Мың бояулы Алматы... Қаладағы қабырға суреттері қаптаған құпия жер

  • 11:41, 11 тамыз 2025
Мың бояулы Алматы... Қаладағы қабырға суреттері қаптаған құпия жер сурет: Нұрбол Ынтымақұлы/aqshamnews.kz

Мың бояулы Алматы тіркесін жиі естиміз. Алайда қаламызда расымен мың бояуға толы көше бар екенін білесіз бе? Стрит-арт бағытындағы өнер мегаполистің бірнеше бұрышынан байқалады. Солардың бірі - Оспанов көшесі. Аqshamnews.kz тілшісі қабырға суреттерімен көмкерілген көшені кезіп, көзбен көріп, көзайым болып қайтты. Ендеше онда не бар? Бірге серуендеп қайтайық. 

Көше өнері мегаполисте қалай дамыды?

Есентай өзенінің жоғарғы жағында граффити суреттеріне толы көше бар. Бір қарағанда жасанды жапсырмалар секілді көрінеді. Бірақ анықтап қарасаң, қолмен салынған, үлкен еңбектің жемісі екенін аңғарасың. Бұл - стрит арт өнерінің көрінісі. 

сурет: Нұрбол Ынтымақұлы/aqshamnews.kz

Стрит арт - бұл қоғамдық кеңістікте (көбінесе көшелерде, ғимарат қабырғаларында, жерасты өткелдерінде және басқа да ашық алаңдарда) орындалатын көркемдік туындылар жиынтығы. Ол граффити, мурал (үлкен қабырға суреттері), трафарет өнері, постер, инсталляция, мозаика, тіпті үшөлшемді объектілерді қамтиды.

Қазақстандағы стрит арт тарихы салыстырмалы түрде жақында, 2000-жылдардың басынан басталады. Алайда нақты қалыптасқан бағыт ретінде даму жолы 2010-жылдардың басында ерекше байқала бастады.  Шамамен 2000–2010 жылдары стрит арт көбіне граффити түрінде пайда болып, жастар субмәдениетінің элементі ретінде танылды (рэп, брейк-данс, хип-хоппен қатар жүрді). Солайша алматылық және шымкенттік граффити суретшілер өз қолтаңбаларын қалыптастыра бастады.

сурет: Нұрбол Ынтымақұлы/aqshamnews.kz

Қабырға суреттерінің авторы кім?

Қабырғадағы граффитилер әртүрлі. Стрит-артшылардың қиялына қарай түрліше боялып, сан түрлі салынған. Қызығы әрбір суреттің бір бұрышында міндетті түрде авторлар өздерінің есімін жазып кетеді екен. Қабырға бояуларын аралай жүріп Расул Абдусаломович (swaggyrussell), Ярослов Александров (yarnastene), Алиш Даммит (dammit.art), Мария Ильницкая (mimi.ilnitskaya) сынды суретшілердің аты-жөнін көзіміз шалып қалды. Олармен жұмыстары жайлы тілдесіп те үлгердік. 

сурет: Нұрбол Ынтымақұлы/aqshamnews.kz

Суреттердің бәрі өзінше ерекше. Әрқайсының өзінше тартымдылығы бар. Қанық түсті бояулар, қазақи нақышта салынған кейіпкерлер, көшенің көркін кіргізіп тұр. 

сурет: Нұрбол Ынтымақұлы/aqshamnews.kz

Ағаш жапырақтары жауып алған мына картина да жанарды жаулайды. Мейірімге толы, ботадай мөлдіреген көздері бар бөбектердің жылы жүзі, қараған жанның жүрегін жібітеді. 

сурет: Нұрбол Ынтымақұлы/aqshamnews.kz

Жалпы Оспанов көшесіндегі қабырға суреттері "Первый слой" жобасы аясында қала әкімдігінің және ұйымдастырушылардың қолдауымен Repas граффити командасының қатысумен салынған. Көше бойынан 420 метр қабырға бөлініп, онда 40-қа жуық граффити суретшісі қабырғаны сырлаған.

сурет: Нұрбол Ынтымақұлы/aqshamnews.kz

Ал бұл суреттердің авторы - суретші Мария Илницкая. Әлеуметтік желіде Мими Ильницкая есімімен танымал. Ол қазақ мәдениетін этно-шик жанрында насихаттап жүр. 

