ffin.kz

Музей – көненің көзі, тарихтың өзі

Музей – көненің көзі, тарихтың өзі Сурет: Almaty-akshamy.kz. 

Алматы қаласында сегіз музей бар. Атап айтсақ, Алматы музейі, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, Д.А.Қонаев музейі, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсірепов атындағы әдеби-мемориалдық музей кешені, Н.Тілендиев мемориалдық музейі, Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы, А.Байтұрсынұлының музей-үйі, Райымбек батыр музей кешені. Ал олардың басын біріктіріп, жұмыстарын үйлестіріп отырған –Алматы қаласы Музейлер бірлестігі. Сегіз музейдегі жәдігерлерді қосқанда барлығы 65 689 экспонат бар.


Иә, музей де руханият, мәдениет ошағы. Сондықтан аталған музейлердің ұрпаққа берері көп. Былтыр олардың не тындырғанын, қандай тың жаңалықтар әкелгенін білмекке Алматы қаласы Музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықовамен сұхбаттасқан болатынбыз.


 – Ләззат Құдайбергенқызы, біз ақпараттар айдынында жүрген соң байқаймыз, кейінгі жылдары мегаполис музейлерінің тамырына қан жүгіріп, жұмыстары әдеттегіден де қыза түскен секілді көрінеді. Жалпы, музейге келушілер жағы қалай, олардың арасына талдау, зерттеу жүргізіп отырасыздар ма?


– Иә, әрине, талдау, зерттеу жүргізіп отырамыз. Менің осы қызметке келгеніме бір жылдан енді асты. Келе салып бірінші қолға алған жұмысым – музейлер құрылғаннан бері оларға келушілер (ақылы, ақысызы болсын) саны қанша, ондағы балалар мен ересектердің үлес салмағы қандай, қай санаттың өкілдері көбірек келеді, сол жағына талдау жасау. Сонда байқағанымыз, ең жоғары көрсеткіш 2019 жылы, яғни пандемияға дейін болған екен. Содан алдымен билет сатып алушылар көрсеткішін саралап көрдік. Мәселен, ақысыз өтетін іс-шараларға жиырма адам қатысса, қағазға отыз адам қатысты деп жаза салуы мүмкін ғой. Ал ақылы түрде өтетін іс-шараларға қанша билеттің сатылғаны кассадан да, бухгалтериядан да көрініп тұрады, «көп адам келді» дегізу үшін жалған ақпар бере алмайсыз.


Сонда белгілі болғаны – 2019 жылы біздің бірлестікке қарасты музейлерге 44780 адам келген екен. Бұл – билетпен келгендер саны. Біз алдыңғы жылы осы көрсеткішті екі есе көбейттік. Ал былтыр музейге қызығатындар саны үш есеге өсті. Мұндай жетістік Алматы музейлерінің тарихында бұрын-соңды болмағанын атап кетсем артық болмас. Музей – көненің көзі, тарихтың өзі. Сондықтан оның қадірін білетін, бағалайтын алматылықтардың көбейіп келе жатқанына қуаныштымын.



– Шыны керек, қазір сананы руханияттан гөрі тұрмыстың көбірек билеп тұрғаны жасырын емес. Дегенмен, осыншалық аз уақыт ішінде үлкен жетістікке қол жеткізіпсіздер. Қалай?


Біз «келушіні қалай табамыз» дейтіндей тоқсандай ғана түтіні бар шалғай ауылда немесе ауданда тұрған музейлер емеспіз, бұрын астана болған білдей шаһардың төрінде отырмыз. Ал әсем Алматыда қаншама жоғары оқу орны, қаншама колледж, мектеп бар?! Бүгінде ел экономикасының драйверіне айналған мегаполиске шеттен де, өзімізден де туристер де көп келеді. Қалада ірі туристік агенттіктер де көптеп шоғырланған. Сондықтан біз Алматының потенциалын дұрыс пайдалана білуіміз керек деп шештік. Яғни бардың бағасын білу қажет. Қаланың Білім, Туризм және Жастар саясаты басқармаларының басшыларына жеке-жеке кірдім. ЖОО басшыларымен кездесулер ұйымдастардық. Туризм басқармасы Алматыдағы ең ірі деген он бес турагенттікті таңдап берді. Мәдениет, руханият тақырыптарын қаузайтын телеарналармен, бағдарламалармен байланыс орнаттық. Өзіміздің Халықаралық Алматы әуежайы басшылығына да кіріп, келісімге отырдық. Осы аталған мекемелермен бірігіп, әрқайсысымен ынтымақтастық меморандумына қол қойдық. Сөйтіп оқушыларды, студенттерді, туристерді де біздің қалалық музейлердің танымалдылығын арттыру ісіне жұмылдырдық. Былтыр жыл соңына таман түрлі-түсті фотоальбомдар, қалтаға салып жүруге қолайлы буклеттер, каталогтар шығардық. Келушілер санының артуына, олардың қызығушылығын оятуға осындай қадамдар да оң әсер етті деп ойлаймын.


