Аумақта балалар ойын алаңдары, велосипед жолы, воркаут алаңы, серуен жолы мен тақырыптық ойын аймақтары жабдықталған, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматының Алатау ауданындағы Нұркент шағынауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында заманауи қоғамдық кеңістік құрылды. Мұнда белсенді демалысқа, отбасымен уақыт өткізуге және тынығуға арналған түрлі аймақтар қарастырылған.
Аумақта балалар ойын алаңдары, велосипед жолы, воркаут алаңы, серуен жолы мен тақырыптық ойын аймақтары жабдықталған.
Жаңа кеңістіктің ерекшелігі – өзіндік сәулеттік шешімдерінде. Атап айтқанда, тіректері домбыра пішінінде жасалған, ұлттық ою-өрнекпен безендіріліп, жарықтандырылған сәндік қалқа орнатылған.
Аумақты көгалдандыруға да ерекше көңіл бөлінген. Мұнда 2 300 түп бұта егілді. Ал кешкі уақытта сәндік жарықтандыру кеңістікке ерекше көрік береді.
Жаңа қоғамдық кеңістік Алатау ауданы тұрғындарының бас қосып, отбасымен демалып, қызығушылығына сай уақыт өткізуіне мүмкіндік беретін тағы бір тартымды орынға айналды.