Рамазан – мұсылман үшін ерекше берекелі ай. Бұл айда адам тек ораза ұстап қоймай, жүрегін тазартып, Аллаға жақындай түсуге тырысады. Ал қасиетті айдың соңғы он күні – ең қадірлі уақыттардың бірі. Себебі дәл осы күндердің бірінде мың айдан да қайырлы Қадір түні жасырылған. Бір жылда бір келетін қасиетті айдың соңғы он күнін қалай өткізген дұрыс? Аqshamnews.kz тілшісінің материалында.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазанның соңғы он күнінде құлшылығын күшейтіп, түндерін ғибадатпен өткізген. Айша анамыздың (Алла оған разы болсын) айтуынша, Пайғамбарымыз бұл күндері түнін құлшылықпен өткізіп, отбасы мүшелерін де оятатын болған.
Ізгі амалдарды көбейтуге ниет етіңіз
Рамазанның соңғы күндері – адамның өзіне есеп беретін ерекше уақыт. Бұл күндері өткен өміріңізге көз жүгіртіп, жасаған қателіктеріңіз үшін кешірім сұрап, алдағы өміріңізге жоспар құруға болады.
Мұсылман үшін ең маңыздысы – шынайы ниет. Егер осы он күнді Аллаға жақындау үшін өткізуге ниет етсеңіз, бұл үлкен сауапқа бастайтын алғашқы қадам болады.
Ғалымдардың айтуынша, Рамазанның алғашқы он күні – мейірім, екінші он күні – кешірім, ал соңғы он күні – тозақ отынан құтылу кезеңі. Сондықтан бұл уақытты бос өткізбеуге тырысқан жөн.
Құран оқып, дұға жасаңыз
Рамазан – қасиетті Құран түскен ай. Сондықтан соңғы он күнде Құран оқуға көбірек уақыт бөлу – ең сауапты амалдардың бірі.
Құран оқып отырып, оның мағынасына ой жүгіртіп, жүрекпен түсінуге тырысу керек. Сонымен бірге дұға жасауды да ұмытпаған дұрыс. Себебі бұл күндері жасалған дұғалардың қабыл болу мүмкіндігі жоғары.
Пайғамбарымыз Айша анамызға Қадір түнінде мына дұғаны айтуды үйреткен:
«Аллаһуммә иннәкә ъафуун, тухиббуль ъафуа, фаъфу ъанни».
Мағынасы:
«Уа, Алла! Сен өте кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің. Мені де кешіре гөр».
Қадір түнінде не істеу керек?
Қадір түні – Рамазан айындағы ең қасиетті түн. Құранда бұл түннің мың айдан да қайырлы екені айтылған. Яғни бұл түнде жасалған бір құлшылық 83 жылдан астам уақыт жасаған ғибадаттың сауабына тең болуы мүмкін.
Биыл Қадір түні 16-нан 17 наурызға қараған түнге сәйкес келеді деп болжанып отыр. Ал Пайғамбарымыз Қадір түнін Рамазанның соңғы он күніндегі тақ түндерден (13, 15, 17, 19) іздеуді айтқан.
Сондықтан осы күндері түнгі намаз оқып, дұға жасап, Алладан кешірім сұрау – мұсылман үшін үлкен мүмкіндік.
Садақа беріп, жақсылық жасаңыз
Рамазан – мейірім мен қайырымдылық айы. Соңғы он күнде садақа беріп, адамдарға жақсылық жасау ерекше сауап болады.
Ғалымдар бір жақсы кеңес айтады:
егер Қадір түнін дәл қай түн екенін білмесеңіз, соңғы он күннің әр түнінде аз да болса садақа беріңіз. Сонда берген садақаңыз міндетті түрде Қадір түніне сәйкес келуі мүмкін.
Бұл – сауапты амалдан құр қалмаудың бір жолы.
Мешітте қонып, құлшылық ету міндет пе?
Рамазанның соңғы он күнінде жасалатын ерекше құлшылықтың бірі – иғтикаф. Бұл – белгілі бір уақыт мешітте немесе тыныш жерде қалып, тек құлшылыққа көңіл бөлу дегенді білдіреді.
Пайғамбарымыз өмірінің соңына дейін Рамазанның соңғы он күнінде иғтикаф жасаған. Яғни мешітте қонып, барлық назарын тек құлшылыққа бөлген.
Иғтикафтың мақсаты – күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәт алыстап, жүректі тазарту және Алламен байланысты нығайту.
Егер мешітке бару мүмкін болмаса, адам үйінде де тыныш уақыт бөліп, дұға жасап, Құран оқып, ғибадатпен айналыса алады.
Ең бастысы – ықылас
Рамазанның соңғы он күні – әр мұсылман үшін үлкен мүмкіндік. Бұл уақытты құлшылықпен, дұғамен және жақсы амалдармен өткізген адам үлкен сауапқа кенеледі.
Ең бастысы – шынайы ниет пен ықылас. Алла Тағала ықыласпен жасалған әрбір игі істің сауабын еселеп береді.