Наурызбай ауданында тұрғындарды сапалы ауыз сумен және кәріз жүйесімен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Наурызбай ауданының әкімі Назира Асылбекқызы Тоғызбаева Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
«Ақжар – III кезең» жобасы аясында Ақжар, Таусамалы және Шұғыла шағынаудандарында 15,6 шақырым су құбыры және 10,8 шақырым кәріз желісін салу көзделген. Жоба 3,5 мыңнан астам тұрғынды қамтиды.
Биыл Таусамалы шағынауданында 4,4 шақырым су құбыры және 2,1 шақырым кәріз желісін салу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталды.
Қазіргі таңда 2,3 шақырым су құбыры және 600 метр кәріз желісі тартылды. Жұмыстар Әшімов және Рысқұлов көшелерінде жүргізілуде. Жобаны аяқтау 2027 жылғы желтоқсанға жоспарланған.
Сонымен қатар, 3,5 мың тұрғынды қамтитын «Ақжар шағынауданындағы сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу (II кезең)» жобасы және 7 мың тұрғынды үздіксіз ауыз сумен және су бұру жүйесімен қамтамасыз еткен «Қарағайлы шағынауданындағы инженерлік желілерді салу (I кезең)» жобасы аяқталды.
Маңызды жобалардың бірі – биыл шілде айында іске қосылған «Ақсай» су дайындау станциясы. Станция Наурызбай ауданының 100 мыңнан астам тұрғынын, оның ішінде Таужолы, Тастыбұлақ, Таусамалы, Ақжар және Шұғыла шағынаудандарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Жалпы, 2023 жылдан бері Наурызбай ауданында 202,4 шақырым су құбыры және 123,3 шақырым кәріз желісі салынды.
«Біздің басты міндетіміз – тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және жаңа тұрғын алаптарын қажетті инженерлік инфрақұрылыммен кезең-кезеңімен қамту. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады», – деді аудан әкімі.