Орталық коммуникациялар қызметінде брифингте ҚР Индустрия және құрылыс министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері комитетінің төрағасы Бакытжан Жунисбеков «Наурыз» бағдарламасы бойынша ипотеканың шарттары туралы айтты, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қазіргі уақытта бағдарлама аясында Астана, Алматы және облыс орталықтарында тек жаңа тұрғын үй кешендеріндегі бастапқы нарықтағы тұрғын үйді сатып алуға болады. Ал моноқалалар мен ауылдық елді мекендерде бағдарлама қатысушыларына бастапқы және екінші нарықтағы тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі беріледі.
Брифинг барысында журналистер азаматтар арасында «Наурыз» бағдарламасы бойынша екінші нарықтағы дайын тұрғын үй сатып алуға рұқсат беру туралы ұсыныстар бар екенін атап өтті және тиісті өзгерістер енгізу жоспарланып отырғанын сұрады.
– Бүгінгі күні мұндай өзгерістер әзірге қарастырылмайды, – деді Бакытжан Жунисбеков.
Естеріңізге сала кетейік, «Наурыз» бағдарламасы бойынша ипотека әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 7% мөлшерлемемен, ал басқа қатысушыларға 9% мөлшерлемемен беріледі. Бағдарлама аясында жыл сайын 12 мың несие беріледі.
Биылғы жылдың сегіз айында 11,9 мың несие 350 млрд теңге көлемінде берілді.
Бұған дейін Отбасы банкі «Ұмай» бағдарламасы бойынша келесі траншты мерзімінен бұрын тарту мәселесін пысықтап жатқанын хабарлаған болатын.