Қазақ қоғамында ананың балаға деген махаббаты айрықша бағаланады. Әсіресе ұл бала әулеттің жалғасы, тірегі деп саналатындықтан, оған деген ықылас та ерекше болады. Дегенмен, осы шектен тыс қамқорлық кейде ер азаматтың толыққанды тұлға болып қалыптасуына кедергі келтіреді. Бұл құбылысты күнделікті тілде "мамасының баласы" деп атаймыз. Психолог, гештальт-терапевт Ұлмекен Сәндібекқызы Аqshamnews.kz тілшісіне осы тақырыпты тарқатып берді.
"Мамасының балалары" қайдан шығады?
Психолог Ұлмекен Сәндібекқызы біз ауызекі тілде қолданып жүрген "мамасының баласы" ұғымын психологиялық тілмен түсіндіріп берді.
"Психологияда "мамасының баласы" құбылысы эмоциялық тәуелділік, симбиоздық байланыс немесе инфантильділік деп аталады. Ол көбіне ананың шамадан тыс қамқорлығынан, шекараның болмауынан және баланың өз бетінше өмір сүруіне мүмкіндік берілмеуінен қалыптасады", - дейді маман.
"Балама жақсы болсын" деген ниеттің көлеңкелі тұсы қандай?
Ұлмекен Сәндібекқызы аналар көп жағдайда балаларына кішкентайынан шектен тыс қамқорлық танытып, оны қалай өзіне тәуелді етіп алғанын байқамай қалатынын айтты.
"Ананың шамадан тыс қамқорлығы баланың өзбетінше өмір сүруін, жауапкершілігін, өзіне сенімін әлсіретіп, ересек өмірге бейімделуін қиындатады. Ана мұны байқамай қалады. Себебі бәрін "балама жақсы болсын" деген ниетпен жасайды", - дейді психолог.
Оның айтуынша, мұндай балалар өмірде жиі қиындық көреді:
"Анасы бұл дүниеден өткенде, олар ауыр қайғыны көтере алмай, ішкілікке, ойынқұмарлыққа немесе есірткіге тәуелді болып кететін жағдайлар аз емес. Анасының қамқорлығына, шешімдерін мақұлдауға үйреніп қалады. Ал оның ересек өмірдегі салдары көбейе береді", - дейді маман.
"Мамасының балалары" анасының рөлінде жүретін қызды таңдайды"
Психологтың айтуынша, анасының қамқорлығына үйреніп қалған балалар үйленсе де, анасына ұқсайтын, сондай қамқорлық беріп отыратын қызды таңдайды.
"Мұндай балалар достықта да, махаббатта да, жұмыста да тәуелді болып қалады. Шешім қабылдауда қиналады, көбіне анасының мақұлдағанын күтіп отырады. Тіпті үйленген жағдайда да анасының рөлінде жүретін қызды таңдайды. Тіпті кейбірі ересек шақта өзбетінше өмір сүре алмай ата-анасымен бірге тұрып, жеке отбасы құруға ұмтылмауы мүмкін", - дейді ол.
Психолог кеңесі: сепарация не үшін маңызды?
Ұлмекен Сәндібекқызы ата-аналарға балаларына сепарация жасау, яғни өзінен жырақта өмір сүріп көруге мүмкіндік берудің маңызды екенін атап өтті.
"Сепарация міндетті, ол екеуін алыстату емес, керісінше екеуін де нығайту. Баланы ерте бастан шешім қабылдауға үйретіп, жауапкершілік беріп, шекара қою керек. Өміріңізді басқа қызықты бояулармен толтыруға арнаңыз. Балаңыздың өмірде мүмкіндікке толы өмірін байқап көруіне ерік беріңіз", - деп қосты маман.
Ол осы мәселеге қиналып жүрген ата-аналарға Вероника Хлебова мен Мелоди Биттидің еңбектерін оқуға ұсынады.
Ананың қызғанышы қайдан туады?
Қазақ қоғамында кей аналар ұлдарын тіпті келінінен қызғанып жатады. Бұл жағдай көп ұрысқа, келіспеушілікке әкеліп соғады. Психолог мұндай жайттарда не істеу керегін де қоса кетті.
"Аналар ұлын тірек көргендіктен келінін қабылдай алмай қызғаныш танытады. Көбінде өзі саналы түрде түсінбесе де, бейсаналы түрде көрініс береді. Оның шешімі – ұлына еркіндік беру, ал ана өз өмірін толыққанды етіп, энергиясын өзіне бағыттау. Ал анасына тәуелді ерлерге "тек жеке жауапкершілікті дамытып, өз "менін" қалыптастыруға баса назар аудару қажет", - дейді Ұлмекен Сәндібекқызы.
Еске салайық, бұған дейін депутат Ардақ Назаров мәжілісте анасын туған күнімен құттықтап, сынға қалған еді. Ал оған дейін Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов те "мамасының баласы" деген желеуге ұшырап, жұртқа жақпай қалған болатын.