– Кейінгі кездері Алматы музейі шетелдік, іргелі деген халықаралық көрмелерден бой көрсетіп жүр. Әлде бұл бұрыннан бар дәстүр ме?


– Дұрыс байқапсыз, иә, біз 2022 жылдан бастап халықаралық көрмелер ұйымдастырып жатырмыз. Жалпы Алматы музейі халықаралық деңгейдегі шетелдік көрмеге 2014 жылы қатысқан екен, оның өзінде де «Алматы қаласының мәдениет күндері» шеңберінде, атаулы күннің бір бөлшегі ретінде ғана. 2022 жылдың өзінде екі халықаралық көрмеге қатыстық. Сол жылы Алматы қаласы Музейлер бірлестігі мен Сеул қаласының (Оңтүстік Корея астанасы) тарихи музейі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылған болатын. Бұл статусы жағынан Сеулдің ұлттық музейінен кейін тұрған екінші музей. Сол жылдың желтоқсан айында Алматы қаласы әкімдігінің, оның ішінде қалалық Мәдениет басқармасының қолдауымен Алматы музейінің «Ұлы дала жауһары» атты алғашқы көрмесін ұсындық. Екі айға созылған көрмеде келушілер қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қатысты құнды жәдігерлер мен бірегей фотоқұжаттармен танысуға мүмкіндік алды. Сол екі айда Сеулде біз туралы 44 мақала жарық көрген екен. Көрме аяқталған кезде музей бізге ресми есебін солай деп жіберді. Ал келушілер саны 77 мыңға жеткен. Иә, өзіміздің өзгеге таныту миссиямыздың бір бөлшегі орындалғандай әсерлендік.



Көрме кезінде Сеул музейінің басшылығы Алматыда корей көрмесін ұйымдыстыру туралы ұсыныс білдірген болатын. Енді олар биыл бізге келетін болды, келіссөздер жұмысын былтырғы желтоқсанда пысықтап та қойдық. Бұл да халықаралық байланысымызды нығайтуға үлес қосары сөзсіз.


Сеулден кейін Стамбул қаласында көрме жасадық. Онда жәдігерлеріміз екі апта тұрды, он мыңға жуық адам тамашалаған. Бір түйгенім, біз түбі бір түркі елдері болғандықтан, ұқсастықтарымыз көп, мәдениетіміз де жақындау, сондықтан олардың бір қатты таңданып, таңырқағанын көрмедім. Қырғызстан, Өзбекстан елдеріне барғанда да соны түсіндім. Ал Корея, Еуропадағы көрмелерімізде шетелдіктер таңданып, әр экспонаттың жанына көбірек аялдап, қызықтап, мән-мағынасын сұрап, көптеген сұрақтар қойып жатты.


Стамбулдан кейін, былтырғы қарашада Италияның Неаполь қаласындағы ең танымал Castel Nuevo қамалында, Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылған Алматы қаласының тарихы музейінің «Қазақстан көшпенділері: тарихы мен бүгіні» атты көрмесін аштық. Castel Nuevo – XIII ғасырдан бері тұрған, құндылығын жоймай бүгінге жеткен, туристер көруге ынтық, ЮНЕСКО-ның «Әлемдік мұра» тізіміне енген қамал екен. Сөйтіп, «Құласаң, нардан құла» демекші, Алматы қаласы әкімдігі мен Қазақстанның Австрия Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен дәл осы жерде көрме өткізуге қол жеткіздік.


