Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша басты сот отырысы басталды. Сотталушы Ернар Жиенбайдың айтуынша, әрекетіне қызметтегі кикілжің емес, жеке қызғаныш себеп болған, - деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
6 тамызда басталған сот отырысы сотталушыдан жауап алудан басталды. Жиенбай бұл істің қызметтік мәселелерге қатысы жоқ екенін, бәрі қызғаныштан туғанын айтты.
"Мұны халық естуі керек. Бұл жұмысқа байланысты емес. Бәрі қызғаныштан болды", – деді ол.
Сотта Жиенбай отбасына қатысты мәліметтерді бөлісіп, әлеуметтік желілерде тараған қауесеттерді жоққа шығаруға тырысты.
"6-сыныптан бері бірге оқыған менің адал жарым, сүйікті әйелім. Ол ешқашан бөтен адаммен араласқан емес. Жақсы отбасынан шыққан, тәрбиелі қыз. Әлеуметтік желілерде жазғандай жеңілтек емес", – деді ол.
Оның айтуынша, олардың тұңғыш ұлы – аутизмге шалдыққан бала. Жұбайы да осындай диагнозбен тәрбиеленіп жатқан туыс отбасыға жиі барып тұрған. Бұл отбасы Руслан Берденовтің туыстары болып шыққан. Әйелі сол отбасымен бірге баланы дамыту сабақтарына апарып жүрген.
"Жұбайым Берденовпен бір отырыста болған, сол жерде "қара касса" (черная касса) ойнаған", – деді Жиенбай.
Уақыт өте келе Жиенбайдың айтуынша, әйелі Берденовтен "сұлусың" деген хабарлама алған. Ол кезде Жиенбай күмәнданбағанын айтты.
"Телефонына қарасам, Руслан Берденов лайк қойып, "сұлусың" деп жазыпты. Менде артық ой болған жоқ. Мен де ондай сөздерді әпкелеріме айтып жүремін", – деді ол.
Қастандық жасалардан бір күн бұрын Берденовке қабылдауға баруға дайындалып жатқанын, алайда әйелі киімін дайындап үлгермегенін айтты. Көйлектің етегі күйіп қалған.
"Кешігіп бара жаттым. Сол кезде әйелім Руслан Берденовтің қандай киім киетінін айтып кетті. Оның айтуынша, ол 5 миллион тұратын костюмдер киеді екен. Бұл да қастандық жасауға себептердің бірі болған шығар", – деді Жиенбай.
Сот мемлекеттік тілде, ашық форматта өтіп жатыр. Руслан Берденов сотқа қатыспады. Оның өкілі Жеңіс Тыныбектің айтуынша, шенеунік қазір ем алып жатыр. Сот залында Жиенбайдың әйелі де қатысып жатыр.
Бұған дейін, 28 шілдеде Шымкенттің мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сотында алдын ала тыңдау өткен болатын. Ол кезде де Руслан Берденов сотқа қатыспаған.
Істі прокурор Бауыржан Қараманов жүргізіп жатыр. Оның мәліметінше, 2025 жылғы 21 сәуірде Ернар Жиенбай қала құрылыс басқармасындағы нысандарды бақылау бөлімінің бастығынан "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС басшысы қызметінен кету туралы Берденовтің нұсқауы барын естіген.
Сот Ернар Жиенбайды ҚР ҚК 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 1-бөлігі ("Адам өлтіруге оқталу") бойынша айыптап отыр. Кейбір деректерге қарағанда, ол бұған дейін "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС мекемесін басқарған. Сот Жиенбайдың бет-жүзін түсіруге қарсы екенін ескеріп, түсірілімге шектеу қойды.