Көз ілмейтін Алматы: түнде жүретін №3 автобустан фоторепортаж

  • 09:17, 05 ақпан 2026
Көз ілмейтін Алматы: түнде жүретін №3 автобустан фоторепортаж Нұрбол Жылыс

Түн ортасы. Қала баяулағанымен, Алматының кей көшелері осы уақытта қайта "оянады": әуежайға асыққандар, жұмыстан шыққандар, жатақханаға қайтқан студенттер… Ал солардың бәрін түнде таситын бір автобус бар. Бір қызығы, бұл қоғамдық көліктің жүретінін білмейтіндер де бар. Қай бағыт? Қай уақытта? Қалай мінесіз? Толығырақ Aqshamnews.kz-тің эксклюзив материалында.

Бұл сұрақ бізді де бейжай қалдырмады. Сондықтан түнгі автобусқа мініп, қаланы аралап қайттық. 

Сағат 23:00-де Алматы әуежайынан шыққан автобус Жароков көшесі мен Абай даңғылының қиылысына небәрі жарты сағатта жетті.

Дәл сол аялдамадан біз де міндік. Таңғаларлығы, түнгі уақытқа қарамастан, қоғамдық көлікте адам көп болды. Бірі жұмыстан қайтып келеді, бірі жолға қамданып отыр, енді бірі жатақханаға асығады.

"Жалғыз автобус болған соң тез келеді"

Түнгі 12 шамасында автобусқа Әли есімді тұрғын мінді. 

"Қалашық" деген аялдамадан түсемін. Жұмыстан үйге бара жатырмын. Түнгі автобусқа жиі мінемін, бағыты ыңғайлы, оның үстіне, бұл уақытта жүретін жалғыз автобус болған соң тез келеді", – дейді ол.

Әли секілді түнгі автобусты әдетке айналдырғандар аз емес. Садық есімді тұрғын да жұмыстан кейін үйіне көбіне автобуспен жететінін айтты. 

"Жұмыстан үйге бара жатырмын. Иә, бағыты ыңғайлы. Аялдама үйге жақын, тез жетемін", – дейді Садық.

Түнгі бағыттың "тіршілігі": жүргізуші не дейді?

№3 бағыттың жүргізушісі Әбілқайыр Алқабаев "Алматыэлектротранс" компаниясында еңбек етіп жүргеніне биыл 3 жыл болған. 

"Бір айда 15 күн жұмыс істеймін, яғни 2/2. Түнгі 23:00-ден таңғы 6:00-ге дейін істейміз. Түнгі қаланың қарқыны күндізгімен бірдей. Адам көп болмаса, аз емес", – дейді ол.

Жүргізушінің айтуынша, түнгі автобус Әуежайдан Тұңғыш Президент паркіне дейін қатынайды. Жолаушылар көбіне Әуежайдан, Сүйінбай, Назарбаев, Алтынсарин көшелері мен Әл-Фараби даңғылы бойынан мінеді.

"Кез келген аялдамадан адам мінеді. Көбіне жұмысшылар, одан бөлек студенттер де бар. Тіпті таңертең жұмысқа бара жатқан өзімнің ұжымдастарымды да діттеген жеріне апарамын", – дейді Әбілқайыр.

Түнгі ауысымның тағы бір ерекшелігі – айналым саны. Жүргізуші таңғы 6:50-ге дейін шамамен 3,5 айналым жасап үлгеретінін айтады. Бұл уақытта жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысы екі еселенеді, яғни егер 6 сағат істелсе, 12 сағаттық жұмысқа төленеді. 

Түнгі рейстің өз тәуекелі жетерлік. Әбілқайырдың сөзінше, кей кездері агрессия танытатын, ішімдік ішіп алған жолаушылар да кездеседі.

"Агрессия танытып, ішіп алып, көлікке мінетіндер де бар. Бірақ біз ешкімді қумаймыз, ешкімді күштеп шығаруға болмайды", – дейді жүргізуші.