Италияға барған сапарымызда сол жақтан бауырсақ пісіріп беретін дәмхана тауып, қамыр илеп, нан ашыттық. Құрт-ірімшік, қымыз секілді ұлттық дәмімізді, Алматының қызыл алмасын және «Қазақстан» шоколадын осы жақтан өзімізбен ала бардық. «Күлшелі бала сүйкімді» демекші, біздің көрмеміз осылай жақсы өтті. Бұл көрмеміздің ашылуына үш жүзден аса адам келді. Көрменің бір қанатына турблок ретінде Қазақстан картасын қойдық. Онда халқы қанша, жер көлемі жағынан әлдемде нешінші орын алады, оның ішінде Алматы қай тұста тұр, соның бәрін келушілер инфографика арқылы таныса алатындай етіп жасадық. Қазақ жерінің кешегісін және бүгінгі зайырлы келбетін, табиғатын фотосуреттер арқылы көрсеттік. Кейін жергілікті сала мамандары біздің көрме туралы өздерінің БАҚ беттерінде жарияланған ақпараттарды, материалдарды жібергенде, арасынан біздің елдің табиғатын Швейцариямен теңестіргені туралы мәліметтерді де оқып қуандық.


Италиядағы көрмеміздің ашылу салтанатына «TURKSOY» халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев та қатысты. Олар да біз туралы өз сайтында, әлеуметтік желілердегі парақшаларында ақпараттар таратты. Ал «TURKSOY»-ды бүкіл Орталық Азия оқитынын ескерсек, біздің ел туралы, Алматы жайында талай мемлекет құлақтанды деп ойлаймын. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Көрмеміз бітіп, жиналып, артынып-тартынып әуежайға келсек, сондағы бір итальян инспектордың сонша жолаушының арасынан бізді танып, Қазақстанның көрмесі өтіп жатыр деген ақпаратты жергілікті телеарналардан көргенін айтып, «алдымдағы демалысымда міндетті түрде отбасыммен барып тамашалаймын деп отырмын» дегенде, көңіліміз көкке бір елі жетпей қалған шығар. Адал еңбектің, ұйқысыз түндердің, шаршаған күндердің өтеуі осы екен ғой дедік. Әйтпесе жүзден астам жәдігерді мұхиттың арғы бетіне, ит арқасы қиянға жеткізу, орналастыру, оларды бүлдіріп алмай қайта алып қайту оңай шаруа емес. Италия жерінде экспонаттарымыз бір ай тұрды.



Одан соң «Қазақстан көшпенділері. Салты мен дәстүрлері» деген көрмемізді Австрия төріне апарып қойдық. Вена қаласындағы туристер ең көп баратын Хофбург сарай-кешенінің өзінде төрт музей бар екен. Ат шаптырып, бәйге өткізуге болатын сарай толмай қалса, ашылуға адам аз келсе қалай болады деп уайымдағанымыз да жасырын емес. Сенесіз бе, келушілер сыртта кезек күтіп тұрды. Біз қатты толқыдық. Еуропаның мәдениетті құрметтеуі, руханиятты қадірлеуі ерекше ғой жалпы. Көрмеге Алматы қаласы Музейлер бірлестігі қорынан 100-ден астам экспонат қойылды. Көрме қазақ халқының тұрмысын, салт-дәстүрін, қолданбалы өнерін баяндайтын этнографиялық жәдігерлер, музыкалық аспаптар мен Алматы қаласының тарихы мен қазіргі өмірін көрсететін фотосуреттерге негізделіп ұйымдастырылды. Мұнда да ұлттық дәмімізді ұсынып, ұлттық киімдеріміздің бар тамашасын көрсеттік. ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енген алты қанат киіз үйімізді тігіп, ұлттық әуенімізді, қоңыр домбырамыздың үнін, күмбірлеген күйімізді тыңдатып қайттық. Баланың тұсауын кестік. Оған қоса, сәбиді бесікке бөлеу, қыз ұзату дәстүрлерін, асық ату ойынын да көрсеттік. Әйтпесе, жалпы кез-келген көрменің форматы ашылуы, жәдігерлерді аралап көру, сосын фуршет болып келеді ғой. Ал біз көрмеге еліміздің материалдық емес мәдени мұраларын пайдалана отырып, басқаша форматта өткізіп, өзіміздің кім екенінімізді көрсетіп, мәдени іс-шараға ұлттық реңк бердік деп ойлаймын.


– Мұның бәрі Алматының халықаралық байланыстарды нығайта түскенін көрсетсе керек. Былтыр Мәдениет басқармасы тың бастама көтеріп, музей, кітапхана, театр, зообақ және архив қызметкерлерін АҚШ, Франция, Германия, Англия, Жапония, Корея сынды озық елдердегі әлемнің ең үздік мәдени мекемелерінде кәсіби біліктілікті арттыру курстарына жібергенін білеміз. Әріптестеріңіз қандай олжамен келді?


