Күн өткенде не істеу керек? Дәрігерлер кеңесі

  • 15:17, 12 тамыз 2025
Күн өткенде не істеу керек? Дәрігерлер кеңесі Жасанды интеллект

Алматыда биыл жаздың аптап ыстығы жұртты әжептәуір әбігерге салды. Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, маусым-шілдеде ыстыққа байланысты жедел жәрдем қызметіне 28 шақыру түскен. Бұл былтырмен дәл осы кезеңімен салыстырғанда 18 пайызға көп. Aqshamnews.kz тілшісі аптапта жағдайыңыз күрт нашарласа не істеу керегін дәрігерлерден сұрап білді.

Статистика не дейді?

2024 жылы екі айда 23 шақыру тіркелсе, оның ішінде 8-і бала болса, биыл бұл көрсеткіш 13 балаға дейін өскен. Ересектер арасында да өсім бар: былтыр 15 болса, биыл 16. Екі бала мен үш ересек науқас ауруханаға жатқызылған.

Неге бұл қауіпті?

Аптап ыстық – сау адам үшін де сынақ, ал артериялық гипертония немесе жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдар үшін өте қауіпті. Жоғары температура қан қысымын өзгертіп, тіпті кенетжүрек тоқтауына әкелуі мүмкін.

Жақындарыңыздың өмірін сақтайтын 7 қарапайым ереже:

  • Салқындықты сақтау
    Науқас кондиционері бар немесе жақсы желдетілетін бөлмеде болуға тиіс. Күннің ыстыққ кезде, 11:00–17:00 аралығында, далаға шықпауы керек. Терезелерді перде, жалюзи немесе жарықты шағылыстыратын экрандармен көлеңкелеңіз. Үйде микроклиматты сақтау үшін ылғалды тазалау және бөлмені желдету маңызды.

  • Ағзаны сумен қамтамасыз ету
    Науқасқа үнемі, тіпті шөлдемесе де, салқын су беріңіз. Газдалған, тәтті және алкогольді сусындардан бас тарту керек. Жүрек жеткіліксіздігі бар болса, дәрігер белгілеген сұйықтық мөлшерін қатаң қадағалаңыз.

  • Дәрі-дәрмектерді қадағалау
    Дәрілерді тек дәрігер тағайындаған мөлшерде қабылдау керек. Ыстықта қан қысымы төмендегендей көрінсе де, дозаны өз бетінше өзгертуге болмайды. Бас айналу, әлсіздік, ісіну немесе ентігу пайда болса, дереу дәрігерге хабарласыңыз немесе жедел жәрдем шақырыңыз.

  • Қан қысымын өлшеу
    Қысымды күніне кемінде екі рет (таңертең және кешке) немесе дәрігер ұсынған кесте бойынша өлшеңіз. Нәтижелерді жазып жүру өзгерістерді дер кезінде байқауға көмектеседі.

  • Дұрыс киім таңдау
    Ашық түсті, кең, табиғи матадан тігілген киім кигізіңіз. Далаға шыққанда міндетті түрде бас киім киген жөн.

  • Күн өткенде алғашқы көмек
    Зардап шеккен адамды көлеңкеге немесе салқын жерге апарыңыз, артық киімін шешіңіз, денесін дымқыл мата арқылы салқындатыңыз. Есін білсе, аздап су беріңіз. Егер жағдайы нашарласа, денесі құрысса немесе есінен танса, бірден 103 нөміріне қоңырау шалыңыз.

  • Артық физикалық күш түсірмеу
    Ыстықта физикалық белсенділікті барынша азайтып, әсіресе күндізгі уақытта тынығуға мүмкіндік беріңіз.

Ауруға шалдыққан адамға аптап несімен қауіпті?

"Ыстықта жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастарда термеорегуляция механизмі бұзылады, қанның қоюланып, тамыр соғысы жиілейді,  әсіресе гипотензив дәрілерді қабылдағанда артериялық қан қысымы төмендеуі мүмкін. Бұл жүрек пен тамырларға екі еселенген жүктеме түсіреді. Бұл кезеңде науқастардың жағдайын бақылау ерекше мұқият болуы керек", - дейді дәрігерлер.

Ыстықта асқынудың алдын алу - бұл тек медицина мамандарының емес, туыстарының да жауапкершілігі.

Күн өткен немесе ыстықтан зардап шеккен адамға алғашқы көмекті қалай көрсету керек? 

Тыныш әрі көлеңкелі жерге апару
Науқасты салқын, жақсы желдетілетін бөлмеге немесе көлеңкеге апарыңыз. Есін білсе, жартылай отырғызып немесе басы сәл көтеріңкі қалыпта жатқызыңыз. Егер есінен тансе немесе инсульт күдігі болса, орнынан қозғамаңыз. 

Артық киімнен шешу
Тар, жылы немесе қысып тұрған киімдерді шешіңіз, бас киімін де шешіңіз. Бөлмеге таза ауаның кіруін қамтамасыз етіңіз: терезені ашыңыз немесе желдеткіш қосыңыз.

Денені салқындату
Маңдайын, мойнын, кеудесін, қолтығын салқын, дымқыл шүберекпен сүртіңіз. Суық компресс немесе мұзды (матаға орап) ірі қан тамырлары өтетін жерлерге, қолтық астына, мойынға, шап тұсына қойыңыз.

Есін бақылау                                                                                                                  Есінде білсе, сөйлесіп, тынышталдырыңыз. Есінен танған жағдайда бүйіріне жатқызыңыз (тұрақты бүйірлік қалып), тынысын қадағалаңыз. Тыныс тоқтаса, егер істей алсаңыз, жүрек-өкпе реанимациясын бастаңыз.

Су беру
Науқас есін білсе, аз-аздан салқын су ішкізіңіз. Есінен танса немесе жүрегі айнып тұрса, су бермеңіз.

Қандай жағдайда жедел жәрдем шақыру қажет?

  • Есінен танса немесе денесі құрысса. Дене қызуы39–40 градустан асса. Қатты әлсіз болып, басы айналып, кеудеде ауырсынып, ентіксе.
  • Артериялық қысымы күрт төмендесе.
  • Дұрыс сөйлей немесе қозғала алмаса (инсульт белгісі болуы мүмкін).
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:00

17:54

17:42

17:41

17:25

17:02

16:50

16:26

16:13

15:40

15:17

15:14

14:56

14:39

14:27

14:05

13:28

13:20

13:14

12:45

12:24

12:10

12:08

11:59

11:56