажалдан арашалап қалғанда, ол айығып, алғыс айтқанда, сол сәттегі сезімді ешнәрсемен салыстыру мүмкін емес», – дейді  дәрігер.

Жуырда Рауия Мәміленова «Еңбек  қайраткері» медалімен марапатталды. Отыз жылдан аса жанкештілікпен еңбек етіп, талай науқасты діңкелеткен дерттің бетін қайтарып, бүгін сол игіліктің нәтижесіндей құшағы да гүлге толды. 
«Дәрігерлер науқастар ашуланып келгенде ерегіспеу керек. Кейде түймедей мәселе түйедей дауға айналып кетіп жатады. Тағы бір оқиға естен кетпейді. Бір әйел үйінде босанып жатыр деген ақпарат түсті. Жедел жолға шықтық. Келіншек төсекте толғатып жатыр. Келесі бөлмеде күйеуі дастарханды асқа толтырып қойып, тойлап отыр. Қазір үйде босанады деп мәз. Төртінші перзенті дүниеге келмек. Әйелдің заттарын тез-тез жинап үлгеріп, перзентханаға да жетіп үлгердік», – дейді Рауия Мәміленова. 

Бүгінде ол психикалық ауруға шалдыққан науқастардың терапевті. Дәрігердің айтуынша, көбіне ақыл-есі кем адамдардың іш құрылысы, басқа да кеселдері асқынып келеді. Қай жері ауырып тұрғанын түсіндіре алмайтын, тіпті айтқысы келмейтін науқастарға  медициналық тексеру кезінде денсаулығындағы ақауды анықтап, оны емдеуге мамандар аса мән берсе екен дейді Рауия Мәміленова. Өзі солай жасайды. Ешкімге бей-жай қарамайды, өмірдегі адамзаттың бәрі дін аман болса деп тілейді дәрігер жүрегі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32