ffin.kz

Мейірімді әйел

Мейірімді әйел almaty-akshamy.kz

немесе өмір бойы кір жуушы болып істеген Озеола қалай универге қабылданды?



Озеола Маккарти 1908 жылы АҚШ-тың Хаттисберг қаласында туған. Кедей отбасында дүниеге келген афроамери­кандық қыз медбике болуды, Оңтүстік Миссисипи университетінде оқуды армандайды. Бірақ тәтесі айықпас дертке шалдығып, соны күту үшін 12 жасында мектептен шығып кетеді. Сол күйі партаға отырмайды.


Кір жуушы болып жұмысқа тұрады. Бұғанасы беки қоймаған кішкентай қыз ауыр жұмысы үшін күн сайын болмашы ғана доллар алып жүреді. Бір күні Миссисипидің тұңғыш банкіне келіп, өзіне есепшот ашып беруін сұрай­ды. Сөйтіп, әр күн сайын, жұмыс аяқталған кезде банкке келіп, есепшотына 1 немесе 1,5 доллардан салып кетіп отырады. Бірде банктің бір қызметкері қарапайым қыздан ақшаны кім немесе не үшін жинап жүрсіз деп сұрағанда, «әжем қартайғанда керек болады» деп жауап береді.


Әжесі 1944 жылы көз жұмады. Жерлейді. Ал Озеола бұрынғы әдетімен күнде банкке келіп, болмашы ақшасын салып кетіп жүреді. Сөйтіп жүргенде, 70-жылы анасы, одан кейін аурушаң тәтесі қайтыс болады.


Уақыт зымырай береді. Банк бірде жабылып, қайта ашылып жатады. Бір күні банк қызметкері оған есепшо­тындағы ақшасының бір бөлігін облигация қорына ауда­руға кеңес береді. Онша сауаты жоқ Озеола бұған мән де берместен, жарайды деп көне салады.


Озеола 75 жыл кір жуушы болған. Сонау 47-жылдары көкесінен қалған ескі ағаш үйде жалғыз ғұмыр кешіп жа­тады. Тұрмысқа да шықпаған, бала да сүймеген. Еш бай­лығы да болмаған. Сол уақытқа дейін өзі туған Миссисипи штатынан ешқайда ұзап шығып та көрмеген екен.



Бірде, дәлірек айтқанда, 1995 жылы банктің Пол Лог­лин деген қызметкері Озеоланың соңғы апталарда мүлдем келмей кеткенін байқап, түскі ас кезінде үйіне арнайы ат басын бұрады. Әйел аздап сырқаттанып қалғанын, бірақ келесі апта міндетті түрде жұмысқа шығатынын, сондай-ақ банкке кіруді де ұмытпайтынын айтады. Банк қызмет­кері алдында тұрған әйелдің әбден қажыған жүзін, күнде кір жуып, тамырлары шодырайып, артритке шалдыққан қолдарын көріп жүрегі шым ете қалады. Бірақ әйелдің осынау өміріне деген еш өкпесі, кегі жоқ екенін, жүзіндегі адамзатқа деген мейірімді көріп таңқалады. Сосын дереу жұмыс орнына оралған соң, Озеоланың есепшотын көргісі келеді. Ашып келіп қалса, 250 мың доллардан астам қара­жат тұр!



Мұны естіген әйел «сіздер қателесіп тұрған жоқсыздар ма, мейлі ендеше, осынша ақша тұрғаны рас болса, есеп­шотта қала берсін» дейді. Ал банк қызметкерлері оған енді осыншама ақша тұрғанда жұмыс істеп керегі жоқ екенін айтқанымен, «мен ақша үшін жұмыс істемеймін, адам­дарға пайдам тисе болғаны» дейді. «Ендеше мына қара­жатты қайда жұмсайсыз?» деген сауалға әйел жауап беру­ден қиналып қалады. Сонда банк қызметкері қалтасынан он монета шығарып: «Озеола ханым, егер сізде осындай он монета болса, не істер едіңіз?» деп сұрайды. «Біреуін шіркеуге берер едім, ес білгелі ылғи сөйтемін. Ал мына үшеуін үш туысыма берер едім, олар жақсы адамдар. Ал қалғанын білмей тұрмын қайда жұмсарымды», – деп жауап береді. Бұған да таңданған қаржы қызметкерлері «ал өзіңізге ше?» деп сұрағанда, «менің әлі де өзіме қыз­мет етуге күш-қуатым жетеді» дейді.



1995 жылы Оңтүстік Миссисипи университетінде қор құрылып, оған Озеола Маккартиден 150 мың доллар және «Арманынан әлде де күдер үзбеген кедейдің балаларына шәкіртақы тағайындағым келеді» деген өтініш-хат түседі. Бұл оқиға әлемді дүр сілкіндіреді. Сөйтіп, қор афроамери­кандық кедей жастардың тегін білім алуына жағдай жа­сайды. Қара нәсілді қарапайым әйелдің бұл қадамына тәнті болғандар қорға өз еріктерімен ақша аудара бастай­ды.



Бір кездері сол универде оқысам, медбике білімін ал­сам деп армандаған Озеола ол оқу орнынан тым алыста тұрмаса да, ешқашан ішіне кіріп көрмеген екен. Үлкен ғимараттың ішіне кіріп келгенде, студенттер мен оқыту­шылар жарты сағаттай қол соғып тұрып алған.


Журналист: «Дәл қазіргі арманыңыз қандай, Озеола ханым?» деп сұрағанда ол: «Менің шәкіртақымды алған алғашқы студентті көргім келеді. Бірақ менің жасымда бұл мүмкін емес-ау, ә» деп жымияды. Екі күннен соң ол 30 мың адам қатысқан футбол стадионының ашылу сал­танатына шақырту алады. Сол күнді штат губернаторы «Озеола Маккарти күні» деп жариялайды. Ол кейінгі төрт жыл ішінде 300-ден астам түрлі марапаттар мен айтулы сыйақылар алады. Телеканалдар бетінен түспейді. Әйгілі New York Times газетінің бірінші бетіне шығады. АҚШ тың сол тұстағы Президенті Билл Клинтонның қабыл­дауында болады. Ешқашан үйінен ұзап шығып көрмеген әйел әлемді аралау құрметіне ие болады. 1999 жылы 92 жасында көз жұмады. 18 жастағы Стефани Баллок атты студенттің Озеола атындағы алғашқы шәкіртақыны алып тұрып, тебірене сөз сөйлеген сәті де таспаға басылып, тарих парағына жазылып қалды.


P.S. Осындай жандардың өмірі бізге үлгі болуы тиіс.


Әзірлеген Нұр ЖАМАЛ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:47

17:15

16:46

16:16

15:45

15:15

14:44

14:14

13:02

12:45

12:22

11:49

11:11

10:50

10:09

17:43

17:13

17:12

16:43

16:09

15:49

15:10

14:44

14:14

13:43