2021 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Цифрландыру – ұлттық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізудің негізгі құралы. Қазақстан еуразиялық кеңістіктің басым бөлігінде цифровизациялық хаб орталығына айналуы тиіс», - деп атап көрсетті.
Мемлекет басшысы елдің экономикасын дамыту үшін цифрлы технологияларды белсенді ендірудің маңыздылығын баса айтты. Оның пікірі бойынша, цифрландыру жалпы кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін қажет. Шын мәнінде, бүгінгі күні ғаламтордың қолжетімділігінің артуы саяси ақпарат ағынын арттырып қана қоймай, саяси процестерге қатысу формасына да біршама өзгерістер алып келді.
ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастау алған заманауи коммуникациялық құралдардың қоғамдық өмірге тез қарқында кірігуі, азаматтарға әлеуметтік-саяси процестер жайлы ақпараттар ағынын еселеп өсіріп, азаматтық қоғам институтарының рөлін арттырды. Соңғы жылдары жастар мәдениеті жаһандану процесі жағдаятында күрделі трансформациялық кезеңдерді бастан өткеруде. ХХІ ғасырдың алғашқы декадасында жастардың әлеуметтік-саяси процестерге белсенді араласуында заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың ықпалы артқандығы байқалды.
Цифрлы технологияларды жастар арасында қолданысы әрбір үшінші азамат «жастар» категориясына енетін Қазақстан үшін ғылыми тұрғыда зерттелуі тиісті маңызды тақырыпқа айналып отыр. Себебі, заманауи цифрлы технологиялар елдің әрбір азаматының күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналып үлгерді. Олар күн өткен сайын біздің өміріміздің әртүрлі салаларын көбірек қамтып келеді. Атап айтқанда, қазақстандық жастар заманауи цифрлы технологияларды жылдам игеріп жатыр және аталмыш жаһандық үрдістің барлық игіліктерін қолдануға мүмкіндік алды. Оған қоса, бүкіл әлемде орын алып отырған пандемия салдары жастардың заманауи технологияларды қолдану аясының кеңеюі мен ғаламтордың оларға тигізетін ықпалының одан әрі артуына септігін тигізуде.
Заманауи технологиялардың саяси коммуникациялық құрал ретінде кеңінен қолданысқа енуі жастардың саяси процестерге қатысу формасын өзгеріске ұшыратып, саясат ұғымының ауқымы кеңейе түсуде.
Бұл технологиялардың қолданыс аясының кеңеюі арқылы саяси процестерде жалған ақпараттың, манипуляциялық, насихаттық «саяси жарнамалардың» жаппай қолданысқа енуі мен таралуы арқылы тек қана жастарды ғана емес, сонымен қатар, жалпы саяси қатысушыларға қиындықтар тудыруда. Сәйкесінше, саяси процестердегі жалған ақпараттың көбеюі азаматтық қоғам институты, билік бөлінісі сынды маңызды демократиялық саяси ұғымдарға тигізер қауіп негіздері де жоқ емес.