Елдегі және «Алтын Орда» базарындағы баға ахуалы қаралды.
Өткен сенбіде Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын тұрақтандыруға арналған апталық кеңес өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Үкіметтің ресми сайтыына сілтеме жасап.
СИМ сауда комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабеков атап өткендей, «Алтын Орда» базарында мобилді топ құрылды, оның құрамына ҚМА, СИМ, БҚДА, ҚМ МКК, ІІМ, ДСМ, ТЖМ, АШМ, Алматы облысы әкімдігінің өкілдері кіреді. Топ қазірдің өзінде базарда тәулік бойғы кезекшілікке кірісті. Сатушылар, жеткізушілер, жүргізушілер мен базарға келген азаматтардың өтініштерін қабылдау және жедел жауап беру үшін «Алтын Орда Open» Телеграмм-чаты мен бірыңғай байланыс орталығы (call center) (8 7273 195 160, 8 747 059 7054) құрылды. Көкөніс өнімдерін базарға келушілерге тікелей өткізетін шаруалардың жүк көліктері үшін тегін 100 орын белгіленді. Сауда нүктелері шатырлармен жабдықталған, тұрақты бақылау үшін камералар орнатылған. Бұл шаруаларға ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынушыларға тікелей делдалсыз сатуға мүмкіндік береді. Базарда сауда жасау үшін шаруалар ауыл әкімдігінің анықтамасын алуы қажет.
«Алматы облысының әкімдігі мобилді топтың жұмысын күнделікті бақылауда ұстауы қажет. Жүк көліктеріне арналған 100 орын – жазғы маусымға оңтайлы жедел шара. «Алтын Орда» аумағынан стационарлық сауда нысандарына орын бөлу қажет. Бұл тек осы базарға ғана қатысты емес, барлық әкімдіктерге өз өңірлеріндегі базарлар мен ірі сауда нысандарында осындай жұмыс жүргізуді тапсырамын», — деді Серік Жұманғарин.
Кеңесте делдалдық схемаларды жою жағдайы да қаралды. Сауда комитетінің мәліметінше, жыл басынан бері комиссиялардың 859 отырысы өткізіліп, 176 өнімсіз делдал алынып тасталды. Апта ішінде сауда үстемесін асырып, өнімсіз делдалдарды алып тастаудың 22 фактісі анықталды. Атап айтқанда, Жамбыл облысында 15%-дан жоғары сауда үстемесі бар түтікті кеспе, ұн және күріш сатылды. Түсіндіру жұмыстарынан кейін бұл өнімдердің бағасы 10-25% шегінде төмендеді.
«Ұлытау облысында сауда үстемеақысын асырғаны үшін кәсіпкерге ескерту жасалды. Нәтижесінде күнбағыс майы мен қырыққабаттың бағасы 25%-ға төмендеді», — деді Айдар Әбілдабеков.
Жалпы, өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсімі 0,1%-ды құрады. Бағаның ең жоғары өсмі сәбізде (4,4%) және картопта (3,5%) болды. Сонымен қатар қырыққабат (-5,4%), пияз (-1,6%) бағасының төмендеуі байқалады. Күнбағыс майы (-1,7%), қарақұмық (-1,5%), жұмыртқа (-1,4%), құс еті және тұз (-0,1%) бағасының төмендеуі жалғасып отыр.
Сәбіз бағасының өсуіне қатысты жағдай бөлек талданды, олар бойынша ең жоғары өсу индексі 18 өңірде белгіленді. Белгілі болғандай, бұған дейін өңірлерге Тараздағы өндірушіден сәбізді 110 теңгеден сатып алу ұсынылған болатын. Алайда, сатып алуды тек Астана мен Алматы қалалары ғана жүргізген.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков күзгі-қысқы кезеңге арналған өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелерімен таныстырды. Қазірдің өзінде 77,6 мың тонна көлемінде күзгі картопты немесе алдағы күзгі-қысқы кезеңдегі тұтыну нормасының 85%-ы, 23,5 мың тонна сәбіз (91%), 22,3 мың тонна пияз (91%), 16 мың тонна қырыққабат (74%) жеткізуге шарттар жасалды.
«ӘМАТ бағасын тұрақтандыру тетіктерін енгізудің үлгілік қағидаларындағы соңғы өзгерістерді ескере отырып, ӘКК-нің бос қаражаты ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарын форвардтық қаржыландыруға бағытталуы керек. Келісімшарттардың ең аз көлемі бар өңірлер фермерлермен форвардтық келісім-шарттар жасау шараларын қабылдауы қажет. Картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат өндірушілерінің тізімі әкімдіктерге жолданды», — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі.
Жиынды қорытындылаған Серік Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктер жасаған күзгі егін жинау жұмыстарына қатысты барлық келісім-шарттардың үлгілік ережелердегі және қаржы ағындары бойынша өзгерістерге сәйкестігі тұрғысынан тексеруді тапсырды.
«Өзгерістер тек өндірушілерден 9 тауар позициясын сатып алуды талап етеді. Тексеру нәтижелері бір апта мерзімінде баяндалсын», — деді Серік Жұманғарин.