ffin.kz

Нағыз қазақ

Нағыз қазақ

Қазақ жұрты қай уақытта да елі мен жерін сүйген арда ұлдарға кенде болмаған. Ел басына күн туғанда, қасық қаны қалғанша жан аямай күрескен батырлары болған. Жаудың бетін қайырып, іргені көз алартушылардан қорыған. Сонымен қатар, ақын-жыршы, бәтуалы сөзін жұртқа арнап, дау-жанжалды бір ауыз сөзбен тоқтатқан абыз даналарымыз да болған. Сондай данагөй, туған өлкесіне жанашыр жандар өз халқының жадында мәңгі сақталып отырған. Сондай ардақты тұлғаның бірі де бірегейі – Жақсылық Үшкемпіров ағамыз еді. Даңқты ұлтжанды азамат жайында біршама талдаулы ойлар жасаған едік.


Тарихты тереңнен шертсек


Көшпенділердің байтақ даласы – тұнып тұрған тарих. Шетін тартсаң, шежірелер қойнауы ағытылып шығады. Қаншама жорықтар мен нәубетті кездерді бастан өткерді? Тағдырдың бұралаң жолдары, соқпағы мен батпағы талай азап шектірді.


Десе де, халқымыздың жауынгерлік мінезі мен өр рухы болашаққа жетеледі. Сынбады, рухын жасыта алмады. Өзгелер қанша тырысқанымен, жойылмады. Қайта әділдік, ел болу жолында ешкімге дес бермеді. Әрдайым аттың үстінде, әруақытта түзде жүрген бабаларымыз ел ертеңі үшін аянбады. Әлемді шарлап, ілім мен білім іздеді. Ат тұяғы жеткен жердің бәрін кезді. Қадам жетпеген жерге жиған-терген, ғұмырдан үйренген мол байлық тәжірибесі жетті. Ұлы дала талай ұрпаққа пана болды. Жолдан адасқандарға бағдар көрсетті. Түбінде ғылым іздегендер іздегенін тапты.




Мәселен, дүниенің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр Әл- Фараби бар ғұмырын ізденімпаздыққа, кітаби ілімге арнаған жан. Түбі – Оңтүстік Қазақстандағы Отырардан. Арысы – араб түбегі. Берісі – Бағдат пен Шам, Исфахан шаһарлар, қала берді күллі ғаламға атағы танымал болды. Бүгінгілер оны 70 түрлі ілімнің басында тұр деп жорамалдауда. Одан кейінгі Әбу Әли Ибн Сина дейтін даланың шипагері дүниеден өтіпті. Қарашаны емдеп қана қоймай, том-том трактат жазған екен. Өмірін медицинаға арнап һәм шипагерлік саланың атасы өз заманының білімдары болыпты. Оның да туған мекені Арал теңізінің маңы. Қарапайым қарақұмда туып, ол да айдай әлемге аты шыққан емші болды. Бір жағынан ұстаз деген атты иеленіпті.



Сопылықтың сара жолын қалыптастырған Ахмет Яссауи дейтін ғұлама ғұмыр кешіпті. Мұсылманшылықты көне түркілік сарында түсіндіріпті. Соның нәтижесінде қарапайым бұқара арасында, түсінушілік пен толеранттылық орнапты. Орта ғасырда қазақ даласында шайырлар мен ақындар, жыраулармен жыршылар көптеп өмір кешіпті.


Ахмет Иүгінеки, Сүлеймен Бақырғани, қазақ хандығы тұсында, Асан қайғы, Бұқар жыраулар алдыңғы данышпандардың ізін жалғапты. Батыр бабалардан айтар болсақ, Қабанбай мен Бөгенбайды айналып өте алмаймыз. Тіпті, Ерасыл батыр 70 жасында атқа қонып, жауға шапқан көрінеді. Бәлкім, содан болар «батырды намыс, қоянды қамыс өлтіреді» дегені. Отарлау мен басқыншылық кезінде, Кенесары хан барша жұртты соңына ертіп, бас-аяғы он жыл ел мен жер шетін өзгеге таптатпады. Кеңестер тұсында, Екінші дүниежүзілік соғыста фашистерден қорғаған Бауыржан атамыздың ерлігі шексіз. Александр Бектің «Волоколам тас жолы» атты әскери-тарихи шығармасында Мәскеуді қорғаған ерлігі айтылған. Жалпы, өздеріңіз көріп-біліп отырғандай, ұлтымызда арда ұлдар аз болмаған.


Жас жалын


Даңқты қолбасшы, елінің қаһарманы, шешен Сырым Датұлы атамыздың бір нақыл сөзі ойға оралуда. Ол «Азамат жетім болмайды – халықтан болса панасы, халық жетім болмайды – басшы болса данасы» депті. Не деген ғажайып әрі орынды тауып ай тылған дана сөз! Нақ осыны қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық аға Үшкемпіровке арнап айтқандай көрінеді. Жақсылық пен жасампаздық жолында жан аямай қызмет істеген, оның ерлігі ұшантеңіз.



