Көктемнің шуақты күндерімен бірге жететін Наурыз мейрамы – табиғаттың ғана емес, адам жанының да жаңаруын білдіретін ерекше кезең. Бұл – өткенге тағзым етіп, болашаққа үмітпен қарауға үндейтін, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын ұлы мереке. Жыл сайын Наурыз тек дәстүрлі дастархан мен салт-жоралғылар арқылы емес, мәдени-рухани іс-шаралар арқылы да кең көлемде аталып өтіп жүр.
Әсіресе Алматы қаласында бұл мереке ерекше мазмұнмен толыға түседі. Елдің мәдени астанасы саналатын мегаполисте театрлар, концерт залдары мен шығармашылық ұжымдар Наурызды тың идеялармен қарсы алып, көрерменге тосын сыйлар ұсынуды дәстүрге айналдырған. Биыл да қала театрлары сахналық қойылымдармен ғана шектелмей, өнерді ашық кеңістікке шығарып, тұрғындарды мерекелік атмосфераға тікелей тартатын ерекше жобаларды қолға алды. Бұл бастамалар театр өнерінің заманауи форматта дамып, қоғаммен етене жақындай түскенін көрсетеді.
Наурызнама онкүндігінің үшінші күні — Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай Алматыны би думаны кернеді. Мегаполистегі жетекші театрлардың артистері көктемнің жаңаруын айшықтайтын мерекемен қала тұрғындарын құттықтау үшін ауқымды флешмобқа бірікті. Бұл бастама театр өнерінің тек сахнамен шектелмейтінін, оның қоғаммен етене байланыста екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бұл үлкен шараның бастамашысы — Наталия Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театры. Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігі қолдауымен жүзеге асты. Айта кетерлік жайт, аталған театр ғимаратында қазіргі уақытта ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, бұл оның болашақта жаңа деңгейде көрермен қабылдауына жол ашады.
Жарқын флешмобқа қаладағы бірқатар жетекші театр ұжымдары қатысты. Атап айтқанда, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, М. Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Қ. Қожамияров атындағы Республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры, Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театры және Республикалық академиялық неміс драма театры бір алаңда бас қосты. Түрлі шығармашылық мектептер мен мәдени дәстүрлер тоғысқан бұл бастама Алматының көпэтносты мәдени келбетін айқын көрсетті.
Флешмобтың шарықтау шегі — ұлттық нақыштағы «Қара жорға» биі болды. Бұл би шекара атаулыны ұмыттырып, бүкіл қаланы біртұтас сахнаға айналдырды. Ол достықтың, ата-баба мұрасына деген құрметтің және мәдени бірліктің символына айналып, көрермен көңілінен шықты.
Бір ерекшелігі, бұл жобаға кәсіби бишілер емес, драма театрларының актерлері қатысты. Олар небәрі бір аптаның ішінде би қимылдарын меңгеріп, әрбір қозғалысқа актерлік шеберлік пен ұлттық рухты сіңіре білді. Ал хореографиялық шешімдерді «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі әзірлеп, жобаның кәсіби деңгейін арттырды.
Сонымен қатар, ақпараттық қолдау көрсеткен Almaty TV телерадиокомпаниясы бұл бастаманың кең аудиторияға жетуіне ықпал етті. Арна түсірілім жұмыстарын ұйымдастырып қана қоймай, мерекелік көңіл күйді экран арқылы миллиондаған көрерменге жеткізді.
Жалпы, Наурыз мерекесі қарсаңында Алматы театрларының белсенділігі ерекше байқалады. Бұл ретте, өнер ордалары ұлттық құндылықтарды дәріптейтін қойылымдарды сахналап, көрерменге терең мазмұнды туындылар ұсынуда. Театрлардағы мерекелік бағдарламалар мен осындай ашық форматтағы жобалар мәдениет пен қоғам арасындағы байланысты нығайта түсуде.
Алматы театрларының Наурызға тартуы – тек сахналық қойылымдармен шектелмейтін, кең ауқымды мәдени құбылыс. Театр әртістерінің қала көшелеріне шығып, халықпен бірге мерекелеуі – өнердің өмірмен біте қайнасқанын көрсетеді. Мұндай бастамалар ұлттық рухты жаңғыртып қана қоймай, қала тұрғындарын ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіре түседі.
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