Мемлекет басшысына қаржы нарығының 2025 жылғы қорытындылары таныстырылды

  • 17:01, 15 қаңтар 2026
Мемлекет басшысына қаржы нарығының 2025 жылғы қорытындылары таныстырылды Сурет: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымовамен кездесті, деп хабарлайды, Aqshamnews.kz тілшісі.

Мемлекет басшысына қаржы нарығының 2025 жылғы даму нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер жөнінде есеп берілді.

Мәдина Әбілқасымова өткен жылы банк секторының тұрақтылығы сақталғанын атап өтті. Жыл сайынғы қадағалау және бағалау циклі толық аяқталған. Банктердің активтері 11 пайызға өсіп, 68,3 триллион теңгеге жетті. Ал капитал жеткіліктілігі 20,7 пайызды құрады.

Сонымен қатар банктер туралы жаңа заң жобасы, инвестициялық қорлар мен рейтингтік қызметті реттейтін заңдар әзірленгені айтылды.

2025 жылғы қарашадағы мәлімет бойынша бизнеске берілген кредит көлемі 17,9 пайызға артып, 14,8 триллион теңгеге жеткен. Кәсіпкерлер жалпы сомасы 17,5 триллион теңгеге жаңа несиелер рәсімдеген. Банктер бірлесіп 2,3 триллион теңге болатын 8 синдикатталған жобаны қаржыландырды.

Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында 2025 жылдың маусымында «Даму» қоры жанынан Кепілдік қоры құрылып, бүгінге дейін 505 миллиард теңге көлемінде несие кепілдігі берілген.

Тұтынушылық кредит беру көлемі 2024 жылмен салыстырғанда екі есе қысқарған. Халықтың шамадан тыс қарыз алуын шектеу үшін төлемі кешіктірілген жағдайда 5 жылдан астам мерзімге несие беруге тыйым салынды. Сондай-ақ тәуекелі жоғары және 3–5 жылдық қарыздарға қосымша шектеулер енгізілді. Қарыз алушы табысына байланысты борыштық жүктеменің жаңа коэффициенті бекітілді.

Қарыз жүктемесін азайту мақсатында банктер мен микроқаржы ұйымдары 703 мың азаматтың берешегін қайта қарап, ішінара кешірім жасаған. Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енгеннен бері 56 мың адамның 209,7 миллиард теңге қарызы есептен шығарылды.

Ипотекалық тұрғын үй займдарын қайта қаржыландыру бағдарламасы аясында 1,2 мың қарыз алушыға қолдау көрсетілді.

Қаржылық алаяқтықпен күрес аясында кредит рәсімдеу кезінде «шешім қабылдау кезеңі» заңнамаға енгізілді. Алғашқы несие азаматтың жеке қатысуымен ғана беріледі. Сонымен қатар алаяқтық фактілері бойынша кредитті сот арқылы және соттан тыс тәртіппен есептен шығару тетіктері кеңейтілді.

2025 жылы агенттік банктерге 49 рет тексеріс жүргізсе, сақтандыру нарығы қатысушылары 47, бағалы қағаздар нарығы 54, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер 260 мәрте тексерілген. Нәтижесінде 628 қадағалау шарасы қолданылып, 641,3 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.

Микроқаржыландыру және коллекторлық нарықтағы 58 ұйым лицензиясынан айырылды. Оның ішінде 23 субъекттің қызметі мәжбүрлі түрде тоқтатылып, 9 ұйымның лицензиясы толық қайтарылып алынған.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы қаржы тұрақтылығын сақтау, экономиканың нақты секторын несиелеуді күшейту және қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытында нақты тапсырмалар берді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:56

17:39

17:18

17:01

16:53

16:40

16:22

16:02

15:52

15:38

15:23

15:14

15:04

14:53

14:41

14:32

14:21

14:15

14:09

12:54

12:38

12:29

12:18

12:05

11:51