сурет: Нұрбол Ынтымақұлы/aqshamnews.kz

Мария суретке 12 жасынан қызығып, этно-шик стилінде 5 жыл бұрын сурет салып бастаған. Қазір ол этно стильдегі барби қуыршақтарының дизайнын жасап, ұлттық өнерді заманға сай дәріптеп жүр. 

Оның осы бір туындысы да көзге бірден түседі. Қазақи стильде киінген қыздардың заманауи келбеті, ондағы әрбір деталь, "ұят?" деген сынды сөздер бүгінгі қоғамның кейбір ащы тақырыптарына мысқылдап тұрғандай әсер қалдырады. 

сурет: Нұрбол Ынтымақұлы/aqshamnews.kz

"Бұған дейін университет партасында ғана сурет салатынмын"

Алиш Даммит - Алматының танымал көше суретшілерінің бірі. Ол бұл өнерге 2012 жылы қызығып бастағанын айтты. 

сурет: кейіпкердің жеке архивінен

"Бұл өнерге 2012 жылы келдім. Сол кезде алғаш қолыма граффити-баллон ұстадым. Бұған дейін тек университеттегі парталарға ғана сурет салатынмын. Қазір қалада менің жұмыстарым көп, тіпті санап та көрмеппін. Мен үшін ең бастысы – Алматының шынайы өмірін көрсету. Жылтыр нәрселер емес, олардың арасындағы тірі тынысын бере білу маңызды. Сол жерлерде стрит арт әрқашан өмір сүреді, ешкім оны ешқашан өшіре алмайды" дейді ол. 

Сондай-ақ ол, өзге суретшілердің жұмысынан шабыт алатынын айтты. Олардың өзіндік стилі, ерекше бояулары жаңа идеяларға жол ашып, одан сайын жаңашылдықтарға жетелейді. 

 

сурет: Нұрбол Ынтымақұлы/aqshamnews.kz

Шай ұстаған Шалк

Бұл кейіпкердің есімі - Шалк. Яғни марвел кейіпкері Халк пен қазақ шалының қосындысы. Туынды авторы Ярослав бұл кейіпкердің қалай туғанын былайша түсіндірді: 

"Егер Халк АҚШ-та емес, қазақ ауылында дүниеге келген болса, ол қаһарлы кек алушы емес, шайды жақсы көретін, үлкен, ақылды әрі көңілді ата болар еді. Бұл ХАЛК+ШАЛ - ШАЛК деп аталатын кейіпкер. Жұртқа ұнады деген үміттемін" деп жазды автор. 

сурет: Нұрбол Ынтымақұлы/aqshamnews.kz

"Қарбалас өмірдегі тыныштықты суреттен табамын" 

Бұл - граффити суретші Расулдың стрит-арт өнері жайлы айтқан ойы. Оспанов көшесінде оның мына бір картинасы бейнеленген. 

сурет: кейіпкердің жеке архивінен

"Бұл муралға мен 3 күн уақытымды жұмсадым. Кейіпкерлерді өз стилімде салып, оларды сүйікті қаламыз жайлы диалогқа қостым. Идея әуелі жүректе туады, содан кейін ғана қағазға және қабырғаға түседі. Мені шабыттандыратыны – қоршаған әлемнің сұлулығы, адамдар және граффитиға деген сүйіспеншілік. Алматының қарбалас өмірінен тыныштықты сурет салудан табамын" дейді Расул. 

Тұрғындар ойы қандай?

Сол аймақта жүрген тұрғындардың да пікірін білмек ниетте Фая есімді  тұрғынды тоқтаттық. Ол қабырға суреттері жайлы ойын ақтара жөнелді. 

"Стрит арт адамдарға жақсы көңіл-күй сыйлап, қаланы жандандырады. Осындай әдемі суреттер қабырғаларымызда көп болса екен. Құрылыс жүріп жатқан ғимараттардың сыртқы қоршауларына да өнер иелері сурет салып кетсе, тіпті керемет болар еді. Маған қатты ұнайды", – дейді қала тұрғыны Фая.

сурет: Нұрбол Ынтымақұлы/aqshamnews.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

13:15

12:45

12:25

11:48

11:41

11:31

11:26

11:06

10:58

10:52

10:45

23:31

23:04

20:46

20:44

20:09

19:08

19:05

19:03

17:29

17:05

15:35

15:24

14:53

14:21