Нью-Йорктің жаңа мэрі - 34 жастағы Зохран Мамдани. Ол туралы не белгілі және ол жеңіске қалай жетті? Толығырақ Аqshamnews.kz материалында.
Ол - мұсылман, Угандада туған, социалист, Палестинаның тәуелсіздігін қолдайды. Болашақ мэр қызметіне 2026 жылғы 1 қаңтарда кіріседі.
Мамдани жазда-ақ Демократиялық партияның праймеризінде жеңіп, Нью-Йорк штатының бұрынғы губернаторы, тәжірибелі саясаткер Эндрю Куомоны артта қалдырып, науқанның фаворитіне айналды.
Биылдың басында Мамдани тек 1 пайыз танымал еді. Тіпті өз штабы оның жеңу мүмкіндігін 3% деп бағалаған.
Оның айырмашылығы қандай?
New York Times мәліметінше, ол - кейінгі жүз жылдан аса уақыт ішіндегі ең жас, қаланың тарихындағы алғашқы оңтүстік азиялық, алғашқы мұсылман мэр.
Республикашылдар Мамданиді "коммунист" әрі "жиһадист" деп атады. АҚШ президенті Дональд Трамп, миллиардер Илон Маск және басқа да жоғары лауазымды республикашылдар оны қолдамауға шақырды.
"Достар, біз саяси әулетті тақтан түсірдік. Біз көпшіліктен теріс айналып, таңдаулылардың дегеніне ғана бас иген саясаттың бетін жабамыз", - деді Мамдани жеңіс сөзінде.
Демократтар үшін "радикал"
Шілдеде Демпартия атынан ресми түрде ұсынылған соң, бір топ бизнесмен мен саясаткер Нью-Йорк мэры Эрик Адамспен кездесіп, Мамданидің мегаполис басшысы болуына жол бермеуді талқылаған.
Axios мәліметінше, Мамданидің социалистік ұстанымы мен Палестинаның тәуелсіздігін ашық қолдауы демократиятарды шошытты.
© AP Photo / Heather Khalifa
Мэр қандай уәде берді?
- Ол субсидияланатын тұрғын үйдің жалдау ақысын өсірмеуді,
- балабақша бағасын түсіруді, автобустарды тегін етуді,
- арзан азық-түлік дүкендерінің желісін құруды уәде етті.
- Жылына 1 миллион доллардан көп табатын адамдар мен бизнеске қосымша салық салуды ұсынды.
Осы ұсыныстары үшін оппоненттері оны қаланы құртатын "коммунист-радикал" деп атады. Сондай-ақ, Газадағы жағдайды "геноцид" деп атағаны үшін оны антисемитизмде айыптады.
Axios-тың айтуынша, праймеризден кейін Мамдани риторикасын сәл жұмсартты. Бизнес өкілдерімен кездесіп, болашақ қала билігімен "серіктес болуы" мүмкін екенін айтты.
2020 жылғы Black Lives Matter наразылықтарынан кейін полиция қаржысын қысқартуды қолдаған Мамдани қазір "Қоғамдық қауіпсіздік департаментін" құруды ұсынып, қалалық полиция басшысын алмастырмауға келісім берді.
Дональд Трамп неге оған дауыс бермеді?
4 қарашадағы сайлауда ол 50,5% дауыс жинады, ал басты қарсыласы - бұрынғы губернатор Эндрю Куомо - 41,7% алды.
Сайлауға санаулы күн қалғанда Дональд Трамп Куомоға дауыс беруге шақырды. АҚШ президенті Зохран Мамдани мэр болса, Нью-Йорк қаржысын қысқартамын деп бірнеше рет қоқан-лоқы жасап, "сайлаушылардың таңдауы жоқ - Куомоға дауыс беруге міндетті" деді.
Мамдани туралы не белгілі?
Зохран Мамдани 1991 жылғы 18 қазанда Уганда астанасы Кампалада туған. Жеті жасында отбасы Нью-Йоркке қоныс аударған. Оның анасы - режиссер, әкесі - Колумбия университетінің антропология профессоры (екеуі де Үндістанда туған).
Мамдани Бронкстың Ғылыми жоғары мектебін бітірген, сол жерде мектептегі алғашқы крикет командасын құрды. 2014 жылы Мэн штатындағы Боудойн колледжін тәмамдап, африканистика мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алды. Колледжде оқып жүріп "Палестина үшін әділдік студенттері" ұйымының бөлімшесін құрушылардың бірі болды. 2018 жылы АҚШ азаматтығын алған.
Саясатқа келуіне құқықтық кеңесші ретіндегі жұмысы түрткі болды: ол Квинс тұрғындары арасындағы тұрмысы төмен азаматтарға баспанасынан айрылмауға көмектесті. Сонымен қатар, болашақ саясаткер рэп орындап, алдымен Young Cardamom, кейін Mr. Cardamom лақап аттарын қолданды. 2017 жылы Нью-Йорктегі мұсылманның өмірі туралы "Salaam" трегін жазды.
Видео кадры
2020 жылы Мамдани Нью-Йорк штаты Ассамблеясына сайланды. Осы қызметте ол бір жыл бойы бес бағытта қалалық автобустарды тегін қылған пилоттық жобаны іске қосты.
2025 жылы ол сирия-америкалық суретші Рама Дуваджиге үйленді. Жұп Квинсте тұрады.
AP Photo/Юки Ивамура