AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
    • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
    • • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Әлеумет / Күн райының өзгеруі денсаулыққа әсер ете ме?

Күн райының өзгеруі денсаулыққа әсер ете ме?

Әлеумет Бүгін 15:05 47
Күн райының өзгеруі денсаулыққа әсер ете ме?

Адамның хал-жағдайы тек ұйқыға, тамақтануға және физикалық белсенділікке ғана емес, ауа райына да байланысты.

Температураның күрт төмендеуі, ыстық немесе атмосфералық қысымның ауытқуы біреулерге байқалмай өтсе, енді біреулердің басы ауырып, әлсіздік пайда болып, көңіл күйі нашарлайды. Бұл – метеосезімталдықтың көрінісі. Яғни ағзаның температура, ылғалдылық және атмосфералық қысым өзгерістеріне жоғары сезімталдығы.

Дәрігер-физиолог Бауыржан Қасеновтің айтуынша, метеосезімталдық жеке ауру емес, ағзаның сыртқы факторларға реакциясы. Бұл процеске жүйке жүйесі, қан тамырлары және гормондық реттелу қатысады. Сондықтан ауа райының құбылуы ағзаның жұмысына әсер етіп, бас ауруын, бас айналуды, ұйқышылдықты, ашушаңдықты, қан қысымының ауытқуын және буындардың сырқырауын тудыруы мүмкін.

"Атмосфералық қысымның өзгеруі мидың ішкі ағзалардың жұмысын басқаратын орталықтарымен байланысты вестибулярлық аппараттың қызметіне әсер етуі мүмкін. Соның салдарынан қан тамырларының тонусы өзгеріп, жүрек соғысы жиілейді және ауырсынуға сезімталдық артады", – деді дәрігер Бауыржан Қасенов.

Айта кетейік, кейде ауа райы өзгерерден бірнеше сағат бұрын-ақ белгілер байқала бастайды. Әсіресе созылмалы аурулары, соның ішінде гипертониясы мен мигрені бар адамдар мұндай өзгерістерге ерекше сезімтал келеді.

Адамның метеосезімталдыққа бейім болатын нақты жасы жоқ. Ауа райына сезімталдық бала кезде де, жастық шақта да байқалуы мүмкін. Балаларда ол ұйқының бұзылуы, мазасыздық, жылауықтық және бас ауруы түрінде көрінеді. Алайда жас ұлғайған сайын мұндай реакциялар жиілей түседі.

"Әсіресе 50-60 жастан кейін бұл белгілер айқынырақ байқалуы мүмкін. Себебі жас ұлғайған сайын ағзаның сыртқы өзгерістерге бейімделуі қиындай түседі. Қан тамырларының серпімділігі төмендеп, жүйке жүйесінің жұмысы өзгереді, созылмалы аурулар көбейеді", – деп түсіндірді маман.

Кейбір бақылаулар бойынша, әйелдер метеосезімталдыққа жиі шағымданады. Бұл әсіресе гормондық өзгерістер кезеңінде және менопаузадан кейін байқалады. Жасөспірімдерде де гормондық өзгерістерге байланысты ауа райына сезімталдық күшеюі мүмкін.

Ауа райы өзгерген кезде жағдайды қалай жеңілдетуге болады?

Ауа райының өзгеруіне ағзаның реакциясын толығымен жою мүмкін емес. Дегенмен ағзаның мұндай өзгерістерге жеңіл бейімделуіне көмектесуге болады. Ол үшін бірнеше қарапайым ережені сақтау маңызды.

Ең алдымен, ұйқы режимін реттеу қажет. Ұйқының қанбауы ауырсынуға сезімталдықты арттырып, ашушаңдықты күшейтеді және жүйке жүйесінің қалыпты қалпына келуіне кедергі жасайды. Сондықтан күн сайын шамамен бір уақытта жатып, бір уақытта оянған жөн.

"Орташа деңгейдегі физикалық белсенділік те маңызды. Үнемі серуендеу, жүзу, жеңіл гимнастика және созылу жаттығулары қан айналымын жақсартып, жүйке жүйесінің жұмысын қолдауға көмектеседі. Сондай-ақ су ішу режимін сақтап, тамақты уақытылы ішу керек. Теңгерімді тамақтану ағзаның қалыпты жұмысын қамтамасыз етеді. Ас мәзіріне магний мен В тобының дәрумендеріне бай өнімдерді қосуға болады", – деп түсіндірді Бауыржан Қасенов.

Тағы бір маңызды мәселе – күйзелісті басқару. Эмоциялық ширығу жағымсыз белгілерді күшейтуі мүмкін. Сондықтан тыныш серуендеу, тыныс алу жаттығуларын жасау және толыққанды демалу пайдалы.

Егер синоптиктер температураның немесе атмосфералық қысымның күрт өзгеретінін болжаса, мұндай күндері өзіңізге шамадан тыс күш түсірмеген жөн. Сондай-ақ кофеин мен алкогольді шамадан тыс тұтынудан бас тартып, денсаулық жағдайына көбірек көңіл бөлген дұрыс.

Қандай жағдайда дәрігерге қаралу керек?

Денсаулықтың кез келген нашарлауын ауа райымен байланыстыра беруге болмайды. Әсіресе қан қысымының күрт өзгеруіне, қатты бас ауруына, бас айналуына және айқын әлсіздікке мұқият қарау қажет.

Егер белгілер алғаш рет пайда болса, күшейсе немесе күнделікті өмірге кедергі келтірсе, дәрігерге қаралу керек. Өйткені метеосезімталдыққа ұқсас белгілердің артында емдеуді қажет ететін басқа да аурулар болуы мүмкін.

"Гипертониясы және басқа да созылмалы аурулары бар адамдар тағайындалған емді жалғастырып, қан қысымын бақылауы маңызды. Ауырсынуды басатын, тыныштандыратын және басқа да дәрілердің мөлшерін өз бетінше арттыруға болмайды", – деп түсіндірді дәрігер.

Айта кетейік, метеосезімталдықтың болуы ағзада міндетті түрде күрделі мәселе бар дегенді білдірмейді. Алайда денсаулықтың үнемі нашарлауы – ауа райының жақсаруын күте бермей, оның нақты себебін анықтауға негіз.

Телеграм арнаға жазылыңыз
#денсаулық
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Алматының Нұркент шағынауданында аумағы 4 гектарға жуық жаңа қоғамдық кеңістік ашылды

Бүгін 15:37

Қазақстанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 58,5 трлн теңгені құрады

Бүгін 15:28

«Қайрат» Алматыда УЕФА Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді

Бүгін 14:11

Алматы әкімі жанындағы Жастар кеңесі жұмысын бастады

Бүгін 13:53

Алматыда ҮЕҰ-ды дамыту және қолдау мәселелері талқыланды

Бүгін 13:31
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);