– Халықаралық байланыс демекші, былтырдың өзінде біз 15 мемлекетпен ынтымақтастық орнаттық. Оның ішінде ЮНЕСКО-ның Орталық Азияны зерттеу институты, Францияның ұлттық музейлер бірлестігі бар. Былтыр «TURKSOY» өзінің 30 жылдығы шеңберінде Шуша (Әзірбайжан Республикасы) қаласында Орталық Азия құрамындағы мемлекеттердің музей басшыларын қосып, алқалы жиын өткізді. Сонда өзара ынтыматастық жөніндегі меморандумға қол қойып келдік. Оның ішінде біз де, яғни Алматы қаласы Музейлер бірлестігі мен CMN меморандумына қол жеткіздік. Соның нәтижесінде былтыр Алматы қаласы әкімдігінің, оның ішінде қалалық Мәдениет басқармасының қолдауымен біздің бірлестіктің 10 қызметкері Париж қаласында, Францияның Ұлттық ескерткіштер орталығында (CMN) біліктіліктілігі мен білімін шыңдап келді. Бұл Алматы музейлерінің тарихында тұңғыш рет болып отырған жағдай. Олар музей менеджменті, музейдегі ғылыми жұмыс негіздері, ескерткіштер маманы, реставратор, қор жұмысы, экскурсовод, экспозиционер, дизайнер, маркетолог, қоғаммен байланыс мамандықтары бойынша ең озық жаңалықтар мен технологиялар туралы білім алды.


Францияның әйгілі Лувры – жаһанға ең танымал, келушілер саны бойынша әлемде бірінші орында тұрған музей. Франциядағы бүкіл музейді басқарып, ұйыстырып отырған да осы Лувр екен. Міне, біздің әріптестердің осындай өркениеті дамыған орталықта болып қайтқанының өзі үлкен жетістік дер едім. Жақында, жыл соңына қарай сол 10 қызметкерімізді тыңдап, олар бізге қандай тың жаңалықтар енгізуге болатынын зерделеп, саралап, не түйгендерін ортаға салды. Биыл қаладағы музейлердің жұмысын жаңа деңгейге көтермекке ниеттеніп отырмыз. Жоспар көп. Бізден үлкен өзгерістер күтіңіздер дегім келеді.


Айтпақшы, осы жылға енді өзімізге шақырту түсіп отыр. Дәлірек айтсақ, БҰҰ-дан, Италиядан, Францияның музыкалық аспаптары музейінен. Бұйыртса, Францияға өзіміздің Ықылас музейінің коллекциясын алып барамыз деп отырмыз. Әлемнің біздің жәдігерлерімізге де, оның ішінде Алматының құндылықтарына назар аударып отырғанына бек қуаныштымыз. Іргеміздегі көршіміз – Өзбекстанның Самарқанынан да ұсыныс түсті, бізге көрме залдарын тегін ұсынуға ықыласты. Ал Самарқанның да ең ежелгі, танымал туристік орын екенін ескерсек, еліміздің даңқын, Алматының атын асыруға тағы бір мүмкіндік туып тұр деуге болады.


– Алматы жәдігерлері туралы айтқанда, мыңдаған жылдық тарихтан сыр шертетін, Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандарының тізіміне енген «Боралдай сақ қорғандарын» тілге тиек етпей кетсек жарамас. Ол жөнінде нендей соны жаңалықтар айтар едіңіз?


