Алматыда Наурыз мерекесіне арналған мерекелік іс-шаралар «Көш. Наурыз – думан» керуенінен басталды. Наурызнама іс-шаралары аясында негізгі концерттік бағдарламаның бастамасы іспетті болған театрландырылған керуен қала көшелерімен жүріп өтті. Мерекелік көшке батыр, бүркітші, ақын және басқа да образдағы 1000-нан астам адам қатысты. Сонымен қатар, қала тұрғындары мен қонақтары арбадағы киіз үйді, қыз күймесін, қоржынға жібек мата мен кілем артқан түйелерді, құмай тазылар мен мергендерді, жалпы жеті қазына нышандарын көрді.
Керуеннен кейін Астана алаңында музыкалық композиция және «Наурыз шашу» театрландырылған қойылымынан басталған «Наурыз – береке бастауы» атты мерекелік концерт өтті. Сахнада 500-ге жуық артист өнер көрсетті, атап айтқанда Әзімбек Байлин, Ұшқын Жамалбек, Әсет Есжан, «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрі, «Алатау театрлары», «Салтанат», «Шаттық», «Жетісу», «Бақыт», «Концепт» хоры, Ерлан Рысқали, Тамара Асар, Айгүл Елшібаева, Диас Мұратқан, Қарақат Әбілдина, Ерке Есмахан, Райм, Дильназ Ахмадиева, Роман Ким, Карина Абдуллина, Айгүл Қосанова, Олег Никитин, Алексей Лодочников, Анна Уварова және т.б. Димаш Құдайбергеннің қойылымы концертке келушілер үшін тосынсый болды.
Мазмұнды мерекелік бағдарлама JasStars тобы, Сүлеймен Ибрагимов, Жеңіс Ысқақова, МузАрт Life тобы, Сая Махамбет, «Асыл» тобы, Мәди Рымбаев, Нұржан Тәжікенов, Райм Уайс, Інжу, Айжан Нұрмағамбетова, IL Canto тобы, «Дервиши» тобы, Alau тобы, «Алашұлы» тобы, Әли Оқапов, «Жігіттер» тобы, Мөлдір Әуелбекова сынды артистердің өнер көрсетуімен сағат 12:15-тен 15:00-ге дейін жалғасады. Сағат 15:00-ден 17:00-ге дейін «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрі мен «Алматы әуендері» артистері өнер көрсетеді.
Бұған қоса, сағат 18:00-ден 22:00-ге дейін бір сағаттық техникалық үзілістен кейін әйгілі артистердің қатысуымен Zhuldyzdy Almaty фестивалі басталады. Көрермендер үшін «Досмұқасан» ансамблі, «Үркер» тобы, Сейфуллин Жолбарыс, Нұрсұлтан Байғұн, Райым Уайыс, Мөлдір Әуелбекова & Rabat ethno fusion, Жігер Ауыпбаев, Дана Кентай, «Диета KZ» тобы, «Жігіттер» тобы, Aybekman, Adil, Әбдіжаппар Әлқожа сахнаға шығады. Кеш соңында Қайрат Нұртас «Сен менің адамымсың», «Байқа», «Ақ келін», «Перзент сыры», «Бәрі дұрыс па?» және «Алматы түні» сынды танымал әндерді шырқайды.
Айта кетейік, мерекелік іс-шаралар Абай алаңында да өтіп жатыр. Мұнда қонақтар мен тұрғындар үшін Наурызды тойлайтын елдердің мәдениеті мен дәстүрлерін біріктіретін «Nauryz Fest» халықаралық фестивалі ұйымдастырылды.
- Фестиваль бір шаңырақ астына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Түркия, Моңғолия және Башқұртстанның Наурыз мейрамын тойлау дәстүрлерін біріктіреді.
- Қазақстандықтармен қоса шетелдік қонақтар фестивальде өздерінің сәндік-қолданбалы өнерін, салт-дәстүрлерін, халық музыкасын ұсынады.
- Абай алаңында қатысушы елдердің шатыр-шеберханалары, түрлі ұлттық тағамдары бар аспаздық павильондар мен фудкорт, шаңырағы бар сахна орнатылды.
Сонымен бірге, 22 наурыз күні қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен сағат 19:00-ден 22:00-ге дейін кешкі концерт өтеді.