Жүргізушінің бұл сөзін Марат есімді тұрғын растады. 

"Қазір әуежайға бара жатырмын. Онда барып жылынамын. Жақында әйелім қайтыс болды. Жағдайым ауырлап, баспанамнан айырылып қалдым. Барар жерім, басар тауым жоқ. Сондықтан әзірге осылай күн көріп жүрмін. Жүргізушінің түсінігі, адамгершілігі мол. Автобустың іші жылы", - деді ол. 

Жүргізуші түнде өзгеге аса байқалмайтын "кедергі" туралы сөз қозғады. Ол – аялдама маңына қойылған көліктер. Түнде көлік аз болғанымен, кей жүргізушілер түнгі автобустың жүретінін ескере бермейді. Әбілқайыр Алқабаев тұрғындарға үндеу жасады. 

"Көбі түнде автобус жүретінін білмейтін сияқты, көлікті аялдамаға қойып қояды. Әсіресе, такси жүргізушілері, көлікті мүмкін болса 10-15 метр алшақ қойсаңыздар, – дейді ол.

Түнгі қалада жылдамдық өзгеше сезіледі: жол ашық, аялдама сирек, тежеліс кенет болуы мүмкін. Сондықтан жүргізуші жолаушыларға қарапайым, бірақ маңызды кеңес береді:

"Мінгеннен кейін телефонды қалтаға салып, ешқайда сүйенбей, тұтқаларды ұстап тұрса деймін. Кейде жедел тоқтап қалған сәтте ештеңе ұстап тұрмаған адамдар құлап, сосын ренжіп жатады", - дейді ол.

Әбілқайыр Алқабаев жол ақысын төлемейтін "қояндар" туралы ды пікір айтты.

"Төлемейтіндер де бар, әрине. Қазақ "үш нәрсенің ақысын жеме" дейді ғой - ішкен-жегеннің, істеген жұмыстың және жолдың ақысы".

Түнде жұмыс істеу, оның үстіне көлік жүргізу, әрине, оңай емес. Бұған күш пен жігер керек. Жүргізуші күн сайын ұйқымен арпалысып, жолдың жауапкершілігін арқалап, түнгі Алматының тынысын күзетіп жүреді. Қатты шаршаған сәтте не істейді? Бұл сұраққа кейіпкер жауап берді. 

"Қызығы, күндіз жұмыс істегенде 5–6 сағат ұйықтап, таңертең жұмысқа барсаң, ағза аса қиналмайды екен. Ал түнгі режимде қанша ұйықтасаң да, таңға жақын - шамамен 3–4-терде ұйқы "қысады". Осындайда соңғы аялдамаға ертерек келіп, 5 минуттай сыртқа шығып, сергіп алуға тырысады"

Ол жұмыс біткен соң үйіне таңғы алты-жетілерде жетіп, түске дейін, әрі кетсе сағат 14:00-ге дейін ұйықтайтынын айтты. 

Әбілқайыр Алқабаев отбасы туралы айтты. Оның отбасы Шымкентте болғандықтан, қатынап жұмыс істейді. Сондықтан жақындарына көңіл бөлу кейде қиынға соғатынын да жасырмайды. Бірақ "жолдағы жауапкершілік" пен "үйдің қамы" қатар жүрген тірліктің салмағы осындай екенін аңғартады.

Осылайша, біз №3 автобустағы “түнгі серуенімізді” аяқтадық. 60 аялдама, екі қайтара айналым жасап, бір нәрсені анық түсіндік: Алматы түнде баяулағанымен, мүлде ұйықтамайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыны “көз ілмейтін қалаға” айналдыруды тапсырғаны бекер емес. Дәл мұндай түнгі қоғамдық көліктер - қала тіршілігінің айқын дәлелі. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

10:51

10:36

10:20

10:02

09:41

09:17

09:02

08:46

08:33

18:52

18:13

17:58

17:36

17:11

17:03

16:51

16:42

16:20

16:08

15:47

15:36

15:24

15:15

14:55

14:50