– Иә, біздегі «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық кешені 430 гектар аумақты алып жатқан ерекше нысан. Онда ерте темір дәуірі кезеңінің 47 үлкен сақ және 200-ден астам үйсін қорғандары орналасқан. Бізде әлі де зерттелетін, тарихымызды түгендеу үшін қолға алатын дүние өте көп. Шетелдерге барып жүрген жұмыс сапарларымда Паскаль деген белгілі франциялық археологпен танысқаным бар. Қолында жерді қазып, қопарып жатпай-ақ, жиырма метрге дейін сканерлеп, жеті қабат жер астында не жатқанын көрсетіп беретін заманауи құрылғы бар екен. Ал біздің отандық мамандардың қолындағы аппарат бар-жоғы екі метрге ғана жетеді. «Боралдай сақ қорғандарындағы» қорымдардың уақыт өте келе, жер қабаттарының көтерілуіне байланысты жермен-жексен болып кеткенін ескерсек, біздегі бар құрылғының оны түбегейлі зерттеп беруге қауқарсыз екені белгілі. Паскальды мен Алматыға шақырып, археологиялық кешенімізбен таныстырдым да. Қолындағы құрылғысы 430 гектар аумақта не жатқанын түгел көрсетіп бере алатын көрінеді. Айтпақшы, өзіміздің қазақстандық компанияларға шығып та көрдім, екі метрлік жерді сканерлеп берсеңіздер деп. Бірақ олар Паскальдың құнынан төрт есе жоғары ақы сұрады. Енді алдағы уақытта осы жұмысты қолға алсақ па дейміз. Заманауи құрылғыға қол жеткізсек, бәлкім біз күтпеген ғажап жаңалықтар ашылып, мүмкін ежелгі бір үлкен шаһардың үстінен түсіп қалармыз деп ойлаймын.


Біздегі тағы бір ауыз толтырып айтар жаңалық – біздің мамандар ғылыми жұмыстарға да қомақты үлес қоса бастады. 2022 жылы Мәдениет басқармасы ұйымдастырған байқауға қатысып, Мәдениет министрлігінің археологиялық қазба жұмыстарын жасауға болады деген лицензиясын жеңіп алдық. Сөйтіп өзіміздің археологиялық ескерткіштерге қазба жұмыстарын жүргізгенде, сақ жауынгерлері жерленген, бүлінбеген орындарды, алтын сынықтарын таптық. Жалпы, алып Алматыда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын, небір биік нысандар бой көтеріп жатқанын білесіздер. Кез-келген жер қазыла бастағанда оның асты, қойнауы міндетті түрде тексеріледі, зерттеу жүргізіледі. Бірақ бұған дейін мұндай қазба байлық, нақтырақ айтсам, екі алтын тақтасы 2014 жылы ғана табылған екен. Одан кейінгі құнды жәдігерлерді табу біздің музей қызметкерлерінің еншісіне бұйырыпты. Қазір оны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қырым Алтынбековтың ғылыми-реставрациялық зертханасының мамандары зерттеп, қалпына келтіріп жатыр. Таяуда музей төріне қоямыз деп отырмыз.


Былтыр Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов атындағы әдеби-мемориалдық музей кешенінің қызметкерлері «Ғабит Мүсірепов» атты энциклопедия дайындады. Бұл да ғылыми жұмысымыздың бір тармағы десем болады. Биыл басылып, қолымызға тиеді деп отырмыз. Негізі, мұндай танымдық іргелі еңбекті әдетте ғылыми институттар шығарады ғой. Сондықтан бұл энциклопедия білікті музей мамандарының сөзсіз үлкен жетістігі.


Алға қойған жоспарымыз көп. Келешекте Алматыда Райымбек батыр мемориалдық кешені, «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық кешені жанынан Сақ мәдениеті орталығы, «OBSERVATORIUM», Балалар музейі, «Алаш» музейі болады. Аттары қандай! Талай дүниеден хабар беріп тұр. Сіз білесіз бе, Оңтүстік Кореяда мектептегі тарих сабағы тарихи музейлерде өткізіледі екен. Керемет, ә?! Сонда оқушы оқулықтағы өзіне түсініксіздеу мәліметтерді тарихи жәдігерлерді көзбен көріп, сезініп барып, бойына сіңіреді деген сөз. Содан кейін ол бала патриот болмай көрсін!


Біз де осындай жетісіктерді енгізгіміз келеді. Осы жолда қызмет етуден шаршамақ емеспіз. Бізде өз ісін сүйетін елжанды азаматтар еңбек етеді. Былтыр жалақымыз отыз пайызға өсті. Алдыңғы жылы қалалық мәслихат депутаттарының, қала әкімінің қолдауымен алты жас маман, ал былтыр он жас әріптесіміз мемлекеттік бағдарламаның арқасында баспаналы болды. «Үйің болса, күйің де болады» демекші, бұл да кейінгі жылдары музей тарихында болған тың жаңалық. Мұның бәрі біздің нәтижелі жұмыс істеуімізге сеп болатыны сөзсіз. Сөзімнің соңында қадірлі оқырмандарға, музейді сүйетін жандарға Алматыны бірге көркейтейік дегім келеді.


 



Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32