Аға буынның сөзіне қарағанда, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы тұсында әлем біріншілігіне, Азия чемпионатына шығу арман болған көрінеді. Ол үшін әуелі одаққа танылып, өзіңді дәлелдеу қажет. Одан жарып шығу қиямет-қайым екен. Не сізді жібермейді немесе аяқтан шалады. Әйтеуір, бір амалын табады. Бюрократия күшті, цензураның құрсауы қатты, лақтырар құрықтары ұзын. Қайда барсаң да, өзіңді таныту керек болады. Танытқан күннің өзінде мойын дап, жол ашуы екі талай.



Міне, осыншама бұралаң соқпақтан өтіп барып, Олимпиадаға жолдама алады. Ал бұл жолдардан жас өрен Жақсылық өтті. Қарапайым ауыл баласы 29 жасында, 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасының жүлдесін жеңіп алды. Былайша айтқанда, өз табан ет, маңдай терімен, ауыспалы мағынада айтқанда, бермегенін жұлып ала білді. Ешкім ойламаған, ешкім күтпеген жерден айды аспанға шығару оңайға түспеді. Әлемнің алдында қазақтың кім екендігін мойындатты. Ата-баба аманатын ардақтап, ел үмітін жақты.


Жақсының есімі мәңгі ел жадында қалады


Осыдан тура 8 жыл бұрын өзі өмір сүрген Мыңбай аулында спорт кешені ашылған болатын. Өткен жылы ғана Жамбыл облысында «Тараз-Арена» спорт кешеніне Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілді. Қазақстанның еңбек ерінің өзі де - осы өңірдің тумасы. Дәлірек, Тегістік ауылында дүниеге келген.



Жақында балуанның өмірі мен спорттық мансабына дейін жүріп өткен тағдырын баяндайтын көркем фильм жарық көрді. Онда тұлғалық деңгейге дейінгі кезеңдері қалыптасқан. Бозбала шағынан спортқа жақындығы баяндалған.



Анасы мен екеуі өмірдің талайлы қиыншылық жолдарын жүріп өткендігі бейнеленген. «Жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деп қазақ халқы текке тәмсілдемеген. Оған келтірілген тарихи тұлғаның ғұмырбаяны арқылы куә болудамыз.


Атымтай жомарт


Өзі 90-жылдары біраз науқасқа шалдығып, жүрегі сыр бергенін айтқан болатын. Сол шақтарда жақындарының айтуымен қымыз ішіп, оңалыпты. Нақ сол шақтардан бастап ата-бабамыздың жолының дұрыстығын түсінеді. Ол ата кәсіп – мал шаруашылығы еді. Бұрынғылар «асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» депті. Есте жоқ ескі замандарда айтылса да, өзектілігі бүгінге дейін жетуде.



Сөйтіп, көп өтпей, қой мен жылқы, сиыр сынды түліктерді өсіруге кіріседі. Жасап жатқан кәсібін кеңейте түседі. Күндіз-түні еңбектің арқасында атақты кәсіпкерге айналады. Міне, байқап, бағамдаған шығарсыздар, ол барлығын өзі үшін жимады. Дәл солай істесе, шетке кетіп қалуына болушы еді.



Дегенмен, олай жасамады. Артынан ерген қарапайым қаракөздерімізді қолдады. Жер-жерден спорт кешендерінің ашылуына мұрындық болды. Кішкене балақандарды спортқа баулыды. Олимпиада жүлдегері шығуын қатты қалады. Жастарға арнап 80 пәтер берді. Оның сыртында балабақша, айтып-айтпай істеген істері өз алдына тау төбе.


Былайша айтқанда, құр сөзден гөрі, іске көп мән берді. Ұсақ-түйекке назар аудармай, ірі істерге атсалысты. Қазақтың шынашақтай ұлы соңғы күніне дейін жас ұрпақты қолдады. Іс пен сөздің жақындығын, бір екендігін дәлелдеді. Ол – нағыз қазақтың эталоны. Үндемей-түндемей жүре беруіне болар еді. «Ер жігіт қырыққа дейін абыройға қызмет етеді, қырықтан кейін абырой оған қызмет қылады» дейді халқымыз.




Жақсылық ағамыз абырой мен атақты жиып қойып, ұлтқа қызмет жасады. Оның көрінісін Алматы іргесіндегі Мыңбай ауылынан көреміз. Жайнаған жасампаз, бау-бақшасы жайқалған, мәуелі бәйтеректей өсіп-өркендеп келеді. Бұл дегеніміз – нағыз қазаққа тән тірлік. Ол өз елінің патриоты болатын. Ауылды көтеруді ойлады. Тек ойлап қана қоймады. Оны өзі жүзеге асырды. Осылайша ілкімді істердің басы мен қасында өзі болды. Өзі мәңгі сапарға аттанса да, артында ұлы істері сайрап жатыр. Қазақ «жақсының аты өлмейді» деп жай айтпағанына осы мысалдар арқылы куә болудамыз. Дүниені жеке басына жимады. Халқының тәуір тұрмыс кешуі жолында, табан ет, маңдай терін төкті. Бір сөзбен айтқанда, «Атымтай жомарт» атанды.



Көшпенділер «ер жігіт сегіз қырлы болсын» деп мақал-мәтел қалдырыпты. Жоғарыдағы ойларды топтай келгенде осыған саяды. Елін сүйген, елі сүйген дарабоз ер, қазақтың қайсар ұлы Жақсылық ағамыз біздің мәңгі есімізде қала береді. Қазақ елінің бағына айбынды ұлдар туа берсін демекпіз.



 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51