Республика күні қарсаңында Қазақ-Америка университетінде (KAU) белгілі этнофотосуретші Оңғарбек Алқаровтың көрмесі ашылды. Көрме Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының қолдауымен ұйымдастырылды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.

Көрменің ашылуында KAU президенті Асылбек Исахов пен көрме авторы сөз сөйлеп, мәдени мұраны сақтаудың, ұлттық дәстүрлерді құрметтеудің және жастардың бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Оңғарбек Алқаров – этнофотосуретші, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Кино және телевизия» факультетінің аға оқытушысы. Көрмеге қазақ мәдениетінің байлығын, рухани құндылықтары мен ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлерін бейнелейтін фотосуреттер қойылды. Автор көшпелі өркениет көріністері, ұлттық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлі тұрмыс ерекшеліктері арқылы тарих пен бүгінгі өмірдің сабақтастығын көрсетеді.

Республика күніне арналған көрменің басты мақсаты – жас ұрпақты елдің мәдени мұрасымен таныстыру, ұлттық мақтаныш сезімін нығайтып, халық тарихына деген қызығушылығын арттыру.
Этнофотокөрме университетте 21–27 қазан аралығында өтетін Kazakhstan Week апталығының алғашқы іс-шарасы болды. Ұлттық мәдениетке, дәстүр мен бірлікке арналған апталық бағдарламасына Республика күніне орай мерекелік концерт, ұлттық ойындар, кино кеші, тақырыптық зияткерлік сайыстар және басқа да іс-шаралар енгізілген.

Алдағы уақытта да оқу орны мәдени бастамаларға басымдық беріп студенттердің шығармашылық жұмыстарының көрмелерін ұйымдастыруды жоспарлап отыр.