Республика күніне орай ұйымдастырылған «Саған кітап арнадым» республикалық акциясы кітап сыйлау мәдениетін дәріптеп, қоғамда оқу құндылығын орнықтыруға бағытталған игі бастамаға айналды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Акцияның мақсаты – кітаптың адам өміріндегі орнын айшықтап, оқырмандық мәдениетті дамыту, әдебиетке деген сүйіспеншілікті арттыру және кітап арқылы зерделі ұрпақ қалыптастыруға үлес қосу.
Осы игі бастама аясында Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының кітап қоры 1000 данамен толықты. «Steppe & World», «Марфу» және өзге де баспалар кітапханаға өз басылымдарын сыйға тартты. Бұл – кітапхана қорын байытып қана қоймай, оқырмандардың жаңа әдебиеттермен танысуына, таным көкжиегін кеңейтіп, рухани әлемін байытуына мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Кітап – уақытпен үндесетін, ұрпақпен бірге жасайтын асыл мұра. Әрбір басылымның бетінде тарихтың ізі, қаламгердің ойы, өмірдің тағылымы мен адамзаттың таным тәжірибесі сақталған. Бір кітап оқырманға өткеннің өнегесін танытса, екіншісі бүгінгі күннің күрделі сауалдарына жауап іздетеді. Енді бірі жас ұрпақтың қиялына қанат бітіріп, арманын асқақтатса, енді бірі өмірге деген көзқарасын қалыптастырып, парасат биігіне жетелейді. Сондықтан кітапхана қорына қосылған әрбір жаңа кітап – оқырманға ашылған жаңа мүмкіндік, білім мен ізденіске бастайтын жаңа жол.
Кітапхананың басты байлығы – оның қорындағы кітаптардың санымен ғана емес, сол қазынаның қаншама оқырманның рухани дүниесіне жол табуымен өлшенеді. Сыйға тартылған кітаптар да талай жанның қолына тиіп, санасына сәуле түсіріп, білімге деген құштарлығын арттырады деген сенім мол. Бұл – бір сәттік тарту емес, келешекке бағытталған рухани инвестиция.
«Саған кітап арнадым» республикалық акциясы кітапхана мен баспа арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, қоғамда кітап сыйлау дәстүрін жандандыруға ықпал етеді. Мұндай бастамалар әр азаматтың елдің рухани дамуына өз үлесін қоса алатынын көрсетеді. Өйткені зерделі ұлт қалыптастыру үлкен мақсаттардан ғана емес, кітапты қадірлеу, оқуға уақыт бөлу, алған білімді өзгелермен бөлісу секілді қарапайым әрі мағыналы әрекеттерден басталады.
Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасы кітап қорын толықтыруға үлес қосқан «Steppe & World», «Марфу» және өзге де баспаларға шынайы алғысын білдіреді. Руханиятқа бағытталған бұл қолдау өңірдегі кітап оқу мәдениетін дамытуға, оқырмандардың сұранысын қанағаттандыруға және кітаптың қоғам өміріндегі маңызын арттыруға қызмет етеді.
ӘЛИЯ БОРАНБАЙ
Алматы облыстық орталық әмбебап кітапхана қызметкері